Қазақ жылқысының құйрық қылы сән индустриясында қолданылмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ жылқысының қылы әлемдік сән индустриясы мен музыкалық аспаптар өндірісінде кәдеге асуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Америкадан Алматы өңіріне келген кәсіпкер Ашок Жалани жылқы қылының сапасы өте мықты екенін айтуда. Болашақта ол біздің елде кәсіпорын ашуды да жоспарлап отыр.

Ашок Жалани сән индустриясына қажетті бұйымдар шығарумен 20 жылдан бері айналысады. Жылқының қылынан скрипка, виолончельдің ысқысымен қатар, әдемі кірпік пен парик, суретшілер мен визажистердің қылқаламын, тіпті тіс щеткасын жасайтынын айтады.

«Қазақстанда шамамен 2 миллионға жуық жылқы бар екен. Менің болжамым бойынша, оның 10 пайызға жуығы ақбоз аттар. Бізді қызықтыратыны да осы жылқылар», - дейді Жалани.

Кәсіпкер шикізаттың әр келісін 50 мың теңгеге бағалап отыр. Бірақ қой қырыққаны болмаса, жылқының құйрық қылын сатып көрмеген жергілікті фермерлер шетелдік азаматтың бастамасына жатырқай қарап отырғаны бар.

«Әр жылқыдан құйрығынан 200 грамм қылы кесіліп алынады. 1 метрдей болуы керек. Жылқыны тұлдап алмайды. Құйымшақ омыртқасы біткен жерден 1 миллиметр төмен түсіреді. Содан кейін соның үстінен кеседі. Жуып өткізсе құны тіпті артады», - дейді жылқытанушы, профессор Қайрат Исхан.

Ашок Жалани бұған дейін Моңғолия мен Қытайда қабылдау орындарын ашқан. Бірақ олардың сапасы төмен екендігін айтуда.

«Алғашқы уақытта айына 100 келіден алсам деген ойым бар. Жақын күндері Ақтөбе, Ақмола, Қостанай облыстарын аралап, сондағы фермерлермен кездесуді жоспарлап отырмын. Шикізат жинау мәселесі жолға қойылса, өңдейтін кәсіпорын ашуға да болар еді», - деп атап өтті америкалық кәсіпкер.

Ал Аграрлық университет ғалымдарының айтуынша, бұл жаңғыртылатын табыс көзі. Себебі жылқының құйрық қылы 1,5-2 жылда қайта қалпына келеді.