«Қазақмыс» командасы шағын футболдан Euro Business Cup чемпионатының «қола» жүлдегері атанды

Фото: Фото: eurobusinesscup.com

АСТАНА. KAZINFORM  - Түркияның Анталья қаласында өткен шағын футболдан Euro Business Cup халықаралық чемпионатында «Қазақмыс» командасы «қола» жүлдегер атанды.

Әлемнің әртүрлі елінен 28 команда қатысқан байрақты бәсекеде «Қазақмыс» командасы топтық кезеңде өзбекстандық CCS Progress-пен (1:1), түркиялық CMS-пен (2:1) және румыниялық Damen Galati командасымен (3:2) кездесіп, екі жеңіс пен бір тең ойын арқылы бірінші орын алып, плей-оффқа шыққан болатын. 

Фото: eurobusinesscup.com

Ал 1/8 финалда «Қазақмыс» Словакияның «Schaeffler» командасынан 4:3 есебімен басым түсті. Ширек финалда команда Молдованың «MAIB» командасымен жасыл алаңда кездесті. Негізгі уақытта қарсыластар бір-бірінен басым түсе алмай, ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Осыдан кейін жеңімпаз тағдырын пенальти сериясы шешті. Пенальти кезінде қазақмыстықтар мергендік танытып, молдавалықтарды 2:0 есебімен жеңді. 

Фото: eurobusinesscup.com

Жартылай финалда «Қазақмыс» командасы турнирдің былтырғы чемпионы – Әзербайжанның «Azersun» командасымен кездесіп, өкінішке қарай 1:2 есебімен есе жіберді. Ойын барысында отандастарымыздың қатарында Марлен Ералиев қана мергендік таныта алды. 

Фото: eurobusinesscup.com

Еске сала кетейік, қыркүйек айында команда АГМП Кубогына арналған шағын футболдан салалық турнирді жеңіп, Қазақстанның тау-кен металлургия саласын таныстыру үшін Түркияға аттанған болатын.