Қазақмысқа жұмысқа тұрғызамын деп ақша алғандар ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақмыс» корпорациясының Қауіпсіздік қызметі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жұмысқа орналастыруға байланысты заңсыз әрекеттің үш дерегін анықтады. Оқиғалар Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларында тіркелген.

Фото: Қазақмыс

Корпорацияның мәліметінше, 2026 жылғы қарашада анықталған деректер бойынша алаяқтық және коммерциялық параға сатып алу баптарымен үш қылмыстық іс тіркелді. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

«Қазақмыс» сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне, алаяқтыққа және жұмысқа орналастыру кезіндегі заңсыз делдалдыққа жол бермейтінін мәлімдеді.

Компания өкілдері жұмысқа қабылдау тек ашық конкурстық іріктеу арқылы жүзеге асатынын және бұл қызметтің тегін екенін еске салды. Бос жұмыс орындары корпорацияның ресми мансап порталында жарияланады. Үміткерлерден іріктеудің ешбір кезеңінде ақша немесе сыйақы талап етілмейді.

Сондай-ақ корпорация жұмысқа орналастыру кезінде жеке пайда табу үшін қызметтік жағдайын немесе компания қызметкері мәртебесін пайдалануға жол берілмейтінін атап өтті.

«Қазақмыс» жұмыс іздеушілерді тек ресми арналар арқылы өтініш беруге, ақшаға жұмысқа орналастыруға уәде беретін делдалдарға сенбеуге және оларға ақша бермеуге үндеді.

Күдікті ұсыныстар туралы SENIM жедел желісіне 8-800-080-8089 нөмірі арқылы (қоңырау шалу тегін) немесе құқық қорғау органдарына хабарлауға болады.

Еске салайық, бұған дейін «Қазақмыс» нысандарынан жанармай мен кен ұрлаған топтар ұсталғанын хабарлаған едік.