Жарылыс жұмыстарына бірқатар тұрғындар шағымданған. Олар үйдің сыртқы жағында жарықтар пайда болғанын айтып, үйлері опырылып құлайды ма деп үрейленуде.
«Весоваяның №10 мектебінде Жезқазған кентінің әкімі Асылхан Сәдуақасов халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Оған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өкілдері қатысты. Ең басты мәселе корпорация құрамына кіретін жақын маңдағы карьерде тау-кен жұмыстарының қайта басталуына орай Весовая тұрғындарының шағымы болды», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.
Компаниядан хабарлағандай, компания өкілдері, жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, Индустриалдық даму және өндірістік қауіпсіздік комитеті облыстық департаменті өкілдерінен құрылған комиссия үйлерді тексеріп шыққан.
Нәтижесінде, мамандар карьердегі жарылыс жұмыстарының тұрғын үйлер мен жерүсті инженерлік коммуникацияларға қауіпсіз екенін анықтаған.
«Ауыл тұрғындарына Жезқазған кен орнын дамытудың бас жоспарына сәйкес, тұрғын үйлер мен жерүсті нысандар тау-кен жұмыстары әсер етпейтін аймаққа көшірілетіні түсіндірілді. Кестеге сәйкес, Весовая ауылының тұрғындары 2018-2019 жылдары көшіріледі. Сонымен бірге, Сәтбаев әкімдігінің хабарлауынша, Шәкәрім және Жұманов көшелеріндегі бірқатар үй 2017 жылы көшіріледі», - деп толықтырды «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметінен.
Весовая кентінде шамамен 5 мың адам тұрады.