Бұл туралы бүгін аталған оқу ордасының ректоры Айман Мұсақожаева журналистерге берген сұхбатында мәлім етті.
"Қазақ ұлттық музыка академиясы өнердің барлық жанры мен бағыттарын қамтитын университетке айналады. Онда музыкамен қатар хореография, өнертану, бейнелеу өнерінің түрлері, мүсін, дизайн, кино, телевидение бойынша мамандықтар ашылатын болады", деді ол.
Білім ошағының перспективалары туралы баяндай келе ол ағымдағы жылы университет Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайларымен іргелес орналасқан "Шабыт" ғимаратына қоныс аударатындығын атап өтті. Сонымен қатар оның айтуынша, ағымдағы жылы студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамға білім ошағы жеткен жетістіктерді ұстап тұрумен қатар оны одан әрі жоғарылату міндеті қойылып отыр.
"Бүгінгі таңда өнер бойынша біздің оқытатын пәндеріміз халықаралық ауқымда бәсекеге түсе алады. Сондай-ақ осы мамандықтарда өте жоғары нәтижелер көрсетудеміз. Біздің студенттеріміз бен оқушыларымыз үнемі халықаралық фестивальдарда, байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленеді", деп атап өтті университет басшысы.
Оның айтуынша, университеттің Еуразия симфониялық оркестрі Рим, Вена, Париж және Мәскеу қалаларына есептік концертпен сапарламақ. Онда олар Римдегі Санта Чечилия, Париждегі Гаво сынды танымал концерт залдарында өнер көрсетеді. "Осындай әлемдік деңгейдегі залдарда өз шеберлігін көрсету және Қазақстан студентіміз деп мақтану да мәртебе", деді А.Мұсақожаева.
Айта кетейік, Қазақ ұлттық музыка академиясы 1998 жылы наурыздың 31-інде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен және бастамасымен құрылған болатын.