«Қазақалтын» Бестөбеге реаномобиль мен флюорография тарту етті
Осы күні Степногор қаласына қарасты Бестөбе кентінде 6,5 мыңнан астам адам тұрады. Оның ішінде 1400-ге жуық адам «Қазақалтын» ТКМК» АҚ-да еңбек етеді. Кәсіпорын басшысы Евгений Балашовтың айтуынша, еңбеккерлердің әлеуметтік-тұрмыстық және фабрикадағы еңбек жағдайын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Оның ішінде кәсіпорын директорлары кеңесімен бектілген 3 жылға арналған әлеуметтік даму бағдарламасы аясында Бестөбе кентіне 500 миллион теңге қаржы бөлу көзделген.
«Осыдан бірер ай бұрын концерн басшылығы Бестөбе дәрігерлік амбулаториясына әлеуметтік көмек көрсететіні туралы сөз берген болатын. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында сол уәде орындалып, кенттегі дәрігерлік амбулаторияға электрокардиограф, дефибриллятор тәрізді медициналық құралдармен жабдықталған реаномобиль (УАЗ санитарлық көлігін) және стационарлық сандық флюорография сыйға берілді» деп көрсетілген хабарламада.