Kazakh Tourism-да басшылық ауысты
АСТАНА. KAZINFORM – «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ директорлар кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Қайрат Сәдуақасов басқарма төрағасы қызметінен кетті. Ұлттық компания басшысының міндетін атқарушы лауазымына Даниел Сержанұлы тағайындалды.
Ол 2024 жылдың қаңтарынан бері басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарады.
2024 жылы Қазақстанға шетелдік келушілер саны рекордтық деңгейге 15,3 миллион адамға жетті. Еліміз The New York Times және Wanderlust, Condé Nast Traveler, Lonely Planet секілді беделді халықаралық басылымдардың ең үздік туристік бағыттар рейтингтеріне енді. Сонымен бірге Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Туризм мен саяхатты дамыту индексінде жоспарланған көрсеткіштерден озып, 52-орынды иеленді.
Қытай бағытына ерекше назар аударылды. Аспан асты еліндегі Қазақстан туризмінің жылы табысты өткізілді. Қытай нарығынан келушілер қатары 2 есеге ұлғайып, 657 мың адамға жетті.
Маңызды бастамалар қатарында агротуризм және қонақ үйлерді жіктеу мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық өзгерістер дайындалды. Қазіргі таңда олар Парламентте қарастырылып жатыр.
Өңірлік аспектіде Мемлекет басшысы айқындаған басымдыққа ие дестинацияларды дамыту жоспарлары әзірленді. «Байқоңыр» кешенінде ғарыш туризмін және ШҚО экотуризмнің інжу-маржанына айналған Катонқарағай ауданында туризмді дамыту тұжырымдамасы ұсынылды.
Қайрат Сәдуақасов туризм саласындағы кәсіби қызметін жеке секторда жалғастырады.