«Қазақанимацияны» астанаға көшіру кімге керек – вице-министр жауабы

Фото: Ділшат Рахматуллин

АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Евгений Кочетов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін Астанаға көшіру ұсынысы қайдан пайда болғанын түсіндірді.

- Алматыдағы аниматорлар «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін Астанаға көшіруге қарсы екендерін білдіріп жатыр. Шешім нақты қабылданды ма, қабылданса, Алматыдағы ұжымды Астанаға көшіру кімге керек? - деп сұрады журналист.

Вице-министр жауабы анимацияны дамытуға арналған стратегия әзірлеп жатқандарынан бастады. 

- Біз қазір анимацияны дамытудың алдағы 5 жылға арналған кешенді жоспарын әзірлеп жатырмыз. Ол жоспарда қаржыландыру тетіктері де қарастырылған. «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін Астанаға көшіру туралы пайымдар да бар. Ондай пайымға не негіз болып отыр?

Біріншіден, өзіңіз білетіндей, бұл жерде Astana hub орталығы орналасқан. Анимациялық қызмет ІТ-индустрияның да бір бөлшегі болып есептеледі. Astana hub-тағы импульс анимацияның дамуына да серпін береді деген үміт бар.

Екіншіден, бұл жерде жыл сайын Comic Con фестивалі өтеді. Бұл жалпы тұтас анимация саласына арналған, бүкіл ТМД аумағындағы ең негізгі шараға айналып үлгерді.

Үшіншіден, креативті индустрияны қолдауға арналған мамандандырылған қордың құрылатынын айттым. Осы себептерді негізінде бірлестікті Астанаға көшіру туралы пайымға келіп отырмыз деуге болады, - деді Евгений Кочетов.

Вице-министрдің айтуынша, пайым бар болғанымен нақты шешім әлі қабылданбаған.

- Анимацияны дамытудың стратегиясын дайындап болған кезде ақтық шешім белгілі болады. Қазіргі пайымымыз осындай. Меніңше, бұл «Қазақанимацияны» әрі қарай дамыту тұрғысынан барынша қисынға келетін пайым сияқты. Біз аниматорлардың бәрімен байланыстамыз, олардың уәждерімен де таныспыз. Мәселе әлі талқылау процесінде. Аниматорлармен бір-екі рет кездестік те. Бәрінің пікірі ескеріледі. Онсыз ешкім шешім қабылдамайды, - деді Евгений Кочетов. 

Бұған дейін Үкімет авторлық құқық мәселесіне мемлекеттік монополия енгізу ұсынысын қолдамай тастағанын жазған едік.