Kazakh Opera Gala: «Астана Опера» театры жаңа маусымды ашады

АСТАНА. KAZINFORM – 7 қыркүйекте «Астана Опера» театры XII маусымды мазмұны мол, ұлттық операны айшықтайтын «Kazakh Opera Gala» концерттік бағдарламасын ел назарына ұсынады. 

Фото: «Астана Опера» театры

Ертең театрдың бас дирижері, бағдарлама авторы Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен симфониялық оркестр және опера солистері отандық классиканы орындау шеберлігін паш етпек.

«Биыл жаңа маусымда қазақтың төл жауһарлары сахналады. Оның ішінде, «Абай», «»Қыз Жібек», «Біржан-Сара», «Құрманғазы», «Махамбет» тағы басқа тарихи опералық қойылымдар бар. Жаңа маусымға дайындықты тамызда бастадық. Гала концертте өзіміздің бетке ұстар солистеріміз Жанат Шыбықбаев, Жұпар Ғабдуллина, Бибігүл Жанұзақ бар. Сонымен қатар алдыңғы буынға бой түзеп келе жатқан жастар да қатысады», - деді «Астана Опера» опера театры труппасының директоры Мейір Байнеш жаңа маусым қарсаңында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында. 

Фото: «Астана Опера» театры

Осылайша театр ұжымы жаңа маусым шымылдығын Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев және басқа да композиторлар шығармасынан жинақталған гала-концертті ұсынады. 

«Бұл жоба отандық операдағы ұлы тұлғаларға, қазақ операсының негізін қалаушыларға, сондай-ақ оның беделін нығайтқан кейінгі буын өкілдеріне шексіз құрметтің белгісі. Қайталанбас халық нақыштары мен әуендері тамаша оркестрлік орындауда ерекше әуелесе, «Құрманғазы» операсындағыдай бірегей дала күйлері екпіндете еседі, ал Мұхтар Әуезовтің, Сәкен Сейфуллиннің классикалық қазақ әдебиетіндегі асқақ бейнелері Ғазиза Жұбанованың өткір драмалық музыкасында немесе Сыдық Мұхамеджановтың шынайы лирикасында сахналанған кезде терең әсер қалдырады», - дейді жоба авторы, маэстро Алан Бөрібаев.