Kazakhstan fashion week сән апталығы биыл жаңа ережемен өтпек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өтетін Kazakhstan fashion week сән апталығының биылғы 12-ші маусымы жаңа ереже бойынша болмақ. Бұл жолы аса қатаң іріктеуден өткен 9-ақ дизайнер ғана туындыларын ұсынатын болады, деп хабарлады «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Kazakhstan fashion week» қазақстандық және шет ел дизайнерлерінің сән апталығы 18-20 қазан аралығында «Қазақстан» қонақүйінде өтеді. Биыл Қазақстан мен Грузия коллекцияларының маркалары таныстырылады. Бүгін арнайы баспасөз мәслихатында аталған жобаның бас продюсері Саят Досыбаев биылғы шараның басты жаңалығын айтты.

 

«Биылғы сән апталығына қатысатындар - нағыз  жұлдыздар. Өздерін кәсіби жағынан дәлелдеген шеберлер ғана жарқырап шықпақ. Негізі, біз коллекциялар сапасын арттырғымыз келеді. Бірақ, қазір екінің бірі киім тігіп, өзін модельер атап жүр. Олар көрсетілімдерге қатысып, өнімдерін ұсынғысы келеді, алайда ол Қазақстан сән әлемінің сапасына кері әсер етеді. Сән апталығы аясында шеберлік класы өтеді. Оған Темірбек Жүргенов атындағы өнер институтының студенттері қатысады», - дейді Саят Досыбаев.

 

Биылғы сән апталығы аясында, 17 қазан күні Open way дәстүрлі жас дизайнерлердің халықаралық байқауының жеңімпаздары белгілі болады. Биылғы байқауға қатысушыларға 2017 жылдың көктем-жаз маусымы киімдер үлгісін тігу тапсырылған. Оған қатысуға 300 өтініш білдірілген.

 

«Қазылар алқасы 20 қатысушының 40 сызбалық жобасын іріктеп алды. Финалға өткендердің арасында қазақстандық, ресейлік, қырғызстандық жас өнерпаздар бар. 5 апта бойы жас дизайнерлер өз коллекцияларын тігіп шықты. Енді шығармаларын подиумда көрсететін болады. Қазылар алқасы қатарында Италия дизайн институтының деканы Андреа Тоси және Қазақстан сән индустриясының басты өкілдері болады», - деді Саят Досыбаев.

 Биылғы жеңімпаздардың сыйлығы да айтулы болмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, үздік дизайнер  келесі Қазақстан сән апталығына қатысуға және Италия дизайн институтында тәжірибеден өтуге жолдама алады. Жеңімпаздан бөлек жүлделі орындарға ие болғандар да Италияда білім алуға сертификат алады. Сонымен қатар, қатысушылардың барлығына ресми серіктестердің сыйлықтары табыс етіледі.