Қазақ википедиясының жетістігі - Казнет дамуындағы үлкен жетістік - Алматыдағы баспасөз мәслихаты

МАТЫ. 2 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -«Қазақша википедия» жобасы - мемлекеттік тілдің қолдану аясын ұлғайту мен дамытуға ықпал еткен өте жетістікті жоба. Қазақша википедияға 100 000 мақала салыну, қысқа мерзім ішінде қазақ тілі википедияда жетілген 40 тілдің қатарына енуі - ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына жасалған керемет сыйлық болды. Бұл туралы бүгін Алматыда «Қазақша википедия» жобасына арналған арнайы баспасөз мәслихатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов айтты.

"Бұл жоба қоғам үшін, мемлекеттің қаражатынсыз жасалып жатқандығын атап өткім келеді. Пайда ойламай, керісінше қоғам үшін жасап жатқан игілі істеріне ризашылығымды білдіремін. Бұл үлкен нәтижелі жетістік - қоғамдық ұйымдардың, ел азаматтарының, студенттердің, еріктілердің біріккен күшінің қайырымды ісі және сол іспен патриоттығымызды дәлелдейтін жарқын мысал болып табылады",-деп атап өтті Мұрат Әбенов.

«Қазконтент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Владимир Тутыкиннің айтуынша, жобаның жетістікпен іске асуы - ол казнетті дамыту қажет екендігінің мысалы болып табылады. "Бүгінде бұл салада айтарлықтай үлкен жетістіктер болуда. Қазіргі таңда елімізде 6-7 миллионнан аса ғаламторды қолданушылар бар және қазақ тіліндегі контент жылдан жылға өсіп келеді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Жобаға келетін болсақ, бізді бұл жобаның білім беретін және патриоттық айшығы болуы қуантады",-деді ол.