Көрмеге қойылған құжаттар, фотографиялар, экспонаттар, қазақ кинематографиясының тарихынан, даму кезеңдерінен және жемісті жылдарынан сыр шертеді. Көрмедегі материалдың көбі фондтың аса құнды құжаттар қатарына жатады. Аталмыш мәдени іс-шараның өтуіне ұйытқы болған Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ.
Көрме аясында ҚР Президентінің мұрағаты директоры Борис Жапаровтың, «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті Серік Жұбандықовтың және кино саласының танымал өкілдері - ҚР Халық артисі Нұржұман Ықтымбаевтың, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сатыбалды Нарымбетовтің, «Қазақфильм» киностудиясының аудиовизуалды жобалар жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Олжабай Мұсабеков және де басқалардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Бұл шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын орындау және еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға арналған тақырыптық көрмелер сериясы аясында өткізіліп отыр.
«Қазақстан кинематографиясы тарихынан» атты көрмеге 50-ден астам экспонат қойылған. Олардың қатарында отандық кинематографияның алғашқы қадамдары туралы және киностудияның қызметі туралы хабар беретін бірегей материалдар, отырыстардың стенограммалары, кино жұмысшыларының өтінімдері, дубляж саласының құжаттары, фильмдердің сценарийлері және оларға жазылған рецензиялар бар.
Сондай-ақ, көрмеге көркем және деректі фильмдер түсірілімі барысында жасалған фотоқұжаттар да қойылған.
Шараның соңында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті Серік Жұбандықов және ҚР мұрағатының директоры Борис Жапаров естелік сыйлықтарымен алмасты: киностудияға мұрағат тарапынан студияның тарихы туралы сирек кездесетін материалдар ұсынылды, ал киностудия «Қазақфильмнің» үздік туындыларының DVD дискілері бар «Қазақ киносының антологиясын» берді.