Қазақмыс Гонконгтегі І қазақстандық инвестициялық форумға қатысты

АСТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақмыс тобы Қазақстан Республикасының Гонконгтағы Бас консулдығы жәрдемдесуімен ұйымдастырылған бірінші Қазақстандық инвестициялық форумға қатысты.

Компанияның баспасөз баянында хабарланғанындай, форум Қазақстанның мемлекеттік органдары өкілдерінің, бірқатар қазақстандық компаниялар басшыларының, Азия мен Қытай сарапшылары мен инвесторларының диалогы үшін ұтымды алаң болды. Қазақмыс Тобының Гонконгтегі өкілдігінің басшысы Майкл Пин компанияның жетістіктері мен даму перспективаларын ұсынды.

«Қазақмыс Гонконгте өзінің акцияларын орналастырған алғашқы қазақстандық компания болды. Топ үшін бұл инвестицияларды тарту және клиенттік базасын кеңейту үшін кең мүмкіндіктер ашатын стратегиялық маңызды шешім болды. Қазақмыс әлемнің ірі қаржы орталықтарының біріне компанияның қатысуын нығайту және аймақта әріптестермен өзара тығыз іс-қимыл жасау үшін Гонконгте өкілдігін ашты», - деді Қазақмыстың Гонконгтегі өкілдігінің басшысы Майкл Пин.

Қазақмыс жез, алтын, мырыш, күміс және электр энергиясы өндірістері саласындағы елеулі активтерді иеленген табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу жөніндегі жетекші халықаралық топ болып табылады.