Kazakh Invest Ыстанбұл мен Вашингтонда кеңсе ашты

АСТАНА. ҚазАқпарат -  «KAZAKH INVEST» компаниясы бірқатар шетелдік ірі қалаларда фронт-офистерін ашты.

 Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңізге белгілі, 2005 жылдан бастап Қазақстанға 247 млрд доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Еліміздің шетелдегі  мекемелері осы жұмысқа атсалысуда. Жалпы, бүгінде шет елдерде Қазақстан Республикасының 92 мекемесі қызмет етеді, оның ішінде 57 елшілік, 4 тұрақты өкілдік, 3 дипломатиялық миссия, 11 бас консулдық және 17 консулдық жұмыс істеуде. Осыған қоса, 64 елде Қазақстанның 103 құрметті консулдары қызмет атқарады. Олар да инвестицияларды тарту мен экспортты ілгерілету бойынша тұрақты түрде қызмет етеді»,-деп тоқталды М. Тілеуберді.

Бұған қоса, инвестицияларды тарту тұрғысында ҚР Үкіметі жұмысты күшейтуде басымдық берілген 10 елде Қазақстан елшіліктерінде инвестициялар жөніндегі арнайы кеңесшілерді тағайындау туралы шешім қабылдағанын еске салған жөн.

«Сонымен қатар Вашингтон, Бейжің және Ыстанбұл қалаларында «KAZAKH INVEST» компаниясының фронт-офистері ашылды. Қазіргі уақытта осындай кеңселерді Шанхай, Париж, Дубай және Мәскеу қалаларында ашу пысықталуда»,- деді ол.