Қазақ–қырғыз шекарасындағы өткізу пункті тәулік бойы жұмыс істеуге көшті

Фото: Қырғыз Республикасының ҰҚК Шекара қызметі

АСТАНА.KAZINFORM — 25 тамыздан бастап Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы «Қарқара-автомобиль» өткізу пункті тәулік бойы жұмыс режиміне көшті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

Қырғыз Республикасының ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, бұл шешім Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапары аясында екі ел басшылары арасында қол жеткізілген екіжақты келісімдердің нәтижесінде қабылданған.

Ыстықкөл облысының Түп ауданында орналасқан «Қарқара-автомобиль» бақылау-өткізу пункті көпжақты пункт саналады және адамдар мен көлік құралдарының өтуіне арналған.

2026 жылы «Қарқара-автомобиль» өткізу пункті аумағында заманауи шекара инфрақұрылымын салу жоспарланған. Бұл оның өткізу қабілеті мен шекаралық бақылаудың жалпы тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін бұл өткізу пункті тек күндізгі уақытта жұмыс істеген. 2024 жылдың қазанында Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші шекарадағы өткізу пунктінің тәулік бойы жұмыс істеу режимін қолдаған болатын, кейіннен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров бұл келісімді ратификациялады.

Осыдан бұрын Қырғызстанда Абай Құнанбайұлының құрметіне көше атауы беріліп, ескерткіш орнатылатыны анықталды.