Kazakh Tourism: Қытайдан келген туристер орта есеппен 1 мың доллар жұмсайды

Фото: Александр Павский/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризм жылының жабылуына арналған халықаралық форум ұйымдастырылды. Іс-шара аясында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Сәдуақасов екі ел арасындағы жетістіктерге тоқталды.

— 2017 жылдың өзінде біз Қытайдан 300 мыңға жуық турист тартқымыз келетін. Бірақ сол кезде бұл жоспарымыз орындалған жоқ. Одан біз маңызды шешімдер шығардық. Биыл біз Қытайдағы әріптестерімізбен жұмыс істеудің ебін таптық деп ойлаймын. Жыл ішінде Қытайдың 50-ден астам жаңа туристік компанияларымен серіктестік келісімге келдік, — деді ол.

Сондай-ақ, Қайрат Сәдуақасов Қытайдан Қазақстанға келетін саяхатшылар саны жарты миллионнан асқанын атап өтті.

Фото: Александр Павский/Kazinform

 

— Көп жыл бойы Қазақстаннан Қытайға баратын саяхатшылар саны, бізге келетін туристерге қарағанда көбірек болатын. Биыл 400 мыңдай жерлесіміз Қытайға барса, көрші мемлекеттен Қазақстанға осы жылдың 10 айында келген туристер саны 550 мыңға жетті. Біздегі дерекке сүйенсек, қытайлық турист орта есеппен 1 мың доллар жұмсайды, — деді «Kazakh Tourism» Төрағасы.

Ал Қазақстан мен Орталық Азиядағы Mastercard бас директоры Санжар Жамалов елімізге негізінен Қытайдың қай өңірлерінен туристер келетінін көрсетті. Оның айтуынша, қытайлық туристердің 31%-ы Гуанчжоудан, 20%-ы Бейжіңнен, 12%-ы Үрімшіден, 12%-ы Шанхайдан, 8%-ы Ханчжоудан келеді. Сондай-ақ, көршілес елден келген туристер орта есеппен Алматыда 7-9 күн өткізеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризм жылы жабылғанын жазғанбыз.