«Қазақконцерт» әртістері жапон, өзбек әріптестерімен бірге Ташкентте өнер көрсетті

Фото: None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында «Жапон күзі» фестиваліне орай Қазақстан, Өзбекстан және Жапонияның белгілі әртістері бірлесіп Ташкентте концерт өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Дегдар» гуманитарлық қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жапон күзі» халықаралық өнер фестивалі 2011 жылдан бастап өткізіліп келеді. Жобаның қатысушылары – күншығыс елінің дәстүрлі, классика, джаз музыкаларының танымал жұлдыздары, Қазақстан және Өзбекстан өнер майталмандары. Фестиваль ұйымдастырушылары – «Дегдар» гуманитарлық қоры мен JTI компаниясы.

Фестиваль шымылдығын ашқан алғашқы концерт аншлагпен өтті. Жаңа концерттік бағдарлама өзбекстандық өнерсүйер қауымның жоғары бағасын алып, концертке барлық билеттер тегін берілгендіктен, жоба әртүрлі әлеуметтік топтарды қамтыды.

Жапондық музыкалық өнерді Кейко Инoуэ, Сакита Хаджиме, Ямашита Кенжи сынды белгілі музыканттар ұсынды. Олардың үздік туындылары тек күншығыс еліне ғана емес, барша әлемге танымал. Жапондық композитор, музыкант Сакита Хаджиме «музыкалық ара» деп аталатын ерекше музыкалық аспапта орындау шеберлігімен тамсандырды. Сирек кездесетін әрі ерекше таңғажайып үн шығаратын аспапта ойнайтын музыканттар әлемде көп емес. Сакита Хаджиме әлемде алғашқылардың бірі болып музыкалық ара аспабымен орындалатын композицияларды жазды. Концерттері әлемнің үздік сахналарында өтетін жапондық пианист Ямашита Кенжи мен органист Кейко Иноуэ өнері де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Қазақстанның ұлттық музыка өнерін «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі ұсынды. Еліміздің үздік этно-фольклорлық ансамбльдердің бірі қазақ ұлттық музыкалық аспаптарымен өнер көрсетіп, тыңдарманның зор қошеметіне ие болды. Бұған қоса, өнерсүйер қауым өзбекстандық «Registan» тобы ұсынған өзбек ұлттық музыкасын тыңдай алды. Концертті белгілі қазақстандық киноактриса Гульнар Дусматова жүргізді.

Кеш соңында барлық әртістер «Жапон күзі» фестивалінің көркемдік жетекшісі, атақты маэстро Тимур Урманчеевпен бірге С.Ягисаваның «Ертеңгі күн» композициясын орындады. «Дегдар» гуманитарлық қорының директоры Лаура Ахметованың айтуынша, үш елдің өнер майталмандарын бір сахнада тоғыстырған фестивальдің басты мақсаты – көрермендерді жапон музыкасымен, мәдениетімен таныстырып, елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту.

«Бүгін сахнада жас таланттар мен атақты өнерпаздар бірге өнер көрсетіп, өзара құнды тәжірибе алмасуға керемет мүмкіндік алды. Көрермендер артистерге ыстық ықыластарын білдіріп, шынайы ілтипаттарын көрсетті. Халықаралық келісім мен бейбітшілікті музыка арқылы нығайтуда «Жапон күзі» фестивалінің рөлі зор», - деді Лаура Ахметова.

«Жапон күзі» фестивалі 26 қыркүйек күні Бішкек қаласында жалғасады.

Фестивальдің жабылу салтанаты 27 қыркүйекте Алматы қаласында өтпек. Алматылықтар жапон музыкасымен қатар, Күншығыс елінің үздік кинотуындыларын тамашалай алады. Фильмдер 28 қыркүйек пен 2 қазан аралығында «Цезарь» кинотеатрында көрсетіледі. «Жапон күзі» фестивалі аясында барлық іс-шараларға кіру тегін.

Соңғы жаңалықтар