Қазақ жұрты халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаевты соңғы сапарға шығарып салды
Өнер ордасының іші-сырты жұртшылыққа толы болды. Театр тарланымен қоштасуға Құдайберген Сұлтанбаевтың туған-туыстары, достары, қала тұрғындары мен қонақтары, мәдениет қайраткерлері мен өнерсүйер қауым, сахналас әріптестері мен алыс-жақыннан оның өнеріне табынушы адамдар көп келді.
Қоштасу кезінде Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айтып жолдаған жеделхатын оқып берді. Онда: «Дарынды актер, ақжарқын азамат Құдайберген Сұлтанбаевтың дүниеден өткенін естіп отырмын. Аса ауыр қайғыларыңызға ортақтасып көңіл айтамын. Құдайберген Тәуекелұлы өзінің актерлық дара дарынымен халықтың шынайы сүйіспеншілігіне бөленген өнер иесі еді. Оны жұртшылық М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрының әртісі ретінде жақсы біледі. Әйгілі «Тамаша» ойын-сауық отауының іргетасын қалаушылардың бірі болып, сонда сомдаған айшықты рольдері арқылы халыққа кеңінен танылды. Зор абырой беделінің арқасында Парламентке депутат болып сайланды. Оның ұлттық театр өнеріне бергенінен берері мол еді. Оның жарқын дидарын халқымыз ұмытпайды деп ойлаймын. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын. Жасамаған жасын, көрмеген қызығын ұрпағы көре берсін», - делінген.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Есмұхан Обаев бүкіл қазақ жұрты отбасына БАҚ-тар арқылы көңіл айтып, театрға да хабарласып жатқандықтарын жеткізді.
«Құдайберген Сұлтанбаев өнерде, сіздердің жүректеріңізде ерекше орын алған тұлға. Ол - «Тамаша» мен театрдың нағыз тарланы. Ел болып еңсесі түспей, еліміздің көкбайрағы мәңгі желбірей берсе сен ешқашан ұмытылмайсың. Ұлы өнер тарланы, сенің аяғыңа жем түсті, жығылдың, енді мәңгіге кеттің, бұл пәнидегі өмірің бақиға кетті. Бақидан бізді аруағыңмен қолдай жүр. Қош бауырым»,- деді сахналас әріптесі, досы, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.
64 жасында дүниеден озған, «Тамаша мен театр тарланының» жамбасы Алматыдағы Кеңсай зиратында жерге тимек.