Қазақстандық автордың кітаптары бүгінде мұхиттың арғы бетіндегі зерттеушілер мен оқырмандардың игілігіне айналып отыр.
Ешқандай демеушісіз бағындырылған Америка нарығы Сүндет Сейітовтің мәлімдеуінше, бұл жетістікке жету үшін ол бірнеше жыл бойы халықаралық баспа ісі мен кітап тарату платформаларын өз бетінше зерттеген. Ол ешқандай мемлекеттік немесе жеке бағдарламалардың қаржылық қолдауына сүйенбей, жүздеген хат жазып, көптеген бас тартуды бастан өткерген.
Нәтижесінде, автордың ағылшын тіліне аударылған «Unforgotten» («Ұмытпас») өлеңдер жинағы, «Drone Show» («Дрон шоу») романы және басқа да еңбектері (жалпы саны 3 кітап): АҚШ-тың 31 штатындағы және Вашингтон (Washington, D.C.) федералдық округіндегі 198 ірі кітапхана жүйесінің каталогына енді. Бұл желілер жалпы есеппен алғанда Америка бойынша, 2 мыңнан астам кітапхана филиалын қамтиды.
Әлемдік деңгейдегі қос алып
Калифорния және Аустралия ұлттық университеттері Жазушы шығармашылығындағы ең маңызды белестердің бірі — оның «Unforgotten» («Ұмытпас») атты өлеңдер жинағының әлемдегі ең беделді екі бірдей жоғары оқу орнының ресми кітапхана қорына қабылдануы болды.
Олар: University of California (Калифорния университеті, АҚШ) — 40 миллиондық кітап қоры бар Американың ең бай әрі көне академиялық кітапханаларының бірі. The Australian National University (Аустралия ұлттық университеті, ANU) — Әлемдік QS рейтингінде үздік 30 университеттің қатарына кіретін жаһандық ғылым ордасы.
Жинаққа автордың естелік, Отан, махаббат, сенім және қиындықтарға қарсы тұру (аман қалу) тақырыптарын арқау еткен философиялық жырлары енген.
Кітаптар Аустралия континентіне де жетті
Академиялық ортадан бөлек, Сүндет Сейітовтің шығармасы Аустралиядағы City of Belmont — Ruth Faulkner Public Library қоғамдық кітапханасының қорына ресми түрде қабылданды.
Кітапхана жүйесінде автор есімі Seitov, Sundet деп тіркеліп, жергілікті оқырмандарға «Borrow» (кітапханадан үйге алып оқу) жүйесі арқылы толықтай қолжетімді етілді.
— Қазақстанда жазылған романның мұндай деңгейдегі каталогтарда ресми бекітілуі — бұл жеке менің ғана емес, заманауи қазақ әдебиетінің де әлемдік кеңістіктегі кішкентай бір жеңісі деп білемін. Алда әлі бес континент бар, таяуда Еуропаға да жетеміз, — дейді автор.
Айта кетейік, Сүндет Сейітов — 1998 жылы туған қазақстандық ақын, жазушы, аудармашы. Қазақстан Жазушылар одағының және АҚШ-тың беделді АҚШ Авторлар гильдиясының «The Authors Guild» мүшесі. Сонымен қатар, ол Қазақстан және Орталық Азия елдерінен АҚШ Авторлар гильдиясына мүше болған жалғыз қазақстандық қаламгер. Түрлі республикалық және халықаралық әдеби байқаулардың лауреаты. Сондай-ақ, ол орта ғасырлық шағатай тіліндегі мұраларды қазақ тіліне аударумен де айналысады. Қазіргі таңда отбасымен Шымкент қаласында тұрады.
Ал, Авторлар гильдиясы — 1912 жылы құрылған. Штаб-пәтері Нью-Йорк қаласында орналасқан. Гильдияға әлемге әйгілі Нобель, Букер, Пулицер сыйлығының лауреаттары мүше. Атап айтсақ, Нобель сыйлығының лауреаты Тони Моррисон, Эрнест Хэмингуэй, Перл Бак, Сол Беллоу, Стивен Кинг және танымал қаламгерлер осы ұйымның қатарында.
Бұған дейін күн сайын 2 мыңнан аса адам елорда кітапханаларына баратынын жазғанбыз.