Бұл туралы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен OpenAI компаниясының бірлескен жобасының нәтижелерін таныстыру кезінде «Қазақтелеком» компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Мусин айтты.
Спикердің сөзінше, қазақ тіліндегі жасанды интеллектінің тиімділігін арттыру қазір шешуді қажет ететін маңызды мәселелердің бірі.
— Қазір қазақ тілінде жасанды интеллектіні пайдалану тиімділігі жағынан мәселе бар. Мәселен, қазақ тілінде қойылған сұраққа жауап алу ағылшын тілімен салыстырғанда үш есе, орыс тілімен салыстырғанда екі есе қымбатқа түседі. Сондықтан қазір осы айырмашылықты азайтып, қазақ тіліндегі ЖИ тиімділігін арттыру бағытында бір топ азамат жұмыс істеп жатыр, — деді Бағдат Мусин.
Компания басшысының айтуынша, қазақ тіліндегі жасанды интеллектінің тиімділігін арттыру — инфрақұрылым тұрғысынан шешуді қажет ететін мәселе.
— Біздің компания ЖИ-дегі қазақ тілінің сапасын жақсартуға өз үлесін қосуға дайын. Осы ретте Екібастұзда салынып жатқан үлкен деректер орталығының мүмкіндіктерін қазақ тілін дамыту үшін пайдалануға әзірміз, — деді ол.
Бағдат Мусин қазақ тіліндегі жасанды интеллект құралдарының сапасына да тоқталды. Оның айтуынша, қазақстандықтар жаңа технологияларды тез игеріп, күнделікті өмірде белсенді пайдаланады. Бұл қазақ тіліндегі ЖИ құралдарының сапасына да оң әсер етіп отыр.
— Қазақ халқының бір жақсы жері — біз технологияны игеру жағынан өте икемдіміз. Кез келген технологияны тез пайдаланып кетеміз. WhatsApp, Telegram, қазір міне ChatGPT келіп жатыр. Оны құрал ретінде көп қолданғандықтан, сапасы да жақсара түседі, — деді ол.
Оның сөзінше, жасанды интеллект модельдерінің жетілдірілуі де қазақ тілінің бұл технологияға бейімделуіне ықпал етіп жатыр. Қазір ChatGPT-ден бөлек Qwen, Google Gemini секілді басқа да модельдер бар.
— Күнделікті пайдалануға ChatGPT мүмкіндігі жеткілікті. Алайда технологиялық тақырыптарды, қазақ мәдениетіне қатысты мазмұнды немесе Абайдың қара сөздерін талдау кезінде мағына басқа жаққа ауытқып кетуі мүмкін. Сондықтан ол қазақ тілін терең меңгерген мамандар мен технология саласы өкілдерінің бірлесіп жұмыс істеуі маңызды, — деді компания басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін қазақ тіліндегі аудионы мәтінге айналдыру дәлдігі 98%-ға жеткені хабарланды.