Оны университет ректоры Тілектес Есболов бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековпен болған кездесуде айтты.
«Әлемдік тәжірибеге қарасақ, ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын оқу орындарының атауы әртүрлі. Олардың ауыл шаруашылығы институты не университеті деп аталуы міндетті емес. Ұлттық оқу орындары ғылыми орталыққа айналғаннан кейін біз де енді құзырлы органдарға өз атауымызды Қазақ ұлттық биоресурстар және табиғатты пайдалану университеті деп өзгерту жөнінде ұсыныс жасап отырмыз», - дейді Тілектес Есболов. Бұл бастамаға ауыл шаруашылығы министрлігінің де қолдау білдіруін сұраған оқу орнының басшысы университетті ғылыми орталыққа айналдырудың кешенді бағдарламасы жасалғанын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 30-дан астам университетте ауыл шаруашылығы мамндары дайындалады. Қазақ ұлттық аграрлық университеті олардың әдістемелік орталығы болып отыр. Аталмыш оқу орны қазір мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасындағы 95 жобаға қатысуда.