Қазақмыс тобы алғашқы жартыжылдықтағы өндірістік қызметтің қорытындысын жариялады

АЛМАТЫ. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Қазақмыс тобы екінші тоқсан мен алғашқы жартыжылдықтағы өндірістік қызметтің қорытындысын жариялады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 «Біз топтың  бірінші жартыжылдықтағы қызметінің нәтижелеріне өте ризамыз. Олар, 2009 жылы алға  қойған стратегияның дұрыстығын растап отыр.  Топ үшін өзінің әлеуметтік бағдарламаларын іске асыруды жалғастыру және дағдарыс жағдайында  Қазақстанның экономикасын нығайтуға мүмкіндік туғызу аса маңызды болып отыр», дейді  Қазақмыс тобының Бас атқарушы директоры Олег Новачук.

        Компанияда алғашқы 6 айда  өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда  катодты теңгерімдегі мыс өндірісі 8 пайызға өсті. Ол «Оңтүстік» және «Батыс Нұрқазған» кеніштеріндегі өнімділіктің артуына түрткі болды. Оған  өндірістік кәсіпорындарды құрал-жабдықтармен және материалдармен қамсыздандырудың жақсаруы мен  жиналып қалған шикізатты қайта өңдеуден өткізу де өз әсерін тигізді. Ал алтын өндірісі - 8 пайызға, күміс өндірісі -10 пайызға, ал концентраттағы мырыш өндірісі 15 пайызға артты.  Көрсеткіштердің өсіміне  кен байыту фабрикаларында кеннен металл айырып алудың жоғарылағандығы әсер етті.     

        Әйтсе де  электр энергиясын өндіруде өндірістің баялауы көрініс тапты. Компанияның  «Kazakhmys Power» бөлімшесінде биыл өткен жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда  электр энергиясын өндіру 32 пайызға кеміді. Дегенмен бірінші тоқсанмен салыстырғанда екінші тоқсанда   тұтынушылар тарапынан сұраныстың көбеюі мен компанияның  электр энергиясы нарығындағы белсенділігінің артуы арқасында электр энергиясын өндірудің  11 пайызға өскені байқалып отыр.