«Қазақалтынның» автокөлігіне оқ жаудырған күдіктілер ұсталды

АСТАНА. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Құрамында алтыны бар 108 келі құмды тасымалдамақ болып жолға шыққан «Қазақалтын» Тау-кен металлургиялық кешені» АҚ-ның автокөлігіне оқ жаудырған күдіктілер ұсталды.

Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қ.Жұмановтың атап көрсеткеніндей, шұғыл-іздестіру шараларының барысында бұрын сотты болған Степногор қаласының 35 және 36 жастағы тұрғындары мен «Еуразия секьюрити» арнайы ілесіп жүру  тобының 35 жасар күзетшісі ұсталды. Бүгінгі күні олар қылмыстарын толық мойындады. Мәлім болғандай, ұсталған күзетші қарулы шабуылдың ұйымдастырушысы, әрі жүкті тасымалдаушы болған.

«Шабуыл орны ұйымдастырушымен белгіленген. «Митцубиси-Галант» және «Москвич-412» автокөліктеріне мінген қылмыскерлер шолақ мылтықтармен атқан. Одан кейін бетперделерді, қарулар мен радиобайланыс құралдарын Қарабұлақ ауылының маңындағы орманға тығып кеткен»,  дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақалтын» Тау-кен металлургиялық кешені» АҚ-ға тиесілі «Toyota Helux» автокөлігіне қарулы шабуыл жасау оқиғасы, үстіміздегі жылғы қазанның 7-сі күні Ақмола облысы, Ақкөл ауданындағы Кеңес және Азат ауылдарының арасындағы жол бойында болды. Бетперде киген 4 адам «Еуразия секьюрити» ЖШС-ның 8 күзетшісінің ілесуімен құрамында алтын бар құмды тасымалдау үшін жолға шыққан автокөлікке автоматты қарулардан оқ жаудырған.