Қазақ жылқылары мен еуропалық сәйгүліктердің айырмашылығы неде

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық шабандоз Нұрила Тұрысбекова Астанада өткен FEI Jumping World Cup Eurasian League Final халықаралық турнирінде өнер көрсетті. Осы орайда Informsport.kz тілшісі спортшымен сұхбаттасып, конкурға арналған жылқылардың ерекшелігі, олардың күтімі мен дайындығы туралы әңгімелесті.

Фото: Ақерке Өмірхан

Сондай-ақ шабандоз қазақ жылқыларының кәсіби конкурдағы мүмкіндіктеріне тоқталып, олардың еуропалық сәйгүліктермен бәсекелесуі неліктен қиын екенін түсіндірді.

– Нұрила, конкур спортымен неше жасыңыздан бастап айналысасыз? Бұл спорт түрін таңдауыңызға не себеп болды?

– Мен конкурмен 13 жасымнан бастап айналысамын. Аттармен бірге жаттығу, кедергілерден секіру және түрлі күрделі тапсырмаларды орындау маған ерекше күш-қуат береді. Сондықтан осы спорт түрін таңдадым.

– Конкурда шабандоз бен аттың бір-бірін түсінуі қаншалықты маңызды?

– Бұл спортта шабандоз бен аттың өзара түсіністігі өте маңызды. Екеуінің арасында ерекше үйлесім болуы керек. Ат адамның көңіл күйін ғана емес, ойын да сезеді. Мысалы, жарыс кезінде қобалжып немесе толқып тұрсаң, оны бірден байқайды. Сондықтан атпен үнемі байланыста болуға тырысамыз. Тіпті олармен арнайы сөйлесеміз.

– Конкурға арналған жылқылардың басқа аттардан қандай ерекшелігі бар?

– Ең алдымен, олардың дене бітімі мен физикалық дайындығына ерекше мән беріледі. Конкурға арналған жылқылар арнайы жаттығудан өтеді. Күтімі де өзгеше. Мәселен, тұяқтарын күн сайын тексеріп, баптап отыру қажет. Мұндай аттар өте сезімтал келеді.

– Шабандоздар жарыста мінетін аттарын өздері таңдай ма?

– Иә, өзіміз таңдаймыз. Ең алдымен, жылқының тұқымына, дене бітіміне, мінезіне және физикалық жағдайына қараймыз. Қандай жаттығуларға бейім екенін де ескереміз. Сонымен қатар тегінде чемпион аттардың бар-жоғына да мән береміз.

– Конкурда пайдаланылатын жылқылар көбіне қай елдерден әкелінеді? Қандай тұқымдарға басымдық беріледі?

– Көбіне Еуропадан әкелінеді. Олардың арасында бельгиялық, голландиялық және неміс тұқымдары бар. Бұл жылқылар конкур мен ат үйрету спортына арнайы бейімделген.

– Жылқыларды неше жасынан бастап конкурға дайындайды? Олар спорттық мансабын қай жаста аяқтайды?

– Жылқыларды үш жасынан бастап жаттықтырып, спортқа бейімдейміз. Осы кезеңде оларды мінуге де үйретеміз. Егер денсаулығы мен физикалық жағдайы жақсы болса, 18–20 жасқа дейін жарыстарға қатыса алады. Одан кейін спорттық мансабын аяқтайды.

– Қазіргі таңда өзіңізде қанша жылқы бар? Олардың ерекшеліктеріне тоқталсаңыз.

– Қазір менің үш атым бар. Астанада өткен FEI жарысында JOURNEY есімді атыммен өнер көрсеттім. Ол биіктігі 160 сантиметрге дейінгі кедергілерден секіре алады.

Екінші атым – ONS KIND. Ол – бие. Биіктігі 135 сантиметрге дейінгі кедергілерді еңсере алады. Яғни конкурда биелермен де жарысқа қатысуға болады.

– Еуропадан әкелінген жылқылардың Қазақстанның ауа райына бейімделуі қиын емес пе?

– Егер жас кезінде әкелінсе, бейімделуі аса қиын емес. Дегенмен мұндай аттарға ауа райының өзгеруі қатты әсер етеді. Мысалы, неміс тұқымды жылқылар өте сезімтал келеді. Ауа райына байланысты көңіл күйі өзгеріп, кейде ауырып қалуы да мүмкін.

Ал қазақ жылқылары, керісінше, төзімді әрі қайсар. Еуропалық аттардың күтіміне көбірек көңіл бөлеміз. Оларды жылына екі рет толық медициналық тексеруден өткізіп, вакцина салдырамыз.

– Сонда қазақ жылқылары кәсіби конкур спортына жарамай ма?

– Біздің қазақ жылқылары биік кедергілерден секіре алмайды. Секірген күннің өзінде еуропалық жылқылар сияқты биікке көтеріле алмайды. Әрине, оларды арнайы жаттықтырып, осы спорт түріне бейімдеуге болады. Бірақ кәсіби деңгейдегі жарыстарға қатыса алмайды.

Айта кетейік, Нұрила Тұрысбекова 19-22 қараша аралығында Астанада өткен FEI Jumping World Cup Eurasian League Final халықаралық турнирінде де өнер көрсетті.

21 қарашада ол JOURNEY есімді атымен биіктігі 140 сантиметрлік кедергілерден өту бағдарламасында бесінші орын алды. Ал ONS KIND атты биесімен 130 сантиметрлік маршрутта төртінші нәтиже көрсетті.

Айта кетелік Қазақстан ат спортынан Польшадағы халықаралық турнирде үш медаль жеңіп алған еді.