Қазақ жазушысы, сатирик М. Рәш 80 жылдық мерейтойын атап өтуде

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Кеше, 19 қарашада Астанадағы ҚР Президенттік мәдениет орталығында танымал сатирик-жазушы, жыршы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мыңбай Рәштің шығармашылық кеші өтті.

Биыл қазақ әдебиетінің ақсақалына 80 жас толып отыр. Мерейтой иесі 60 жылға тарта ғұмырын әдебиет және журналисткаға арнаған. Оның бұл кеші Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Ол сахнаға шығып, сатираға көшер алдында ең алдымен өзінің жеке шығармашылық кешін ұйымдастыруға атсалысқан әріптестеріне алғыс айтты және залға жиналған қауымға ризашылық білдірді.

Жазушы-сатирик М. Рәш әр жылдары «Лениншіл жас», «Ара» басылымдарында бөлім меңгерушісі, «Қазақстан» баспасында бас редактор қызметтерін атқарған. Ол қазақ тілінде жазатын прозаик ретінде де әйгілі. Оның «Қиял қанаты» (1964), «Терек пен тікенек» (1978), «Суылдақ» (1989) кітаптары оқырмандар арасында кеңінен танымал. Жазушы, публицист өзінің фельетондарын, новеллаларын, памфлеттерін, көсемсөз бен жолсапар очерктерін әртүрлі басылымдарда бүгінгі уақытқа дейін үзбей жариялап келеді.

Қаламгердің әдеби еңбегі зор бағаға ие болып, мемлекет тарапынан «ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағы берілген. Сонымен қатар М. Рәш «Ерен еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медальдарының иегері.