Қаралы жиында алғашқы болып сөз алған Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин ақынның өміріне, артына қалдырған еңбектерінің маңыздылығына тоқталып өтті. «Ақын бүкіл саналы өмірін, ғұмырын өлеңге арнаған, қазақ өлеңінің әлемдік деңгейге көтеріліп, қазақ жырының абыройы мен мәртебесін асқақ биікке көтеру үшін шабытын да, ойын да арнаған. Үлкендер Тұмаш десе, кішілері Тұмаға деп әр өлеңін сағынып, әр жырына қол соғып, әрбір әнін көкейінде тұмардай ғып түйген Тұманбай Молдағалиев арамыздан бақиға аттанды», - деді Н.Оразалин.
Сондай-ақ қоштасу барысында ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бағлан Майлыбаев Т.Молдағалиевтің жарқын бейнесім ен оның бай рухани мұрасы ұлтымыздың жадынан ешқашан өшпек емес деп жұртшылыққа көңіл білдіріп, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жолдаған жеделхатын оқып берді.
«Халқымыздың аса көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиев ағамыздың өмірден өтуіне байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Қалың елі Тұмаш деп еркелеткен ардақты азамат, ұлттық поэзиямыздың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан жыр алыптарының үркердей тобына жататын санаулы қайраткерлерінің бірі. Сезім мен нәзік лириканың теңдесіз шебері Тұмағаңның өлеңдері көптеген жүректерге өшпестей қонғаны шүбәсіз. Жан дүниеңді үйіріп, рухыңды асқақтата білетін, шыншыл да, тәкаппар поэзиясы бұл күнде ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына, халқымыздың рухани байлығына айналды. Қаламгердің өнегелі өмірі, жарқын бейнесі, ғибраты мол өлеңдері өшпейді деп білемін. Мархұмның жатқан жері жарық болып, нұрлы да мөлдір жаны бейіште шалқысын демекпін», - делінген жеделхатта.
Ардақты ақын Алматы маңындағы Кеңсай зиратына жерленді.