Жуырда Брюссельде Қазақстанның мәдени мұрасын таныстырған алғашқы Shanyraq Fest Brussels фестивалі өтті. 8–11 сәуір аралығындағы шараға 500-ден астам адам қатысып, 40-тан аса қазақстандық өнерпаз Еуропа жұртшылығына ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүрімізді таныстырды.
Енді қазақтың тағы бір ұлттық мұрасы — тазы мен төбетті Еуропада кеңінен насихаттаудың мүмкіндіктері қандай?
Бұл туралы Бельгиядан тікелей байланысқа шығатын «NOMAD» Ұлттық аңшылық клубы» қоғамдық қорының мүшесі Абзал Досыман Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.
Қазақы тазы — жүйріктігімен, қырағылығымен және аңшылық қабілетімен ерекшеленетін асыл тұқым. Оның денесі ықшам, аяқтары ұзын, ал құлағы мен құйрығында шашақ жүні болады. Тазы иіс арқылы емес, көбіне көзімен шалып, аңды жылдам қуып жетеді. Мінезі сабырлы, өте сезімтал әрі иесіне адал.
Ал қазақы төбет — ірі денелі, күшті әрі қайсар күзетші ит. Ол ежелден малды қасқыр мен басқа да жыртқыштардан қорғаған. Төбет қауіп төнбесе орынсыз шабуылдамайды, бірақ өз аумағы мен иесін жанын сала қорғайды. Тазы — аңшылықтың серігі болса, төбет — төрт түліктің айбынды сақшысы. Екеуі де халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан ұлттық құндылық.
— Ертеңгі күннің маңызы зор. Себебі соңғы жылдары қазақы тазы туралы ақпараттық жұмыс кең көлемде жүргізіліп келеді. «Номад» ұлттық аңшылық клубы жиырма жылға жуық уақыт бойы қазақы тазыны және ұлттық аңшылық дәстүрін дамыту бағытында жұмыс істеп жүр. Біздің басты мақсатымыз — қазақы тазыны сақтап, оның тұқымдық ерекшеліктерін дамыту және оны халқымыздың ұлттық брендіне айналдыру, — деді ол.
Спикер сөзінше, 3 қыркүйек қазақы тазы мен төбет күніне орай Бельгия астанасы Брюссель қаласында «Желден де жүйрік — тазы» атты фотокөрме өтіп жатыр.
— «Номад» ұлттық аңшылық клубы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің қолдауымен және Қазақстан кинологиялық одағының қатысуымен қазақтың ұлттық құндылығы — жүйрік тазыға арналған фотокөрме өтіп жатыр, — деді «NOMAD» Ұлттық аңшылық клубы» қоғамдық қорының мүшесі Абзал Досыман.
Абзал Досыманның айтуынша, бұған дейін осындай фотокөрмелер Финляндия, Түркия және Эстония мемлекеттерінде ұйымдастырылған. Мұндай іс-шаралар қазақы тазыны халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға және оның ұлттық құндылық ретіндегі маңызын танытуға ықпал етеді екен.
— Еуропа елдерінде қазақы тазы мен төбетке деген қызығушылық өте жоғары. Брюссельдегі Қазақстан елшілігінің шақыруымен бүгінгі іс-шараға қатысуға ниет білдірген қонақтардың қарасы қалың. Атап айтқанда, Халықаралық кинология федерациясының атқарушы директоры арнайы қатысу үшін келіп отыр. Сондай-ақ Бельгия әкімдігінің өкілдері де бұл шараға үлкен қызығушылық танытып отыр, — деді ол.
Бельгиядан тікелей қосылымға шыққан Абзал Досым ертеңгі күнмен барша отандастарын құттықтады.
— Мемлекет басшысының қолдауымен қазақы тазы мен төбет тұқымдарын сақтау және дамытуға бағытталған нақты шаралар қолға алынғаннан кейін, біздің де жұмысымызды одан әрі күшейтуге үлкен мүмкіндік туды. Осы игі іске атсалысып жүрген барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Бүгінгі айтулы шарамен барша отандастарымызды құттықтаймын! Қазақы тазымыздың тұқымы көбейіп, даңқы әлемге жайыла берсін, — деді ол.
Айта кетейік, елімізде 4 мыңға жуық тазы тұқымы ресми тіркелген.