Қазақмыс корпорациясы БАҚ өкілдеріне құрмет көрсетті

АЛМАТЫ. 9 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кеше Алматыда «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС отандық журналистерді кәсіби мерекелерімен және Астан күнімен құттықтап,

корпорация төңірегінде тұшымды мақала жазған қаламгерлерді түрлі аталым бойынша анықтай отырып, 26 жеңімпазға сыйлықтар табыс етті.

Басқосуға еліміздің әр түкпірінен 60-тан астам журналист қатысты. Жеңімпаздар соңғы жылда БАҚ-да жасаған жарияланымдарына мониторинг жасау жолымен анықталды.

Сонымен «шынайы жариялаудың қағидаттарына адалдығы үшін» аталымда бас жүлдені «Панорама» газетінің журналисі Елена Бутырина иеленді. Сондай-ақ «Егемен Қазақстан», «Казахстанская Правда», «Времия», газеттері, Өскемендік «Дидар», «Рудный Алтай», Балқаштағы «Пульс» газеттерімен қоса еліміздің бірқатар жетекші басылымдар марапатталды.

«Қазақмыстың жүлдесін күтпеген жерден ұтып алдым. Еліміздегі компаниялардың журналистердің атқарып жатқан еңбегін елеп-ескеріп жатқандығы өте қуантарлық жағдай. Еңбегіміз көп жағдайда ескеріле бермейтін шығар, әйткенімен де мұндай жүлде алған жағымды әсер қалдырады», -дейді Е. Бутырина.

«Журналистика өмірімізде өте маңызды роль атқарады, кейде ол жекелеген адамдардың, компаниялар мен тіпті жалпы бір мемлекекттің тағдырына да әсер етеді. Сіздерді «төртінші билік» деп тегін айтпаса керек, әрі сіздердің қызметтеріңізге жас мемлекетіміз үлкен мән беруде», -деп атап өтті Қазақмыс тобы директорлар кеңесінің мүшесі, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Эдуард Огай.

Сонымен қатар ол журналистер тарапынан баспасөз өкілдерімен жұмыс істеу қиынға соға ма деп қойылған сұраққа: «егер мекеменің жасыратын мәліметтері болмай, тек ашық түрде жұмыс істей білсе еш қиындық болмас еді», -деп жауап берді.