Қазақмыс жаңа акционердің қолына көшеді
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақмыс» корпорациясы жаңа акционерге «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ға бақылау жүргізу құқығын өткізуді көздейтін келісімнің негіздемелік шартына қол қойылғанын хабарлады.
Компанияның баспасөз қызметі атап өткендей, келісімге «Қазақмыс» президенті Владимир Ким мен Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың ортақ шешімі бойынша қол қойылды. Құжатқа қол қою бақылауды тапсыру процесінің басталғанын білдіреді. Таяуда белгіленген рәсім аясында келісім бойынша барлық тиісті іс-шаралар мен міндеттемелер жүзеге асырылып, компанияның үлесін сатып алу-сату келісімшарты жасалады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамалық талаптарының сақталуына ерекше көңіл бөлінеді. Салалық нормаға сәйкес, тау-кен-металлургия секторында компания үлесінің не акциясының иесін ауыстыру үшін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің арнайы рұқсатын алу талап етіледі.
Сондай-ақ серіктестерін, кредиторларды, миноритарлық қатысушыларды және басқа да мүдделі тараптарды хабардар ету процесі жүргізіледі. Бұл шаралар процестің ашықтығын, дер кезінде ақпараттандыруды және барлық нормативтік талаптарды, оның ішінде компанияның қызметіне қатысатын тұлғалар алдындағы міндеттемелерді сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған.
— Қол қойылған құжатқа сәйкес, акционердің ауысуы өндірістік және операциялық процестерге, келісімшарттық міндеттемелерге, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктеріне және жұмыс орындарының тұрақтылығына әсер етпейді. «Қазақмыстың» қызметі штаттық режимде, ал ағымдағы және перспективалық жобаларды іске асыру — қолданыстағы стратегиялық жоспарға сай жалғасады, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын америкалық сарапшылар «Қазақмыс» компаниясындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін бағалауға кіріскенін жазған едік.