23 мемлекеттің алпыстан астам мергендері бақ сынаған осы Әлем чемпионатында қазақстандық қос сұрмерген Елдос Бадашев пен Абзал Тулыбеков командалық бәсекеде бас жүлдені иеленіп, Әлем чемпиондары атанды.
Бәсеке басталардан бірер күн бұрын өткен семинарда біздің мергендер Әлем чемпионатына жиналған спортшылар мен көрермендерге «Қазақ стилі» бойынша жамбы атудың әдіс-тәсілдерін түсіндіріп, арнайы алаңда ат үстінен атып та көрсеткен. Сөйтіп, «Қазақ стилі» бойынша бірнеше мемлекет мергендері қатысқан жарыс ұйымдастырылған. Жамбы атудың бәсекесіне қатты қызыққан Оңтүстік Корея Республикасындағы Дүниежүзілік ат үстінен садақ ату федерациясының президенті Ким Юнг Суп мырза семинар үстінде «Қазақ стилін» келесі жылғы Әлем чемпионатына қосуға уәде беріп, ҚР Ұлттық ат спорты қауымдастығына арнайы сертификат жолдаған.
Әлем чемпионатында біздің мергендер жартылай финалда моңғолиялықтардан, ақтық бәсекеде оңтүстік кореялықтардан басым түсіп, Әлем чемпионатының алтын медалін олжалады. Осы жарыс үстінде Абзал Тулыбеков ең кішкентай нысана атудан (15х15 см) рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Бұған дейін мұндай ұсақ нысанаға Абзал сияқты қатарынан төрт жебесін қатарынан қадаған мерген болмапты.
Еске салып өтсек, Елдос Бадашев пен Абзал Тулыбеков бұған дейін ат үстінен садақ атудан Түркия, Венгрия, Иорданияда өткен дүниежүзілік жарыстарға қатысқан тәжірибелі спортшылар. ҚР чемпионатының жеңімпазы, Астанада екі жыл қатарынан ұйымдастырылған «Алтын жебе» халықаралық турнирінің жүлдегерлері.
Әлем чемпионы атанған мергендерді салтанатты қарсы алу рәсімі Алматы әуежайында өтеді. Жеңімпаз мергендер Елдос Бадашев пен Абзал Тулыбеков 9 қазан күні сағат 22-де Алматы әуежайына ұшып келеді.