«Қазақ вальсінің королі» туралы 12 кітап шығарылғалы жатыр - Қалдыбек Құрманәлі

АЛМАТЫ. Тамыздың 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясы сазгердің 80 жылдық мерейтойы кезінде Шәмші мұрасы туралы 12 кітап шығармақ,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазақ вальсінің королі" атанған әйгілі сазгер 1930 жылы тамыздың 15-і күні  қазіргі Оңтүстік Қазақстан  облысының Отырар ауданындағы Қарақоңыр ауылында дүниеге келген болатын. 1992 жылы ақпаның 29-ы күні 62 жасында  Алматыда көз жұмған Ш.Қалдаяқовтың туғанына келесі жылы 80 жыл толмақ. Осыған орай  Шәмші Қалдаяқов  атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясы мерейтойды кең көлемде атап өту үшін бірқатар іс-шараларды жоспарлап отыр.

«Оны жылдың бас кезінде  өтетін Шәмші мұрасы туралы ғылыми конфенциядан бастамақпыз. Одан кейін республикалық жыр мүшәйрасын,  ақындар айтысын және қазақша күрестен жарыс өткіземіз. Дәстүрлі Шәмші фестивалі мен  Шәмші әндерінің кеші де өз жалғасын табады.  Сондай-ақ «Шәмші ғұмыр» баспасынан 12 кітап шығармақпыз», дейді  Шәмші Қалдаяқов  атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясының директоры Қалдыбек Құрманәлі. Оның айтуынша, бірінші кітапқа ғылыми конференция материалдары, екінші кітапқа Шәмшінің ең танымал 50 әні, үшінші кітапқа  аз айтылған 50 әні топтастырылады.  «Аманат» деп аталатын төртінші кітап сазгердің көзі тірісінде тұтынған  бұйымдары туралы болса, бесіншісі - «Сарғайған суреттер сыры» деп аталмақ. Сондай-ақ,  Шәмші әндерін орындаған әншілер, Шәмшіге арналған әндер,  Шәмшіге арналған өлеңдер мен  Шәмшіге арналған ақындар айтысының мәтіні де жеке  кітаптар  боп басылғалы отыр.  Бұдан бөлек - Шәмшінің бір әнінің және  қалған өзге әндерінің тарихтары мен Шәмші туралы естеліктер жинағы да бір-бір кітапқа жүк болады деп жоспарлануда.