ҚР БҒМ-ның баспасөз қызметінен хабарланғандай, министр сапар барысында оқу кабинеттерінің жабдықталуымен, мұғалімдердің кадрлық әлеуетімен, лицейдің оқу бағдарламаларымен және оқулықтармен танысты. Одан кейін министр Астана қаласындағы қазақ-түрік лицейлерінің басшыларымен кездесу өткізді.
Кездесуге«KATEV» халықаралық қоғамдық қорының президенті Месут Ата арнайы шақырылды. Әңгіме барысында Б.Жұмағұлов, өзекті мәселелерге назар аудартты. Мәселен, қазақ-түрік лицейлерінің оқу жоспарлары мен бағдарламаларының қазақстандық мемлекеттік білім беру стандарттарының (ҚМБС) мазмұнына сәйкестігі айтылды. ҚР БҒМ олардың мазмұны мен құрылымына талдау жүргізіп отыратындығы атап өтілді.
Сондай-ақ ведомство басшысы, қазақ-түрік лицейлері педагогтарының біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру қажеттігін тілге тиек етіп, олардың арасында «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде тәжірибе жинақтау мәселесін атап өтті. Бүгінде қазақ-түрік лицейлері ұстаздарының 90 пайызы - Қазақстанның, 10 пайызы - Түркия азаматтары.
Елдің бас ұстазы қазақ-түрік лицейлері оқушыларының тәрбие мәселесі, соның ішінде оларды дәстүрлі емес және экстремистік діни ағымдардың кері ықпалынан алшақтау, дүниетанымдарын Қазақстанның патриоты негізінде қалыптастыру - аса маңызды екендігін қадап айтты.
Соңында Б.Жұмағұлов, қазақ-түрік лицейлерінің қызметі ҚР БҒМ-ның ұдайы бақылауында болатынын және оларға қажетті көмектер көрсетіліп тұратынын жеткізді.