«Қазақмыс» нысандарынан жанармай мен кен ұрлаған топтар ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – ІІМ стратегиялық маңызы бар кәсіпорындардағы экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында «Қазақмыс корпорациясы» нысандарындағы бірнеше ұрлық схемасының жолын кескенін мәлімдеді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Видеодан алынған скрин

Ведомство мәліметінше, Ұлытау облысында өткен жылдан бері кәсіпорын аумағынан ұрлық жасаған бірнеше қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылған.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде келтірілген шығынның 94,5 пайызы өтелген.

Тергеу барысында жергілікті қылмыстық топтардың жетекшілігімен әрекет еткен адамдардың құрамында бағалы металдар көп кен қорытпаларын ұрлау схемасын ұйымдастырғаны анықталған.

Биылдың өзінде полицейлер ірі көлемде шығын келтірілген төрт ұрлық дерегін ашқан.

Сонымен қатар 7 мамыр күні компания аумағынан жанармай ұрлауға қатысты заңсыз әрекеттердің жолы кесілген.

Жедел іс-шаралар барысында ұрлықты ұйымдастырды және жанар-жағармай материалдарын сатумен айналысты деген күдікке ілінген адамдар ұсталды.

Полиция мәліметінше, бір тоннадан астам жанармай, ірі көлемдегі ақша, көлік құралдары, оқ-дәрісі бар қару және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген.

Тергеу барысында ұрлықтың арнайы техникаға жалған жанармай құю және құжаттарды қолдан жасау арқылы жүзеге асырылғаны белгілі болды.

Сондай-ақ күзет құрылымдарының кейбір қызметкерлерінің көмектескені анықталған.

– Қазіргі уақытта тергеу-жедел іс-шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Қаржылық-шаруашылық құжаттарға талдау жасалуда, келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша шығын аса ірі көлемде болуы мүмкін, – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Айта кетейік, аса ірі мөлшерде ұрлық жасағаны үшін күдікті Грузиядан экстрадицияланды.