Қазақ жері өркениеттер диалогының орнына айналды - Нұрсұлтан Назарбаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақ жері өркениеттер диалогының орнына айналды. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Біз халықаралық қоғамдастыққа бейбітшілік пен келісімнің барлық құндылықтарын ілгерілетуге тырысамыз. Қазақстан жері өркениеттер диалогының орнын айналды. 2003 жылдан бері елордамызда тұрақты түрде съезд өтіп, оған барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері қатысады. Әлемде олардың барлығы бірге жиналатын басқа жер табылған жоқ", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Қазақстан әлемге тиімді бітімгер ретінде де кеңінен танымал болып отырғанын баса айтты.

"Біздің ұлтаралық бейбітшілік пен келісім тәжірибеміз баяғыдан-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК сынды көптеген халықаралық алаңда танылған. Сонымен қатар Қазақстан әлемде тиімді бітімгер ретінде танымалдыққа ие. Сондықтан бізге жақын және шалғай жатқан көршілер сенім артады. Бұл кездесулердің барлығын бізде өткізеді", - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.