***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Бюджет көрсеткіштері нақтыланды» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Мақалаға Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көтерілген мәселелер арқау болған. Басылымның жазуынша, үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айларындағы әлемдік рыноктағы мұнайдың орташа бағасы 1 барреліне 111,78 АҚШ долларын құрады. Мұның өзі біздегі мұнай бағасының болжамды 1 баррелі 65 доллардан болады деген көрсеткішті 90 долларға дейін көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Міне, осындай себептерге байланысты жыл ішіндегі отандық экономиканың өсімі бұрынғы болжамды көрсеткішке (5 пайыз) қарағанда, одан да көтеріліп (2 пайызға), 7 пайыз болады деп бұрынғы болжамды нақтыландыра түсуге себепші болды.
Сондай-ақ аталмыш басылым бетінде «Толысу мен кемелдену кезеңі» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның хабарлауынша, Мемлекет басшысының атына Оңтүстік Қазақстан облысының зиялы қауым өкілдері атынан хат келген. Хат иелері еліміздің экономикасының өсіп-өркендеп келе жатқанын атап өтіп, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысының дамуына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқанына зор ризашылық сезімдерін білдірген. Одан әрі оңтүстіктік зиялы қауым өкілдері: «Оңтүстік өңірінде тұрғындардың әл-ауқатының артуына мемлекет барлық жағдай жасап келеді. Соның бір ғана айғағы - өткен жылы 75 денсаулық сақтау мекемесі, 60 білім беру нысаны ел игілігіне берілді», - деген.
***
«Бүгін Қазақстан ханымының есімі аталады». «Айқын» газетінде осындай тақырыппен мақала басылды. Басылымның жазуынша, Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Қазақстанның ханымы - 2011» байқауының жеңімпазы анықталады. Отбасы мен жұмысын қатар алып жүрген келіншектерді ынталандыруды көздеген байқау осымен үшінші жыл өтіп отыр. Биылғы байқау ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналады. Байқау қайырымдылық мақсатты да көздейді. Сатылған билеттерден түскен қаражат жылдағы дәстүрге сай еліміздегі балалар үйінің біріне табыс етіледі.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, соңғы 3-4 айдың аралығында Қытайдың Үрімші қаласындағы төлқұжаттық-визалық қызмет ғимараты алдындағы кезек бірнеше есеге қысқарған. Егер мамыр айында ғана қазақстандық қызметкерлер күніне 40-50 құжат қабылдаса, қазір күніне 180-200 құжат қарайды. Алайда бір жарым миллионнан астам қазақ тұратын Шыңжаң-Ұйғыр өлкесінде қазақ визасына деген сұраныс арта түсуде. Мақала «Қазақ визасын алудың машақаты азайды ма?» деген тақырыппен беріліп отыр.
***
«Бүгінгі ұрпақ -болашақтың иесі». «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында осындай тақырыппен жарияланған мақалада: «Қандай да елдің ертеңін білгің келсе, оның жастарына қара» деген ұлағатты сөз бар. Әр заман өз ерекшеліктерімен, дарынды өрендерімен, өрелі істерімен тарихта таңба қалдырады десек, бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі бойкүйездік кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Ұрпақ тәрбиесі ұлттылықтың ажырамас бөлігі. Уақыт сөресінен ешқашан түсірмеуге тиіс осынау адамдық міндетімізге болашақтың талабымен қарағанымыз абзал». - делінген.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, қазақта Абайдай тұлғаны танымайтын адам кемде-кем. «Ал Абайдың ақындық мектебінің тәрбиесін көрген шәкірттерін танитындар некен-саяқ. Алайда ұлы ақынның айналасы ізін қуған шәкірттерімен шектеліп қалмаған. Абайдың өнер мектебінің шәкірттерін атасақ, ақындық тәлімін көргендерді ақындық мектебінің шәкірттері десек дұрыс болатын секілді», делінген мақалада осы мәселеге қатысты түрлі сала мамандарының пікірлерін берген.
***
«Казахстанская правда» газеті бүгін «Надежды хлеборобов оправдываются» атты мақала басты. Басылымның хабарлауынша, осыншама мол көлемдегі астықты диқандар көптен бер күтіп жүр. Бұған дейін құрғақшылық диқандардың үміттерін еш етіп жүрген болатын. Ал биыл міне, мол көлемде астық жинаудың сәті түсті. Шын мәнінде биылғы еңбектің жемісті болуына тек ауа райы ғана емес, ылғал сақтайтын ресурстардың қолданысқа кеңінен енгізілуі де себеп болып отыр.