«Қазақмыс» корпорациясы Оңтүстік Кореядағы жетекші госпитальдың ресми серіктесі атанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақмыс» корпорациясы Оңтүстік Корея Республикасындағы жетекші госпитальдардың бірінің ресми серіктесі атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұзақмерзімді ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, оңтүстіккореялық Енсе университетінің «Северанс» госпиталі және «Severance-KZ халықаралық медициналық қоры» қоғамдық қорының басшылары қол қойды.

«Северанс» госпиталі Корея Республикасындағы маңдайалды медициналық мекемелердің бірі және Азияның денсаулық сақтау жүйесінде көшбасшы деп танылған. Оның мамандары Енсе Университетінің академиялық базасында жұмыс істейді.

Қол қойылған құжатқа сәйкес, оңтүстіккореялықтар Жезқазған Медициналық орталығының мамандарына ғылыми және өнеркәсіптік медицина саласында тәжірибелік және консультативтік көмек көрсетеді. Сонымен бірге, келісімде денсаулық сақтау саласына заманауи технологияларды енгізу және Енсе Университеті әзірлеген арнайы бағдарлама негізінде біздің медицина қызметкерлерімізді оқыту көзделген.

«Мұндай тығыз ынтымақтастық «Қазақмыс» компаниялар тобының жұмысшылары мен Жезқазған өңірінің тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету ісіндегі алға қойған мақсаттарымыздың орындалуына оң ықпал етеді деп үміттенеміз»,- деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарушы кеңесінің бас директоры Бақтияр Қырықпышев.

Қол қойылған меморандум Қазақстанның Тұңғыш Президенті бастап берген денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан-Корея ынтымақтастығына қосылған өлшеусіз үлес болмақ. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев Енсе Университетінің құрметті профессоры екені белгілі.

«Қазақмыс Холдингі» ЖШС - табиғи ресурстарды өндіру және қайта өңдеу бойынша жетекші компания, Қазақстандағы ірі мыс өндіруші кәсіпорын. Компания құрамында - он төрт кеніш, төрт тау-кен байыту фабрикасы, екі мыс балқыту зауыты және екі көмір разрезі бар. Қазақмыс кен өндіретін және оны өңдеп, тауарлы металға айналдыратын өндірістік нысандарды басқарады. 2018 жылы 238,858 мың тонна катодты мыс өндірілді, 3112 кг алтын құймалары алынды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (2250 кг 2017 жылы) 862 келіге артық (+38,3%). Сондай-ақ Қазақмыс - әлемдегі ірі күміс өндірушілердің бірі-2018 жылы 242,0 тонна тазартылған күміс алынды.

Корпорация кәсіпорындар мен өңірлерді электр энергиясымен қамтамасыз ететін ішкі электр станцияларына ие.

Жұмысшылардың жалпы саны - шамамен 38 800 адам.