«Қазақ журналистер клубы» Қырғызстан саяси партияларымен жүздесті

АЛМАТЫ. 22 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Өткен аптада «Қазақ журналистер клубы» Қырғызстанға жасаған баспасөз-тур барысында сол елдің ҚСДП, «Ар-намыс» және «Ата мекен» партияларымен жүздесті.

Қырғызстанда жақында ғана өткен сайлау нәтижесінде елдің жетекші 5 партиясы басым дауыстарға ие болған-ды. Атап айтсақ, «Атажұрт» (8,88%), ҚСДП (8,04%), «Ар-намыс» (7,74%), «Республика» (7,24%) және «Ата мекен» (5,6%) партиялары Парламенттегі 120 орынды бөлісті. Аталмыш партия жетекшілері қазақ журналистерімен кездесу кезінде ендігі мақсаттары - Парламентте саяси коалиция құру және осы мақсатта әзірге тек келіссөздер жүргізіліп жатқандарын жеткізді.

«Ең алдымен біз күшті Парламент құруға тиіспіз. Бұған дейін біз 2 президенттік басқаруды бастан өткердік. Екеуі де елді тығырықтан алып шыға алмады. Ендігі құрылып отырған парламенттік басқару жүйесі толығымен демократиялық ұстанымдарға негізделген. Ал Парламенттегі партиялардың коалиция құру мәселесіне қатысты әзірге тек келіссөздер жүргізілуде», деді «Ата мекен» партиясы төрағасының орынбасары, Қырғыз Республикасы Парламенті депутаты Равшан Жиендіков.

Қалған «Ар-намыс» және Қырғызстан социал-демократтар партияларымен кездесуде де партиялардың коалиция құру мәселелері сөз болды. «Қандай жағдай болмасын, біздің ең басты мақсатымыз - күшті мемлекет құру және елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру», дейді «Ар-намыс» партиясы төрағасының орынбасары Ақылбек Жаппаров.