«Қазақмыс» Жезқазған аймағындағы қоғамдық бақшаларды қайта жаңғыртуға 5,6 миллион теңге қаржы бөлді

АЛМАТЫ. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Қазақмыс» өз қызметкерлері үшін Жезқазған аймағындағы қоғамдық бақшаларды қайта жаңғыртуға 5,6 миллион теңге қаржы бөлді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Бұл шара қаржы дағдарысы мен су тапшылығы кезінде азық-түлік мәселесін шешуге бағытталып отыр. Компания 1,5 мыңнан астам жергілікті тұрғындарға экологиялық жағынан таза өнімдер өсіру жолымен бау-бақша науқанын қайта жаңғыртуда көмек беруге бел байлады. Біз өз қызметкерлеріміз үшін тіршілікке қолайлы жағдайлар жасауға барлық қажетті шараларды қолданып келеміз», дейді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің Басқарма төрағасы Эдуард Огай. Оның айтуынша, Кеңгір кеңшарының алқабы ? тұрғындардың жеміс-жидек пен көкөніс дақылдарын отырғызу орны болып белгіленді. Жезқазған кешенінің ниет білдірген барлық қызметкерлері 5 сотықтан жер үлесін иеленді. Жер телімдері құнының бір бөлігі корпорация бюджетінен өтеліп отыр. «Қазақмыс» жер жырту, суару, алқапқа жеткізу, қоғамдық бақшаларды күзету жөніндегі жұмыстарды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар аяқ судың уақтылы беріліп тұруына кепілдік береді. Қазір Сәтбаев жылумен-сумен қамтамасыз ету кәсіпорынының базасында қоғамдық бақшаларға қызмет көрсету жөнінде арнайы цех ұйымдастырылған.