***
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы электр энергиясына сараланған тарифтерді қолдану нәтижесінде үнем тәулік зоналары бойынша орташа есеппен 2,5 миллиард теңге болғандығын жеткізді. Сөйтіп, елде 105 мың тоннаға жуық көмір үнемделіп; ластаушы заттардың шығарылуы азайды және тұтынушылар қаражаты 3 миллиард теңгеге үнемделген. Сараланған тарифтерді енгізу нәтижесінде су арналары табыстарын 9,8 млрд. теңгеге арттырды. Агенттік 2012 жылғы 1 сәуірден бастап жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау тарифтерін 15 пайызға, оның ішінде, магистральды темір жол желісі қызметтерінің тарифтерін 9,6 пайызға көтеруге келісті. Мәжіліс төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен өткен үкімет сағатында көтерілген аталмыш мәселе «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Реттелетін секторға инвестиция қажет» деген тақырыппен басылды.
Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында сенатор Жабал Ерғалиевтің мақаласы жарық көрді. Елімізде өткізілгелі отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі қарсаңында аталмыш жиынның мән-маңызы мен оның бүгінгі қоғам үшін қажеттілігі жөніндегі ойларымен бөліседі. Сенатордың сөзінше, адамзат жаралғалы және олардың діндері пайда болған мыңдаған жылдардан бері өз Құдайлары мен өз Пайғамбарларына сыйынумен болған адам баласы ендігі арада сол дін мен түрлі діни көзқарастар арасына жарықшақтың да түсе бастағандығын, ол келіп түрлі дау-дамайдың, тіпті қарулы қақтығыстардың да ошағына айналып бара жатқандығын да аңдамай қалған сыңайлы. «Әуелде дін дегеніңіз кез келген адам баласының ізгілігі мен имандылығының, ақылы мен ой санасының, парасаты мен пайымының ұстанымы болып, ол жалпы Адамзат өркениетін қалыптастырғандығы да ақиқат. Сол өркениетті қалыптастырған дін енді келіп адам баласының арасына жік салып, бірімен-бірінің дауласуы мен жауласуына әкеліп соқтырғаны қалай?!»,-деп жазады сенатор «Елбасы және өркениеттер үнқатысуы» атты мақаласында.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, Жамбыл облыстық прокуратурасының төртінші басқарма қызметкерлері аймақта алимент өндіру туралы сот қаулыларының орындалуына жүргізілген саралау жұмыстарының қорытындысына көңілдері толмай отыр. Өткен жылы облыстық сот қаулыларын орындау департаментіне қарасты аумақтық бөлімдердің сот орындаушыларының өндірісінде 9 мың 405 балаға алимент өндіру туралы 6 мың 49 атқару құжаты қаралса, олардың ішінде 848 құжат бойынша борышкерлер балаларына тиесілі өтемді төлеп келеді екен. Ал 2 мың 603 құжат бойынша брышкерлердің берешек қарызы 66 миллион 830 мың 753 теңгені құрапты. Бұл мәселе жөнінде кеңірек білгіңіз келсе, «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Алимент 66 миллион теңгеден асты» атты мақаланы қараңыз.
***
«Жылыжай да көбейіп келеді, баға да шарықтай түсуде»,-деп жазады «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында. Басылымның жазуынша, жеміс пен көкөністің құны маусым ерекшелігіне қарай құбылатыны белгілі. Алынған өнімнің негізгі бөлігін қысқа сақтауды және осы өнімге нарықтағы ұсыныстың азайғанын есепке алудан күздегі баға құралады. Қыстағы бағаға сақтауға кеткен шығын кіреді. Ал ерте көктемде қамбадағы қаптың түбі көріне бастайды. Бағаның да күрт көтерілетіні осы кез. Осы орайда мамандар кеңес дәуіріндегі жылыжай салу әдісіне оралуға кеңес береді. Мәселен, биылғы жылғы жоспар бойынша 10 жылыжай салу қажет болса, ол міндет қайтсе де жүзеге асуы тиіс. Тіпті әр қалада өзін-өзі қамтамасыз ететін жылыжай кешені болуы керек деген ереже де болған. Ең бастысы, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарынан бас тартып, өндірісті ұсақ шаруа қожалықтарына ауыстыру осы саланың өркендеуіне кедергі болып отыр.
Аталмыш басылым бүгінгі санында тағы «Қазақ жерінің ғұламалары Ислам өркениетіне не берді?»,-деген тақырыппен мақала басты.
Онда кезінде кеңестік биліктің дәурені жүріп тұрған шақта дін мүлде ысырылып, атеистік жүйе халықты өз айдауына көндіруге тырысып баққандығы айтылады. Осыған байланысты қоғамның, халықтың, ұлттың даму тарихында діннің орны бұрмалауға ұшырап, рөлі төмендетілді. Большевиктер партиясы халыққа ықпал ете алатын өздеріне балама күштерді мойындаған жоқ. Сондықтан қоғамда дін туралы жаңсақ пікірлер қалыптасты. Шын мәнінде, кез келген ұлттың этнос ретінде қалыптасуында діннің рөлі өте жоғары. Осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын ата-бабамыз қабылдаған ислам діні ұлтымыздың мәдениті мен ғылымынан, әдебиеті мен тұрмыс-тіршілігінен көрініс тапқан. Қазақ даласында туған талай ғұлама ғалымдар әлемдік ислам өркениетіне өте үлкен үлес қосты. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, әлемдік тәжірибе құқық қорғау органдары сияқты күрделі де ірі мемлекеттік жүйенің қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыруды аз уақыт аралығында жедел түрде жүзеге асыруға болмайды. Ол үшін белгілі бір уақыт өтуі керек. Сол уақыт аралығында құқық қорғау жүйесінің жаңарған тетіктері іске қосылып, барлық деңгейдегі және аймақтағы кадрлар өзгеріп, түрлене түседі. Құқық қорғау саласы қызметкерлерінің психологиялары да өзгереді. Қазақстандағы құқық қорғау саласы қызметкерлерін аттестаттау шарасы да осы сала қызметкерлерінің біліктіліктерін арттырумен байланысты болып отыр. Бұл туралы «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Новый облик правохранительных органов: эффективность, транспарентность и профессионализм» атты мақаладан оқи аласыздар.