Қазақ-түрік әуе компаниялары билет құнын арзандататын болады

None
ЫСТАМБҰЛ. 12 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ-түрік әуе компаниялары билет құнын арзандататын болады. Бұл жайында бүгін Ыстамбұлда өткен Түркия-Қазақстан іскерлік және инвестиция форумында Түркия Республикасының Премьер-Министрі Реджеп Ердоған мәлім етті.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен екі ел арасындағы туризмді дамыту мәселесі жайында кеңінен әңгімелескендігін атап өткен ол: «Түркиядан Қазақстанға және керісінше жүріп-тұру үшін әуе қатынастары құнын арзандату жайында Президент мырзаға ұсынысымызды жеткіздік. Осылайша түрік әуе жолдары мен қазақ әуе жолдары бағытындағы билет құны төмендемек. Құдай қаласа, екі елдің министрлері осы бағыттағы жұмыстарды ретке келтіреді», деді.

Сонымен қатар түрік Үкімет басшысы бұл атқарылар шаралар екі арадағы туыстықты, мәдени және адами қатынастарды жақындата түсуге жол ашады деп үміттенетіндігін баса айтты.

«Біздің еліміздің әр аймағында жер бөлу және салық жеңілдіктері қарастырылып, басқа да қолдаулар жасалады. Біздер бауырластық және достық негізде қазақ қардаштарымызбен серіктес болып, бірге қадамдар жасауға тиіспіз», деді Р.Ердоған түрік бизнесмендеріне қарата.