Қазақ төбеті Қытайда жергілікті ит тұқымы ретінде танылды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚХР Шыңжаң Өндіріс-құрылыс корпусы (ШӨҚК) Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының баспасөз қызметінен белгілі болғандай, миллиондаған мутация нүктесін қамтитын геномдық картаға жүргізілген ауқымды зерттеу нәтижесінде Шыңжаң овчаркасы Солтүстік Қытай өңірінде қалыптасқан байырғы және дербес жергілікті тұқым ретінде танылды.

Фото: ҚХР Шыңжаң Өндіріс-құрылыс корпусы (ШӨҚК) Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы

Шыңжаң овчаркасының шығу тегін ғылыми тұрғыдан нақтылау мақсатында 2025 жылғы тамызда Шыңжаң саяси-құқық институтының бас болуымен Қытай Ғылым академиясының Куньмин зоология институты және ШӨҚК қызметтік иттер орталығы бірлесіп, «Шыңжаң овчаркасының тұқымдық тазалығын сақтау және оларды қызметтік ит ретінде іріктеудің негізгі технологияларын әзірлеу мен қолдану» жобасын іске қосқан болатын.

Жуырда аталған жоба аясында жүргізілген негізгі геномдық зерттеудің нәтижелері жарияланды. Миллиондаған мутация нүктесіне жүргізілген талдаулар негізінде ғалымдар Шыңжаң овчаркасының Қытайдың солтүстік аймағында қалыптасқан байырғы жергілікті ит тұқымы екенін растады. ШӨҚК Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының мәліметінше, зерттеу Шыңжаң овчаркасының «сырттан әкелінген тұқымды жетілдіру нәтижесінде пайда болғаны» туралы ұзаққа созылған пікірталасқа нүкте қойылды.

Белгілі болғандай, Зерттеу тобы бірнеше ай бойы Шыңжаң овчаркасының бүкіл өлкедегі негізгі таралу аймақтарын аралап, 109 дарабасқа жоғары сапалы толық геномдық секвенирлеу жүргізді. Нәтижесінде 25 миллионнан астам генетикалық мутация нүктесі анықталды. Ғалымдар алынған ауқымды деректерді жер бетіндегі 260 ит тұқымын қамтитын ірі дерекқормен салыстырып, Шыңжаң овчаркасының жоғары дәлдіктегі «геномдық сәйкестендіру картасын» жасады.

Дереккөздің жазуынша, бұл «генетикалық төлқұжат» ғылыми қорытынды ғана емес, сонымен қатар практикалық қолдануға арналған «бағдар» қызметін атқарады. Бұған дейін жүргізілген функционалдық гендерді зерттеу нәтижелерімен ұштастыра отырып, ғылыми топ Шыңжаң овчаркасына тән гипоксияға төзімділік және қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына бейімделу гендерін анықтады. Осылайша мыңдаған жылдарға жалғасқан табиғи сұрыпталудың нәтижесінде олардың суық әрі биік таулы өңірлерге, сондай-ақ Гоби шөлі мен шөлейтті аймақтарға әбден бейімделгені белгілі болды. 

Қазіргі уақытта Шыңжаң овчаркалары ШӨҚК-ның барлық бөлімдері мен қалаларында штаттық қызметтік ит ретінде қолданылады. Олар шекаралық бақылау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету қызметінде жоғары аймақтық бейімділігін көрсетіп келеді.
Қытай жұмысшы иттерді басқару қауымдастығы дерегінше, Шыңжаң овчаркасы – Алтай мен Тянь-Шань тауларының аралығындағы байтақ далада қалыптасқан байырғы тұқым, төбет, қазақ төбеті, Тянь-Шань мастифі деп те аталады. Олар ежелден бері көшпенді халықтардың сенімді серігі болған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қытай елге кіру және шығу тәртібіне жаңа ережелер енгізеді.