***
2016 жылдың ақпан айында «Қазақстан» ұлттық телеарнасында төрт сериялы «Жамбыл» тарихи драмасы көрсетіледі. Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, актер, әнші, композитор, драматург Байғали Есенәлиевпен сұхбат өткізе отырып, «Айқын» газеті хабарлайды. «Ұлы тұлғаның бейнесін барынша ұқсатып сомдау кім-кімге де оңай емес. Сондықтан шығар, актер таңдау ұзаққа созылған көрінеді. Түсірілім кезінде салмақ өзіне түсетін болғандықтан, режиссерлер тобы бір шешімге келе алмай біраз толқыған сыңайлы. Біреудің түрі келсе ішкі әлемі келмейді, жан дүниесі келсе, түр-түсі келмейді деген сияқты. Қысқасы, соңына қарай мені шақырып, ұсыныс жасады. Жамбыл рөлі деген соң жан қала ма? Оның үстіне өнерден, әсіресе, театр мен кинодан біраздан бері қол үзіңкіреп кеткем. Барсам ығайлар мен сығайлардың суретін қаптатып іліп қойыпты. Бәрі - Жамбыл. Олардан озып жүлде алу қайда!? Десе де барған соң бағымды сынап көруге бел байладым. Режиссер Әнуар Райбаев сыртқы ұсқыныма қарап, біраз салмақ тастау керектігін ескертті. Сыртқа шықсам Данияр Өтебаев құлағыма сыбырлап «Бәке, керемет ойнадыңыз. Мен білсем, сіз өтесіз» дейді. Періштелер «Әумин» дей қойды ма қайдам, ойласа келе мені таңдап алыпты. Суреті ілулі тұрған дөкейдің бірі Нұржұман Ықтымбаев еді. Салып-ұрып барып, ақ батасын алдым. Менің өткеніме балаша қуанып қалды», - дейді актер кастинг қалай өткенін әңгімелей келе. Байғали Есенәлиев ұлы Жамбылдың алпыстан асқан кезінен бастап өмірден озғанға дейінгі өмірін сомайды екен. Жаңа тарихи теледрама туралы толығырақ «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Жамбылдың бейнесін сомдау оңай емес» тақырыбындағы сұхбаттан оқи аласыздар.
Әлем мойындаған жазушылардың әдетте маңдайына жазылған тағдырлары өте ауыр болады. Расымен, «неге?» деген сұрақ санаға сап ете қалады. «Айқын» газеті де бүгін осы сұрақтың жауабын іздеп, қазақ жазушыларының қасіреті туралы жазған екен. «Қадыр Мырза Әлі өзінің «Жазмышында» орыс және шетел жазушылары өлімінің құпияларын егжей-тегжейлі жазып кетті.Одан кейінгі «Иірімінде» ішінара қазақ қаламгерлерінің ауыр тағдырын арқау еткенмен, толығымен тоқталмады. Мүмкін, болашақта жазу ойында болған да шығар. Ал жалпы біз қазақ жазушыларының қасіретін қаншалықты білеміз?», - деп жазған басылым Абайдан бастап, Шәкерім, Сұлтанмахмұт, Баймағамбет ақын, Бернияз Күлеев, Ғалым Ахмедов, Ахмет, Міржақып, Баубек Бұлқышев, Ілияс Есенберлин, Хамза Есенжанов, академик Қажым Жұмалиев, әдебиетші Қайым Мұхамедханов, Жайық Бектұров, Әуелбек Қоңыратбаев, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаевтарды тізе жазады. Бұл тізімнің соңы қайда дерсіз..Тағдыры ауыр ақындардың қатарында Тоқаш Бердияров, Свет Оразаев, кейінгі буын Табылды Досымов пен Әмірхан Балқыбек те бар. Қайғылы жылдар мен қасіретті тағдырлар туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Қазақ жазушыларының қасіреті» деген мақаладан оқи аласыздар.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, Мұстафа Шоқай туралы зерттеу түрік тілінде жарық көрді. 2014 жылы Алматы қаласындағы «Дайк-Пресс» баспасы бүкіл түркі дүниесінің перзенті Мұстафа Шоқайдың он екі томдық шығармаларының толық жинағын шығарды. Оның әр томын тиісті алғысөз, қосымша, түсініктемелермен дайындаған Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері, Қазақстан тарихы шетелдік тарихнамасын зерттеудің негізін салушы, белгілі мұстафатанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім Есмағамбетов болатын. Осы басылымның Мұстафа Шоқайдың саяси қайраткерлік болмысы мен шығармашылық мұрасына арналған бірінші томы «Мұстафа Шоқай. Түркістан тәуелсіздігіне арналған бір ғұмыр» деген атпен қазан айында Ыстамбұлда «Өтукен нешрият» баспасынан шықты», - деп хабарлайды басылым. Бұл туралы «Түркі дүниесінің перзенті» деген ақпараттан оқи аласыздар.
Осылайша, қазақтың ғана емес, түркі әлемінің біртуар азаматы Мұстафа Шоқай туралы тағы бір құнды кітап жарық көріп жатқанда, Тараз қаласындағы Қазыбек би көшесінде тұратын Борис Самаев атты азаматтың ауласынан көне құмыра табылыпты. Бір құмыра емес, қатарынан екі үлкен құмыра табылған екен. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті былай деп жазады: « Үй иесі ауласынан жертөле қазбақ болып, жұмысшылар жалдаған көрінеді. Шамамен бір жарым метрден аса қазған соң күрек ұшы қатты затқа тиген. Топырақтан тазарта түскенде екі үлкен құмыраның ернеуі байқалады. Әйтсе де, күректі қаттырақ басып жіберген болуы керек, бір құмыраның бүйірі сынып кетіпті. Құмыралардың ішіне топырақ түспесін деп, екі ыдыстың да беттерін таспен бастырып қойған екен»,-деп жазады басылым. Тараз қаласынан табылған көне жәдігерлер туралы «Құпиясы мол құмыра» деген мақаладан оқыңыздар.
Ал, Алматыда жылдағы дәстүр бойынша қайырымдылық саласындағы Ұлттық қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығы иегерлері марапатталды. Марапаттау салтанатының ашылу рәсімінінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек елімізде белсенді азаматтық қоғам қалыптасқанын айтып, оның ішінде Наурызбай ауданындағы селден зардап шеккендерге қолұшын созған жандарға ерекше алғыс білдірген. «Көмек тек қана ақшамен өлшенбейді, біздің номинанттардың қайырымды істері әртүрлі көлемде болуы мүмкін, бастысы - өз қалауымен көрсетілген көмек болуы тиіс. Егер бұрынырақта қайырымды адамдар үлесін көбіне қаржылық мүмкіндіктері көп адамдар құраса, бүгінде олардың қатарын ерікті ұйымдар мен қарапайым адамдар толықтыруда. Сондықтан болар, соңғы 5 жыл ішінде дүниежүзілік қайырымдылық рейтингісінде Қазақстан 121-орыннан 101-орынға дейін көтерілді», - деген «Бауыржан» қайырымдылық қорының директоры және сыйлықты ұйымдастыру комитетінің төрайымы Жұлдыз Омарбекова. «Алтын жүрек» сыйлығының биылғы иегерлері «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Қолы ашықтың - жолы ашық» деген мақалада хабарланған.
***
Ал, «Экспресс К» газеті бүгін полиция қызметкерлеріне мас көлік жүргізушілерін «ұстап» беретін даяшы туралы жазады. Газеттің ақпаратына сүйенсек, официант бұл әрекетін таза азаматтық парыз деп біледі екен.
«Газетімізге анонимді сұхбат берген Астанадағы түнгі мекемелердің бірінде жұмыс істейтін даяшы көлік тізгініне мас күйінде отыратын жүргізушілермен қалай күресетінін айтып берді» деп жазады басылым. Қарапайым даяшының бұл айласы туралы «Экспресс К» газетіндегі «Официант! Принесите...штраф» деген мақаладан оқуға болады.