«Қазақфильм» 7 жас дебютанттың жұмысының тұсауын кесті

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қазақфильм» 7 жас дебютанттың жұмысының тұсауын кесті. Бүгін Бекмамбетов синема кинозалында «Свидетель дела№6», «Жер-ана», «Әке», «Ақшатау», «Квартирантка», «Сот орындаушысы», «Аялдама» қысқаметражды фильмдерінің журналистерге арналған көрсетілімі өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай фильмдер қазақ киноиндустриясына жаңа есімдер мен таланттарды тартуға септігін тигізбек.

«Бұл дебюттік фильмдер жас талантты режиссерлердің ғана емес, тұтас команданың дебюттік жұмысы десек болады. ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. «Қазақфильм» киностудиясының басты мақсаты, «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, қазақ киноиндустриясына жаңа есімдер, тың серпін әкелу. Қазіргі мықты актерлердің өзі аспаннан аяғы салбырап түскен жоқ. Бәрі осындай мектептен бастады. Осы фильмдердің ішінен мамандар жақсы режиссер ғана емес, кадрдан тыс мамандар, оператор тағы басқалардың жұмысын таңдайтын болады», - деді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметінің жетекшісі Алмас Жұмағұлов.

Оның айтуынша, аталған фильмдерді түсіруге 1 жылдай уақыт кеткен.

Қысқаметражды фильмдер түрлі халқаралық конкурстарға қатысатын болады. Содан соң отандық телеарналарда, кинотеатрларда прокатқа шығады.

Атап айтқанда, Бану Рамазанованың «Жер-ана» кинолентасы мен Диас Құлмақовтың «Аялдама» туындысы Канн фестивалінде көрініп қалуы да мүмкін. Әзірге туындылар фестивальге қажетті талаптардың алғашқы кезеңінен өтті. Аталған жұмыстардың біріншісі марқұм анасының ауылын іздеген 3 баланың өмірі туралы болса, екіншісі тағдыр тәлкегімен қарттар үйіне түскен қарияның өмірінен сыр шертеді.

Тіпті «Үсенов» тақырыбы да кинода көрініс тапқан. «Свидетель дела№6» киносында байдың баласы адамды қағып өлтіріп, бір түн ішінде қылмыстың ізін жоюға жанталасады.

«Әке» фильмінде бала мен әкесінің арасындағы психологиялық қатынас, «Ақшатау» фильмінде ауылға алғаш барған қала баласының өмірі, «Квартирантка» киносында соғыстан кейінгі жылдарда ауылға оқытушы болып келген орыс тілі мұғаліміне деген бала махаббаты, «Сот орындаушысы» фильмінде мейрімді адам жайлы көрініс береді.