Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты биылғы Жолдауында осы мәселені ашық айтты.
- Елімізде инвестор тарту және оларды жан-жақты қолдау жүйесінде бірізділік жоқ. Әрбір мекеме немесе жеке тұлға ойында не бар болса, соны істей береді, – деді Президент.
Оның айтуынша, «бірқатар мемлекеттік мекемеге бірдей құзыреттер берілген», сондықтан инвестиция тарту жұмысын бір орталықтан басқаратын жүйе қажет. Президент «Бәйтерек» холдингінің бұл бағыттағы рөлін күшейтуді ұсынды.
Осы сыннан кейін Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Kazakh Invest ұлттық компаниясын «Бәйтерекке» қосу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
- Біз «Бәйтерек» холдингін Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыру мен бірлескен инвестицияларға жауап беретін тетік әрі институт ретінде қарастырып отырмыз, – деді ол.
Үш миллиард теңге қайда жұмсалады?
Kazakh Invest 2017 жылы қазіргі құрылымымен жұмысын бастады. Негізгі міндеті – экономиканың басым салаларына шетелдік инвестиция тарту және жобаларды іске асыруға дейін сүйемелдеу. Компанияның қызметі мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландырылады.
2024 жылғы аудиттелген қаржылық есепке қарағанда, компанияның сол жылғы кірісі 2 млрд 678,7 млн теңге болған. Оның қызметін сатып алған жалғыз тапсырыс беруші – Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті. Комитет инвестор тарту және жобаларды сүйемелдеу үшін 1 млрд 88,1 млн теңге, инвестициялық қызметті талдау мен кеңес беру үшін 931,4 млн теңге, инвестициялық іс-шараларды ұйымдастыру үшін 659,1 млн теңге төлеген.
Ұлттық компанияның 2025 жылғы бюджеті шамамен 3 млрд теңге болған. Компанияның бұрынғы басшысы Ержан Елекеев 2024 жылғы сұхбатында жылдық бюджеттің көлемін түсіндіріп, қаражаттың басым бөлігі роуд-шоу, инвесторлармен кездесу, бизнес-форумдар өткізу мен маркетингке жұмсалатынын айтқан.
2024 жылғы шығындар құрылымына қарасақ, негізгі қызметке тікелей қатысы бар қызметкерлердің жалақысына, салықтары мен аударымдарына 945,7 млн теңге жұмсалған. Әкімшілік шығындар тағы 255,2 млн теңге болған. Форумдар мен конференциялар өткізуге 416,9 млн теңге, шетелдік өкілдердің қызметіне 480,3 млн теңге, көрмелер мен өзге инвестициялық іс-шараларға 92,4 млн теңге кеткен. Іссапар шығындары 116 млн теңгеден асқан. Ал инвесторларды тікелей сүйемелдеуге арналған шығын 73,6 млн теңге болған.
Басшылық сыйақысы
Kazakh Invest-тің корпоративтік құрылымында директорлар кеңесі жанындағы аудит комитеті және кадрлар, сыйақылар мен әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитет бар. Демек, басқарушы құрамның еңбекақысы мен сыйақысын корпоративтік басқару аясында қарау тетігі көзделген.
Аудиттелген есептен нақты расталған дерек мынандай: 2021 жылы басқарма мүшелеріне 69,461 млн теңге, директорлар кеңесіне 24,264 млн теңге төленген. Жалпы сомасы – 93,725 млн теңге. 2020 жылы осы екі санат бойынша төлем 90,153 млн теңге болған.
Жобалар құны компания жұмысының жемісі ме?
Kazakh Invest өз нәтижесін іске қосылған жобалар саны мен олардың жалпы құны арқылы көрсетеді. Үкіметтің 2021 жылғы мәліметінде компанияның қолдауымен 57 жоба іске асқаны, олардың құны 3,8 млрд доллардан асатыны және 5 мың жұмыс орны құрылғаны айтылған. 2022 жылы 46 жоба, 4,1 млрд доллар инвестиция көрсетілген. 2024 жылы компания 45 жобаның іске қосылғанын, олардың жалпы құны шамамен 1,3 млрд доллар болғанын және 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылғанын хабарлаған.
Бірақ жобаның жалпы құны мен компанияның тікелей тартқан инвестициясы - бір көрсеткіш емес. Мысалы, шетелдік компания Қазақстан нарығын өзі зерттеп, зауыт салу туралы шешімді өз бетінше қабылдауы мүмкін. Ал Kazakh Invest оған жер телімін рәсімдеу, мемлекеттік органдармен байланыс орнату немесе инфрақұрылымға қосылу мәселесінде көмектеседі. Мұндай жағдайда жобаның толық құнын ұлттық компанияның тікелей инвестиция тарту нәтижесі деп есептеу қаншалықты дұрыс?
Ulysmedia зерттеуінде компания редакцияға 2022 жылы өзінің көмегімен жүзеге асқан жобалардың тізімін берген. Сол тізімде Маңғыстау облысындағы құны 4,8 млн долларлық құрамажем зауыты болған. Алайда кәсіпкер Kazakh Invest-ке жүгінгенін, бірақ қаржыландыру мәселесін компания арқылы шеше алмағанын, ақырында оны өзі реттегенін айтқан.
2024 жылы Kazakh Invest 45 жобаның іске қосылғанын мәлімдесе, 2024-2025 жылдар бойынша шамамен 70 жоба, 2 млрд доллардан астам инвестиция және 10 мыңнан астам жұмыс орны туралы дерек те жарияланған. Бұған қоса, компания портфелінде 250 ірі жоба, жалпы құны 70 млрд доллардан асатын бастама бар екені айтылған.
Бір инвесторға бірнеше мекеме қызмет көрсете ме?
Kazakh Invest жұмысын еске түсіретін функцияларды орындап отырған ұйымдар елімізде баршылық.
Біріншісі – Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті. Оның ресми міндеттеріне инвестиция тарту саясатын іске асыру, инвесторларға кеңес беру, «бір терезе» жұмысын қамтамасыз ету, инвестициялық жеңілдіктер мен артықшылықтар беру туралы шешім қабылдау, келісімшарттарды тіркеу және олардың орындалуын бақылау кіреді. Ал Kazakh Invest инвестор іздейді, келіссөз жүргізеді, жобаларды сүйемелдейді және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды үйлестіреді, яғни бір инвесторға қатысты мемлекеттік орган мен ұлттық компанияның жұмысы бір-біріне жақын.
Екіншісі – шетелдегі елшіліктер. Елшіліктер экономикалық дипломатия аясында инвесторлармен байланыс орнатып, бизнес-форумдар өткізіп, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырады. Kazakh Invest-тің шетелдік өкілдері де осы бағытта жұмыс істейді. 2024 жылы компания шетелдік өкілдердің қызметіне 480,3 млн теңге жұмсаған.
Үшіншісі – өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар. ӘКК-лер де өңірге инвестор іздейді, жергілікті жобаларды дайындайды, жер телімдері мен инфрақұрылым мәселелерін шешуге атсалысады. Kazakh Invest те осы жобаларды ұлттық деңгейде сүйемелдейді.
Төртіншісі – «Бәйтерек» холдингі. Оның даму институттары жобаларды қаржыландырады, несие, кепілдік, лизинг және басқа қаржы құралдарын ұсынады. Kazakh Invest инвесторды тауып, жобаны сүйемелдеуі мүмкін, ал «Бәйтерек» тобы оны қаржыландырады.
Бұған қоса, 2025 жылы инвестициялық саясатты іске асыру мен мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруге арналған Ұлттық инвестициялық қызмет орталығының функциялары кеңейтілді. 2025 жылғы Инвестициялық саясат тұжырымдамасында да барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдарға инвестор тарту және сүйемелдеу бойынша бірыңғай алгоритм қалыптастыру, «бір терезе» қызметтерін шоғырландыру міндеті жазылған. Құжатта СІМ, Ұлттық экономика министрлігі, салалық министрліктер, әкімдіктер, Kazakh Invest, «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» қатар аталады.
Демек, мәселе бір компанияның ғана жұмысында емес. Инвестиция тарту функциясы орталық мемлекеттік органдар, елшіліктер, ұлттық компания, өңірлік ӘКК-лер және даму институттары арасында бөлініп кеткен. Әр құрылымның міндеті болғанмен, ортақ жобаның нәтижесін кім және қандай үлеспен есепке алатыны нақты емес.
Тексеріп көруге болатын қадам - сарапшы
«Ұлағат Консалтинг Групп» зерттеу компаниясының директоры, экономист Марат Қайырленов Kazakh Invest компаниясын Сыртқы істер министрлігінен алып, «Бәйтерек» холдингіне бағынышты ету жоспарын тексеріп көруге болатын қадам ретінде бағалап отыр.
- Президент биылғы Жолдауында инвестиция тарту тәсілдерін жетілдіру керектігін айтқан болатын. Осы ретте, Kazakh Invest компаниясы инвестиция тарту функциясын атқаратынын білеміз. Бірақ инвестиция тарту жұмыстары мінсіз жолға қойылған деуге келмейді. Енді осы компанияны Сыртқы істер министрлігінің комитетінен «Бәйтерек» холдингіне беру талпынысы жасап көруге болатын қадам деп ойлаймын. Бәлкім жақсырақ жұмыс істеп кететін шығар. Өйткені инвесторлардың қызығушылығы баршылық. Әлемдегі тоғызыншы аумақ қана емес, түрлі пайдалы қазбаға бай ел болып саналамыз. Инвесторларды қызықтыру бар да, оны нақты зауыттар мен өндіріске айналдыру бар. Сондықтан талпынып көруге болады. Өзгеріс керек екені анық, - дейді сарапшы.
Сондай-ақ, ол инвестиция тартуға жауапты органдардың қызметіне тың серпін керек екенін нақты дерекпен түсіндірді.
- Бізде бизнесті қолдауға жауапты 29 мемлекеттік институт бар. Оның бәрі республикалық деңгейде құрылған. Теориялық тұрғыдан қарасақ, бұған дейін де осы институттар бизнеске, инвесторларға көп қолдау көрсетіп келді. Практикалық тұрғыдан қарасақ, инвестиция тартуда қордаланып келе жатқан проблема бар. 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарымызда тартылған инвестициялардың жалпы ішкі өнімге қатысын арттыру туралы нақты көрсеткіш белгіленген. Былтыр ол көрсеткіш 17 пайыз болса, биыл - 18 пайыз. Шын мәнінде, жоспар мен нақты жағдайдың арасындағы айырмашылық 3 жылдың ішінде 700 млрд теңге тапшылықтан 8,1 трлн теңгеге жетті. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы жарияланды ғой, соның аясында жыл сайын 2 трлн теңге бөлінбек. Ал біздегі тапшылық - 8 трлн теңге. Меніңше, осы көрсеткіш-ақ Президенттің неге инвестиция тарту тәсілін жетілдіруге баса мән беріп отырғанын көрсетеді, - дейді экономист.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының толық мәтіні осы сілтемеде.