«Kazakhstan open» гольф-турнирі Алматының бетке ұстар спорттық шарасына айналды - Б. Байбек (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда European Challenge Tour турнирлер сериясы аясында XI Халықаралық «Kazakhstan open» гольф-турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Оған әлемнің әр түрлі елдерінен 132 гольфшы қатысады. Олардың ішінде Еуропалық Челлендж турдың рейтингі бойынша алғашқы жүздікке кіретін кәсіпқой гольфшылар бар.

«Алматыда осындай турнирдің өтіп жатқандығы көңіл қуантады. Гольфтан әлемдік деңгейдегі көптеген жұлдыздар өздерінің спорттық жолын осы турнирден бастаған. «Қазақстан оупен» гольф-турнирі бүгінде Алматы ғана емес, республика деңгейіндегі бетке ұстар айтулы спорттық шараға айналды», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Ол сонымен қатар, мемлекет саясатының арқасында бүгінде халқымыздың 25 пайызының спортпен белсенді түрде айналысатындығын айтты.

«Тәуелсіздік жылдары тау шаңғысы, үлкен теннис, гольф танымал спорт түрлеріне айналды. Менің өзім де бос уақытымда гольф ойнауды ұнатамын. Сондықтан, бүгін бұл жерде дос-жарандарымды көргеніме қуаныштымын», - деді қала басшысы.

Сонымен қатар Бауыржан Байбек үлкен турнир алдында әуесқойлар арасында өткізілетін Pro-Am турнирінің жеңімпаздарын марапаттады. Оған 28 команда қатысқан болатын.

Естеріңізге сала кетелік, «Kazakhstan open-2015» турнирінің жүлделік қоры 45 мың еуроны құрайды. Ойындар халықаралық стандарттарға сай, 18 алаңшадан тұратын «Нұртау» гольф-клубында өтеді.

European Challenge Tour турнирлері гольфшыларының рейтингі осы турнирлерде алған сыйақыларының сомасынан құралады. Сәйкесінше, рейтинг бойынша маусым соңында алғашқы жиырмалыққа енгендер келесі маусымнан бастап, еуропалық гольфтың жоғарғы лигасы - European tour-да өнер көрсетеді.

Ал ертең, турнир аясында кәсіпқой гольфшылардың алғашқы сайысы басталады.