ҚазАқпарат: 2011 жылғы 25-30 қазан аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None

ЕЛБАСЫ

25 қазан күні Ақордада сағат 10.30-да Германия, АҚШ және Бразилия елдерінің елшілері ҚР Президентіне сенім грамоталарын табыс етеді.

ҮКІМЕТ

25 қазанда Үкімет үйінде Үкімет отырысы болады.

25 қазан күні ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев «Думан» ойын-сауық орталығындағы Батыс Қазақстан облысының жәрмеңкесімен танысады.

25 қазанда ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі М.Төлібаев Астана қаласы әкімдігінің өкілдерімен бірге бірқатар ауыл шаруашылық нысандарын аралайды.

25 қазан күні ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Астана әкімдігінің алдындағы алаңда ашылған Павлодар облысының жәрмеңкесін аралайды.

25 қазанда ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Жастар сарайының алдында ашылған Алматы облысының жәрмеңкесінде болады.

ПАРЛАМЕНТ

25 қазан күні ҚР Парламент Сенатында Сенаттың экономика және аймақтық саясат жөніндегі комитетінің отырысы болады.

СЫРТҚЫ САЯСАТ

Осы жылдың 10-11 қарашасында Астанада ««ТРАНСЕУРАЗИЯ-2011»» Халықаралық конференция өтеді.

Осы жылдың 11 қарашасында Астанада «ТрансЕуразия»VIII Халықаралық конференция аясында ұйымдастырылатын «Жібек жолы» 1-ші Халықааралық көліктік-логистикалық форум өтеді.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Осы жылдың 28-30 қазан күндері Бакуде түркі тілдес елдердің екінші медиа-форумы өтеді. Оған Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Солтүстік Кипр, Болгария, Ресей Федерациясының түркі тілдес республикалары - Татарстан, Башқұртстан, Алтай өңірі, Саха Республикасы (Якутия), Тыва, Хакас, Қабардин-Балқар, Қарашай-Шеркеш, Қырым Автономиялық Республикасы, Украина медиа-құрылым өкілдері қатысады.

21-22 қараша күндері Бакуде 1-ші Халықаралық Каспий-Қара теңіз конференциясы өтеді.

ТМД

8-24 қазан аралығында Киевтің Brucie Collections галереясында әлемге танымал фотосуретші Говард Шатцтың көрмесі өтеді.

23 - 25 қазан аралығында РФ Президенті Д. Медведевтің шақыруымен екіжақты қарым-қатынастың тарихында алғаш рет Армения Президенті С. Саргсян Ресейге мемлекеттік сапар жасайды

ҚОҒАМ

25-26 қазан күндері Астанада Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Аймақтар күні өз жалғасын табады.

1 қаңтардан 25 қарашаға дейін ҚР Мәдениет министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының этножурналистика саласында «Шаңырақ» атты бірлескен конкурсы өтуде.

28 қазанда «БАСТЫ РӨЛ» атты жаңа тележоба бастау алады. Жобаның ұйымдастырушылары Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, «НТК» телеарнасы мен MG Production продюсерлік орталығы

АСТАНА

25 қазан күні Ұлттық академиялық кітапханада қаламгерлер Дәурен Мұса мен Сәдібек Түгелдің «Алғашқы астаналықтар»- «Первопроходцы Астаны» кітабының тұсаукесері өткізіледі.

25 қазанда Алматы облысының делегациясы Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүлдесдерін қояды.

25 қазанда ҚР Президентттік мәдениет орталығының концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР еңбек сіңірген білім қызметкері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Халықаралық Шығармашылық академиясының академигі, «Құрмет» орденінің, Халықаралық шығармашылық академиясының «Даңқ» орденінің иегері Шахмардан Әбіловтың шығармашылық кеші өтеді.

25-қазан күніПрезиденттік мәдениет орталығы мұражайының 5-қабатында Павлодар қаласының «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» және «Дәуір үні» атты көрмелері ашылады. Көрме ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орай өткізілмек.

25 қазан күні Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында Павлодар облысы, Батыс Қазақстан облысы және Алматы облыстарының мәдениет күндері ашылады.

26 қазан күні Астанада Қазақстанның «ҚазАгро» және «ҚазФерма» аса ірі аграрлық көрмелерінің аясында «Аграрлық инновация: қазақстандық вектор» тақырыбында І халықаралық конференция өтеді.

25-26 қазан аралығында Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Қазақстан және жаңа әлемдегі еуразиялық идея» атты халықаралық ғылыми форум өтеді.

АЛМАТЫ

25 қазанда Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспіімдер театрында ІІ Халықаралық қуыршақ театрларының байқауы ашылады.

СПОРТ

4-6 қараша күндері Астанада велотрек бойынша Әлем Кубогының сатысы өтеді. Оған 45 елден 350 спортшы келеді деп күтілуде.

АЙМАҚ

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

24 қазан күні Ақсу қаласы мен оған қарасты елді мекендерде «Ерекше қамқордағы отбасы» атты ауқымды іс-шара басталады. Үш күн бойы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым қызметкерлері, қоғамдастық өкілдері мен полиция қызметкерлері мектеп, лицей, колледж оқушыларымен сөйлесіп, ата-аналармен кездеседі.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

ҚАЗАННЫҢ 25-І, СЕЙСЕНБІ

Әйелдердің бейбітшілік үшін күресінің халықаралық күні

Халықаралық әйелдердің демократиялық федерациясы шешімімен қарусыздану апталығы (қазанның 24-30-ы) шеңберінде 1980 жылдан бастап атап өткізіледі.

ОҚИҒАЛАР

1 жыл бұрын (2010) Шымкенттік дендросаябақта салтанатты түрде жаңа демалу кешені ашылды. «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасы бойынша Шымкенттегі мемлекеттік дендрологиялық саябақты абаттандыру жұмыстары 2009 жылы басталып, қазіргі күнге дейін жалғасуда», - деп атап өтті дендросаябақтың директоры Әбутәліп Құламетов.

«2009 жылы дендросаябақты абаттандыру жұмыстарына 167 млн. теңге жұмсалған, биылғы жылы «Құрылыс-Сервис» ЖШС арал және оған тиіп тұрған аумақтарды абаттандыру мен қалпына келтіру, сондай-ақ демалу кешенін ашу мен орналастыру жұмыстарын 242,3 млн. теңге есебінен жүзеге асырды», - деді А.Мырзахметов салтанатты ашылу барысында.

«Жабайы аңдар табиғаттың ажырамас бөлігі, сондықтан дендросаябақ ішінен салынған торларға 20 тиін, 4 елік пен марал, 10 тоты жіберілді», - дейді Ә.Құламетов.

1 жыл бұрын (2010) Шу ауданының Төле би ауылында қазақтың атақы ақыны, әншісі, композиторы, палуаны, Қазақстанда цирк өнерінің негізін салушы Балуан Шолақтың 20-метрлік биік ескерткіші салтанатты түрде ашылды.

«Оның ата-бабалары ертеде Шу аңғарында өмір сүрген, -дейді жамбылдық белгілі жазушы, драматург, журналист, қоғам қайраткері, Балуан Шолақ ұрпақтарының бірі Арғынбай Бекбосын. - Қоқан хандығы кезінде олар солтүстікке, қазіргі Көкшетау облысына қоныстанды, сонда Балуан Шолақ ХІХ ғасырдағы қазақтың ән өнерінің тұтас мектебін қалыптастырған Біржан сал, Ақсан сері, Үкілі Ыбырай сияқты өнер тарландарының шығармаларымен таныс болды».

Оның айтуынша, ХХ ғасырдың басында болашақ атақты ақын ата-баба жерінде, Жетісуда болып, Сарыарқа әндерімен қатар өзінің әндерін әуелеткен. «Осында ата-баба жерінде ол көптеген әндерін шығарды, палуандық өнерімен тәнті етті», - деді А.Бекбосын.

«Балуан Шолақтың 90 жылдығы да жақындап келеді, - деді Ақмола облысынан келген ақынның немересі Шайдолла Шолақов. - Уақыт оның шығармалары мәңгілік екенін көрсетті. Халқы өзінің даңқы ұлын ұмытқан жоқ, оның әндері халық арасында әлі де кеңінен танымал болып отыр».

Ескерткіштің ашылуына Балуан Шолақтың ұрпақтары, жұртшылық өкілдері қатысты.

1 жыл бұрын (2010) Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапарының аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Эгмонд Палас» корольдік сарай аумағындағы ядролық сынақ, экологиялық және техногендік апат құрбандарына арналып салынған ескерткішті ашты.

Авторлық топтың жетекшісі, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Астана суретшілер кеңесінің төрағасы Қоңыр Мұхамедиев атап өткендей, ескерткіш қара және жасыл тастардан салынған. Қара тас атом бомбасының белгісі болса, жасыл түс - өмір белгісі.

Тасқа Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы «Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы» Жарлығы қашалып жазылған. Бұдан басқа ескерткішке БҰҰ Бас Ассамблеясының тамыздың 29-ын Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы қарары қашалып жазылған. Ескерткіштің жоғары жағында халықтың бірлігі мен бейбітшілікке ұмтылысы көрініс тапқан. Ескерткіштің төменгі жағында өмірді бейнелейтін ағаш бұтағы «өскіні» бейнеленген.

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1931-1969) волейболшы, спорт шебері. Қазақстанның, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы ЖАРЫЛҒАПОВ Октябрь Қыдырбайұлы дүниеге келді. Алматы малдәрігерлік институтын және Алматы дене шынықтыру институтын сырттай оқып бітірген. 1955 -1958 жылдары волейболдан Қазақстанның құрама командасында ойнады. «Буревестник» командасының құрамында республика чемпионы. 1955 - 1962 жылдары волейболдан Қазақстан ерлер құрама командасының аға жаттықтырушысы болды. Жарылғаповтың жетекшілігімен Қазақстан волейболшылары халықаралық кездесулерде жеңіске жетті. Жарылғапов КСРО-ның, Еуропаның, дүние жүзінің және Олимпиялық ойындардың чемпиондары мен жүлдегерлерін (Валерий Кравченко, Жанибек Сауранбаев, Олег Антропов, т.б.) тәрбилеген. 1965 - 1968 жылдары Республикада спорт және дене тәрбиесін, оның ішінде волейболды дамытуға үлкен үлес қосқан.

80 жыл бұрын (1931-1979) балалар ақыны, аудармашы ДҮЙСЕНБИЕВ Әнуарбек дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және БЛКЖО Орталық комсомол мектебін бітірген. 1956-1958 жылдары - Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторы. 1958-1970 жылдары - «Балдырған» журналының жауапты хатшысы. 1971-1979 жылдары «Жалын», «Жазушы» баспаларының аға редакторы болған. Ақынның балаларға арналған өлеңдері 50-ші жылдан жариялана бастаған. Оның «Сыйлық», «Не деу керек», «Бәтіңке, шұжық, балқаймақ», «Ана жүрегі», «Гүлзар», «Ауыл әуендері», «Жаңбырлы жаз», т.б. өлеңдері мен поэмалары, «Ақ қозы» ертегі-повесі жарық көрген. Бірқатар шығармалары шет ел тілдеріне аударылып, көптеген өлеңдеріне ән шығарылған. М.Лермонтов, А.Кольцов, Дж.Родари, Я.Колас, С.Маршак, С.Михалков, М.Жалил, Тоқтағұл туындыларын қазақ тіліне аударған.

60 жыл бұрын (1951) ғылым, заңгер, полиция полковнигі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 12-ші шақырылымының депутаты, - Атырау облысы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Аумақтық басқармасының бастығы - Тәртіптік кеңесінің төрағасы ІЗБАНОВ Мұхит Кәрімұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысы, Ащесарай ауылында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Енбек жолы - зоотехник-селекционер, бас зоотехнигі, кәсіподақ комитетінің төрағасы, басқарма төрағасының орынбасары, кеңшар партия комитетінің хатшысы, Халық депутаттары кеңестерінің жұмысы, басқаруды және өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі комитеттің мүшесі, ҚР Жоғары Кеңесінің сыртқы қатынастар және парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, ЕҚЫҰ Парламент ассамблеясының вице-президенті, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон департаменті бастығының бірінші орынбасары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік үдерістерді талдау және болжау бөлімінің маманы, бөлім бастығы, босқындармен жұмыс жөніндегі бөлім бастығы, ҚР Көші-қон және демография агенттігі Көші-қон басқармасының бастығы, төрағасының орынбасары, ҚР II Арнайы қорғау қызметі бас басқармасының бастығы, «Теміржолжылу» АҚ аппаратының басшысы, қызметтерін атқарған. 2006 жылдың тамызынан бері - Атырау облысы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Аумақтық басқармасының бастығы - Тәртіптік кеңесінің төрағасы.

Медалідермен марапатталған.

ҚАЗАННЫҢ 26-Ы, СӘРСЕНБІ

ОҚИҒАЛАР

1 жыл бұрын (2010) Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облысының даңқты спортшыларының аллеясы ашылды. Қажымұқан атындағы орталық стадионның алдындағы алаңға облыстың атақты 28 спортшысының есімдері жазылған гранит тақталар орнатылды.

Қазақстан спортын дамытуға үлес қосқан даңқты спортшылардың аллеясын құру бастамасын облыс басшылығы көтерген болатын. Аллея бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Next Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаражатына салынып отыр.

«Гранит тақталарға боксшы Бекзат Саттарханов, гимнастшы қыздарымыз Нелли Ким мен Әлия Жүсіпова, балуан Бисолт Дециев сияқты танымал спортшылардың есімдері қашап жазылған. Біздің облысымызда чемпиондар көп және олардың барлығы Қазақстанның даңқын арттыруға үлес қосып отыр», - деді аллеяның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Болат Қырықбаев.

1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі ЕурАзЭҚ-тың 10 жылдығына арналған номиналы 500 теңгелік ескерткіш күміс шақаны айналымға шығарды.

Шақаның бет жағында (аверсінде) жоғары бөлігінде бес қабаттап бұралған сегіз бұрышты өрнекті розеткамен көмкерілген Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу бар.

Төменгі бөлігінде - шақаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген жазу бар.

Номиналдың сол жағында Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі және шақаның массасын білдіретін «31,1gr.» деген жазу, оң жағында шақа дайындалған металды, оның сынамасын білдіретін «Ag 925» деген жазу бар. Шақаны айналдыра моншақ тәріздес жиек жүргізілген.

Шақаның сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде «ЕурАзЭҚ-қа 10 жыл» деген жазу орналасқан. Жоғары бөлігінде айналдыра Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше елдердің елтаңбаларының бейнесі орналасқан. Төменгі бөлігінде - Еуразия экономикалық қоғамдастығы елдерінің ресми эмблемасы және шақаның соғылған жылын білдіретін «2010» деген сан. Қыры бедерлі. Шақа 925 сынамды күмістен жасалған, массасы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм, «prооf» сапасымен дайындалған, таралымы - 5 мың дана.

1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапарының аясында бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылды.

Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мен «Finmeccana» (Италия) арасында негізінде пошта қызметі мен сәйкес басқару түрін әртараптандыруға, ақпараттық-логистикалық үдерістерді оңтайландыруға назар аударта отырып, ҚР-дағы барлығына қол жетімді пошталық байланыс саласындағы мақсатты бизнес мүмкіндіктерді бағалау мен сараптауға, анықтауға мүмкіндік беретін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» қоры «Selex sistemi integrati s.p.a.» компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, бұл құжаттың мақсаты - ғылыми және техникалық мүмкіндіктерді дамыту, Қазақсан мен Италияның ғылыми және техникалық орталары арасындағы байланысты арттыру мен кеңейту, екі елдің зерттеу және ғылыми орталықтары арасындағы техникалық ынтымақтастықты ілгерлету болып табылады. Меморандумның жүзеге асуының алғашқы қадамы ретінде қор «Назарбаев Университеті» мен Selex компаниясы арасында әріптестік қарым-қатынас орнатуға көмектесу мүмкіндіктерін қарастырмақ.

Сонымен қатар, тараптар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, сондай-ақ Астананың Ұлттық медициналық холдингі мен бельгиялық «Healthcare» орталығы арасында да ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен AWEX сыртқы сауда және инвестициялар валлондық агенттігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттың мақсаты - сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту, ақпарат алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ ШҚО мен Бельгияның Валлон аймағы кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастықты жандандыру.

Бұдан басқа «ҚТЖ - Simens» бірлескен кәсіпорнын құру туралы шартқа қол қойылды, ол қазақстандық және еуропалық кәсіпорындар арасындағы ҚР-сында жаңарту, құрылыс және электірлендіру және энергетика нысандарына сервистік қызмет көрсету жөніндегі ынтымақтастықтың негізгі ұстанымдарын белгілейді.

«Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ мен Selex Galeleo Ltd. арасында әскери-техникалық салада қазақстандық және еуропалық кәсіпорындар арасында ынтымақтастықты ұлғайтуды көздейтін, өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.

ҚР Қаржы министрлігі мен Дүниежүзілік кеден ұйымы өкілдері Астанада Кеден комитетінің аймақтық оқу орталығында қашықтан оқытатын бағдарламаны орнату жөнінде келісімге қол қойды.

ҚР Статистика агенттігі мен Еурокомиссия (Еуростат) 2007-2013 жылдарға арналған Орталық Азия үшін ЕО стратегиясында белгіленген басымдықты салаларды қолдау ауқымында ресми статистика саласындағы өзара тиімді қазақстандық-еуропалық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

ЕСІМДЕР

200 жыл бұрын (1811-1832) француз математигі ГАЛУА Эварист (Galois) Эварист (Париж маңындағы Бур-ла-Рен) дүниеге келді. Луи-де-Гран лицеиінде оқып, математикамен айналысқан. Жоғары нормальдік мектепке түскен. Мектепте оқи жүріп, Июль төңкерісін қолдаған. Саяси себептермен мектептен шығарылған. Галуа корольдік режимге қарсы көпшілік алдында сөйлегені үшін екі рет түрмеге қамалған. Түрмеден шығысымен 21 жасында дуэльде қайтыс болған.

Галуаның математикадағы мұрасы өз дәурінен әлдеқайда өзық болды. Ол шектеулі өрістің теориясын жасап, алгебраның функцияға тәуелді интегралдардың теоремаларын баяндаған. Бұл кейін неміс математигі Г.Б.Риманның енбектерінде қайтадан қаралған. Галуаның басты енбегі француз математигі Ж.Ланграж бен норвег математигі Н.Абель бастаған алгебралық теңдеулердің радикалда шешілетіндігі туралы зерттеулердің негізінде жасалған. Осының нәтижесінде Галуа теориясы шыққан. Галуаның идеялары жаратылыстану ғылымдары мен кванттық механикада қолданылады.

ҚАЗАННЫҢ 27-І, БЕЙСЕНБІ

Бүкіләлемдік аудиовизуалдық мұра күні

Бас конференциясының 33 сессиясында ЮНЕСКО-ға мүше-мемлекетер қазанның 27-ін «экономикалық, саяси, әлеуметтік даму, ғылым мен білімнің эволюциясы, әр түрлі ұлттың мәдениетін біріктіріп, және де табиғат пен әлемнің эволюциясын» куәландыратынын белгілеп Бүкіләлемдік аудиовизуальдық мұра күні деп жариялады. Бұл қарардың авторлары бұл мұрағаттың өте сынғыш екенін, оның сақталуы өте қымбатқа түсетінін және де оны сақтау үшін көптеген мемлекеттердің қалтасы көтермейтінін толығымен мойындайды.

Аудиовизуальді мұраны сақтау - бір қатар құқықтық, ұйымдастырушылық, техникалық, қаржылық шешімді талап ететін қиын әрекет. Шаралар қабылданбаса, бұл мұра өзінің он жылдық басты құндылықтарын жоғалтылуы мүмкін, адамзаттың мәдениеттілігі мен ойлау қабілеттілігінің төмендеуіне әкеліп соқтырады.

Түрікменстан Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991)

Түрікменстан Республикасы - Орталық Азияда орналасқан мемлекет. Батысында Каспий теңізімен шайылады. Ресми тілі - түрікмен тілі. Астанасы - Ашғабат қаласы. Мемлекет басшысы - президент. Жоғары өкілетті органы - халық мәслихаты.

Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қазанның 5-інде орнатылды.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2008) Павлодарда медресе ашылды, онда Қазақстан мен Ресей тұрғындары тәлім алады. Діни оқу орнында тәлім алушылар үшін оқу кабинеттері мен тұратын бөлмелері бар арнайы ғимарат салынған. Бірінші курсқа арнайы тестіден өткен алғашқы 15 адам қабылданды ? бұл 25 жасқа дейінгі жастар. Үш жылдық курстың құрамына ислам негіздері, Құран тарихы, орта арнайы білім алуға міндетті қазақ тілі мен басқа да пәндер енеді. 2,5 мың мешіті бар Қазақстанның діни мекемелерінде арнайы оқытылған дін қызметкерлерінің жетіспеушілігі туындап отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Әбдімүтәліп Дәуренбеков, республика аймағында мешіт қызметкерлерін даярлау ұлттық діл мен халықтың мәдениетін ескере отырып, өткізілетінін атап өтті.

1 жыл бұрын (2010) «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Педагогикалық ойдың әлемдік антологиясының» 6 томы жарық көрді.

Онда көне замандағы ойшыл-ұстаздардан бастап бүгінгі танымал тәлімгерлердің ой-пікірлері жинақталған. «Енді, біз осы бастаманы ары қарай жалғастырып, антологияның басқа да томдарын шығаруды көздеп отырмыз. Осы орайда бізді қатты қуантатын бір жәйт бар. Ол - осы антология арқылы біздің оқушыларымыз әлемге әйгілі ұстаздарды танып-біліп, олардың тәлім-тәрбиесін көре алады», - дейді Т.Балықбаев.

1 жыл бұрын (2010) Астанада өткен «Жаһандану жағдайында ұлттық білім беру жүйесін дамыту» тақырыбындағы «Ыбырай Алтынсарин оқулары» III халықаралық ғылыми конференцияда арнайы келісімшарттарға қол қойылды. ол бойынша білім беру саласындағы зерттеушілер қауымдастығын құру жоспарланып отыр. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының президенті Тахир Балықбаевтың айтуынша, Қазақстан, Украина, Беларус, Ресей және Тәжікстан елдері арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісімшарт конференцияның қорытынды құжаты болады. Астанада тұңғыш рет өткен ТМД елдері оқытушылары мен білім беру саласы қызметкерлерінің I съезінің шешімі.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1906-1986) орыс түркітанушысы, филология ғылымының докторы, Санкт-Петербор университетінің профессоры, КСРО ҒА-ның академигі, Түрік лингвистикалық қоғамының, Венгрия шығыстанушылары ғылыми қоғамының, Венгрия ҒА-ның құрметті мүшесі КОНОНОВ Андрей Николаевич дүниеге келді.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері түркітану мәселелеріне арналған. Ол «Қазіргі түрік әдеби тілінің грамматикасы», «Қазіргі өзбек әдеби тілінің грамматикасы», т.б. еңбектерінде түркі тілдерінің жалғамалы (агглютинативті) заңдылықтарының табиғатын зерттесе, ал «КСРО-дағы түркі филологиясы. 1917-1967», «Түркі тілдеріндегі жинақтық-көптік көрсеткіштері», «Ресейдегі түркі тілдерінің зерттелу тарихы» атты кітаптарында түркі тілдерінің грамматикалық, этимологиялық мәселелерін қарастырған.

«Құрмет белгісі», Ленин, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.

65 жыл бұрын (1946) Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының, Халықаралық инженерлер академиясының, ҚР Ұлттық инженерлер академиясының, Халықаралық педагогикалық Білімдер академиясының, Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі, Қазақстан Республикасының Білім, Ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты БІШІМБАЕВ Валихан Қозыкеұлы дүниеге келді.

Шымкент облысы Түлкібас ауданы Ванновке селосында туылған. Қазақ химия-технология институтын, Д.И. Менделеев атындағы Мәскеу химия-технология институтын бітірген.

1968 жылдан бастап-Қазақ химия-технология институтының ассистенті, 1969 жылдан бастап-Мәскеу химия-технология институтының оқытушысы. 1973 жылдан бастап- Қазақ химия-технология институтының аға оқытушысы. 1974 жылдан бастап Қазақ химия-технология институтының бейорганикалық заттар технологиясы кафедрасының меңгерушісі. 1976 жылдан бастап Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институты Қызылорда филиалының директоры, қосымша аға оқытушы, жалпы техникалық пәндер кафедрасының доценті. 1990 жылдан бастап Қызылорда агроөнеркәсіптік институтының ректоры. 1998 жылдан бастап М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры.2001 жылдан бастап М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры.

Академик Бишімбаев В.К.- қоршаған ортаны қорғау және табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, бейорганикалық заттардың технологиясы, құрылыс және силикатты материалдар саласындағы ірі ғалым, Қазақстандық отандық ғылымды дамытуға зор үлес қосқан педагог, Ғылым және жоғары білім ұйымдастырушысы, ғылым докторы. В.Қ.Бишімбаевтың ғылыми жетекшілік атқаруымен 12 докторлық және 30 кандидаттық диссертация қорғалды. Ол 12 монографияның, 29 оқулық пен оқу құралдарының, елімізде және шетелде жарияланған 800-ден аса Ғылыми мақалалардың авторы. Ол өз өнертабысы бойынша 130-дан аса авторлық куәліктерге, патенттерге және инновациялық патенттерге ие.

Бишімбаев В.Қ.-Облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Республикалық саяси кеңесінің, Облыстық саяси кеңес бюросының мүшесі. Облыстық маслихатта «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясын басқарады.

«Құрмет белгісі» ордені, «Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер» ордені , «Қазақстан Республикасының Білім беру үздігі» атағы, «Астана» медалі, «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» медалі, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы, «Құрмет» ордені, «ҚР Еңбек сіңірген Ғылым қайраткері», «Ахмет Байтұрсыновтың күміс медалі», ҚР Білім, ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның құрметті инженері», «ҚР Парламентінің 10 жылдығы құрметіне» медалі, «Астанға 10 жыл» медалі, А.Байтұрсыновтың алтын медалі, «Парасат» ордені, «Қызылорда қаласының құрметті азаматы атағы» марапатталған.

ҚАЗАННЫҢ 28-І, ЖҰМА

Халықаралық анимация күні

1892 жылғы қазанның 28-інде Парижде Эмиль Рейно сиқыршысы көрермендерді жаңа, осы күнге дейін ешкім көрмеген - «оптикалық театр» атты көрінісіне шақырды. Онда талантты өнертапқыш алғашқы рет өзінің праксиноскоп аппаратына көпшіліктің назарын аударды, ол қозғалатын картинкаларды көрсетеді. Сонымен осы атаулы күнді анимация киносы дәуірінің басталуы деп санайды.

Халықаралық анимация күні Анимация киносының халықаралық одағында (ASIFA - The International Animated Film Association) 2003 жылы бекітілген және қазір дүниежүзінде аталып өтеді.

Украина Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Фашист басқыншыларынан азат етілген күн

1995 жылдан бастап, Закарпатия астанасы Ужгород қаласын басқыншылардан азат еткен күннің құрметіне орай атап өтіледі. Қазақстан Республикасы мен Украин Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы шілденің 22-інде орнатылды.

ОҚИҒАЛАР

1 жыл бұрын (2010) Астанада шетелдік қандастарымызға арналған «Алтын қазық» тіл үйрету оқу-әдістемелік кешені жарық көрді.

Жоба «Тіл үйрету орталықтары қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның аясында таныстырылды.

Шетелдегі қазақ диаспорасына арналған оқу-әдістемелік кешені тілдерді үйретудің алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибесіне негізделіп отыр. Оған оқу құралдарын, жұмыс дәптерлері, электрондық оқу құралы, дидактикалық бейнелі материалдар кіреді. Тапсырмалар қазақ және орыс тілдерінде берілген.

Танымдық материал ретінде қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, тұрмыс-тіршілігі, табиғи құбылыстары, ұлттық тәрбиенің ерекшеліктері туралы мәліметтер, сондай-ақ қазіргі заманғы Қазақстан туралы мәліметтер беріліп отыр.

1 жыл бұрын (2010) Теміртауда әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан балаларға арналған консультативтік орталықтың салтанатты жағдайда ашылу рәсімі өткізілді.

Орталық Жапонияның Қазақстандағы Елшілігі мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қолдауының арқасында салынды.

«Жобаның бастамашысы - «Кредо» қоғамдық бірлестігі. Орталықтың ашылуы жағдайы нашар және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ, ВИЧ-инфекциясы мен нашақорлыққа шалдыққан отбасыларға жедел әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігінен туындап отыр. Орталықта сонымен қатар консультативтік заңгер көмегі де қарастырылған», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

«Жоба Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен бастау алды, бірақ оны жүзеге асыру үшін қаржы қолбайлау болып, жетпеген 5,5 млн. теңгені «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қосты», - деп түсіндірді компанияның баспасөз қызметі.

1 жыл бұрын (2010) Астанада «Қазпошта» АҚ «Естелік және мерейтойлық даталар» сериясы бойынша, поляк композиторы, пианиношы, ұлттық классикалық музыканың негізін салушы Фридерик Шопеннің туғанына 200 жыл толуына арналған пошта маркасын айналымға енгізді.

Марканың өлшемі - 28х40 мм, номиналы - 240 теңге, таралымы - 30 мың дана. Парақтағы марканың саны - 10 дана, перфорациясы иректелген, төрт бояулы офсетті баспа, суретшісі Данияр Мұхамеджанов.

Сондай-ақ пошта маркасымен қатар алғашқы күннің хатқалтасы және арнайы пошта мөртабаны жасалды.

Тарихи оқиғаға Польшаның Қазақстандағы консулдығы мен Варшава қаласынан сол елдегі пошта қызметінің өкілдері арнайы келіп қатысты.

«Польшалық пошта» АҚ-ның басқарма мүшесі Павел Влохтың айтуынша, әр елдің пошта қызметі мәдени және қоғамдық оқиғаларға өзінің үлесін қосуға аса үлкен маңыз береді.

«Қазақстан сынды тамаша мемлекетке келіп, осынау шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Осындай оқиғалар біздің халықтардың, сонымен қатар Польша мен Қазақстан пошташыларының арасында мәдениет пен тарихқа негізделген қарым-қатынастар орнатуға жол ашады»,-деді ол.

Шара соңында «Қазпошта» АҚ басқарушы директоры мен Польша Республикасының Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі конверттерде қолтаңбаларын қалдырып, естелік альбомдарымен алмасты.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1941) тау-кен инженері, ҚР Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, РФ-ның еңбек сіңірген шахтері САЛАМАТИН Альберт Гергардович дүниеге келді.

Ресейдің Пермь облысында туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Күзембаев атындағы шахтаның телім бастығының орынбасары, бастығы, директордың орынбасары, директоры, «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінің бас директоры, ҚР Өнеркәсіп министрі, Жезқазған облысы әкімдігінің басшысы болған. Қазіргі уақытта Ресейде тұрады.

Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1946) «Институт актуальной политики» қоғамдық қор кеңесшісі ЖҰБАСОВА НелляҰсақызы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік тарих-мұрағат институтын, Алматы Жоғары партия мектебін бітірген. 1969-1972 жылдары - Қарағанды облыстық мұрағаты зертханасының аға инженері - басшысы. 1972-1979 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Совет аудандық комитетінің екінші хатшысы, Қарағанды облыстық комитетінің хатшысы. 1979-1982 жылдары - Қарағанды облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1982-1991 жылдары - Қазақстан Компартиясы ОК нұсқаушысы, идеология бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1991-1993 жылдары - ҚР Туризм, дене тәрбиесі және спорт министрінің кеңесшісі. 1993-1999 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігі Сараптама және стратегиялық зерттеулер орталығының сектор меңгерушісі, бастығының орынбасары. 1999-2002 жылдары - ҚР Қауіпсіздік кеңесінің Аналитикалық орталығы меңгерушісінің орынбасары, хатшылығы меңгерушісінің орынбасары. 2002-2004 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары, ҚР Қауіпсіздік кеңесі Ахуалдық орталығының меңгерушісі. Қазіргі қызметінде 2009 жылдан бастап істейді.

Құрмет орденімен, медальдармен марапатталған.

ҚАЗАННЫҢ 29-Ы, СЕНБІ

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2008) Қазақстанның Тұңғыш Президенті қызметіне арналған «Нур ас-султа фи Қазақстан» атты жаңа кітап жарық көрді. Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де аталған кітаптың таныстырылымы өтті. Қазақшалағанда «Қазақстандағы билік нұры» деп аталатын кітапты саяси ғылымдардың докторы Мажит ат-Турки жазып шыққан. Ал алғысөзін Сауд Арабиясы Корольдігінің сыртқы істер министрі Ханзада Сауд әл-Фейсал жазған. Орыс тілінде жарық көрген кітап авторының айтуынша, алдағы уақытта ҚазҰУ-дің шығыстану факультеті араб тілі және әдебиеті кафедрасы оқытушыларының атсалысуымен қазақ тіліне аударып шығарылады. Шараға Алматыдағы Араб елдерінің елшіліктері, Ислам даму банкі мен «Нұр Мүбәрәк» университетінің мысырлық оқытушылары, ҚазҰУ ұстаздары мен студенттері қатысты.

1 жыл бұрын (2010) Белігілі тарихшы, археолог және этнограф, академик Әлкей Марғұланның жеке мұрағатын ғалымның қызы Дәнел Марғұлан Павлодар мемлекеттік университетіне сыйға тартты.

Академиктің қорындағы көптеген материалдар әлі жарық көрмеген, оларды университет ғалымдары зерттеуге кіріспек.

1 жыл бұрын (2010) Талдықорғанда сәулеті мен сәні келіскен бірегей «Жастар» спорт сарайы ашылды.

Спорт сарайын салтанатты түрде Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов пен белгілі спортшы Жақсылық Үшкемпіров ашты.

«Осындай бірегей спорт сарайының құрылғаны үшін біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтуымыз керек. Әлемдік дағдарысқа қарамастан бұл нысанның жұмысы тоқтап қалмай, құрылысы уақытында аяқталды», - деді өзінің құттықтау сөзінде Серік Үмбетов.

Спорт сарайы республикалық бәйгелер сияқты, халықаралық деңгейдегі әртүрлі жарыстарды өткізуге, сонымен қатар спортшылардың дайындығы, қала халқының денсаулығы үшін білікті қызмет көрсетуге арналған.

Нысанның сметалық құны 3 005,507 млн. теңге. Жер учаскесінің аумағы - 8 гектар. Зал 1500 орынға арналған.

1 жыл бұрын (2010) Талдықорғанда «Мәдени мұра» президенттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында халық ақыны Сүйінбай Аронұлына ескерткіш ашылды.

Талдықорған қаласындағы Спорт сарайының жаңа ғимаратының алдында облыс әкімі Серік Үмбетовтың қатысуымен қазақ жерінің танымал ұланы, композитор Сүйінбай Аронұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанаты орын алды.

Биіктігі шамамен он метр болатын монумент таза қоладан құйылған, авторлары - танымал қазақстандық сәулетші Қазбек Жарылғапов пен мүсінші Мерлан Әзмағамбетов.

1 жыл бұрын (2010) Павлодар облысының Ақтоғай ауылында сыйымдылығы 8,5 мың тонна қазіргі заманғы көкөніс қоймасы ашылды. Құны 312 млн. теңге болатын инвестициялық жобаны «ҚазАгроФинанс» АҚ қаржыландырып отыр.

Жаңа көкөніс қоймасын тұрақты түрде жоғары өнім алып отыратын ірі картоп шаруашылығы «Фирма «Ақтоғай-АГРО» салды.

ЕСІМДЕР

355 жыл бұрын (1656-1742) ағылшын астрономы және геофизигі ГАЛЛЕЙ (Эдмонд) (ағл. Edmond Halley) дүниеге келді. Лондон корольдік қоғамының мүшесі. Оксфорд университетінің профессоры, 1720 жылды Гринвич обсерваториясының директоры. Ол аспан сферасының оңтүстігіндегі 341 жүлдыздар каталогын жариялады. 20-дан астам қүйрықты жүлдыздың орбиталық элементтерін есептеп, олардың Күнді айналатындығын дөлелдеді, сөйтіп ол 1682 жылы өз есімімен аталатын периодты Галлей құйрықты жүлдызын (кометасын) ашты. Оңтүстік Африка және Оңтүстік Америка жағалауларына жасалған экспедициялардың қорытындысы бойынша түңғыш геомагниттік картаны қүрастырды (1701).

95 жыл бұрын (1916-1994) Қазақстанда бокс спортының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы БӨЛТЕКҰЛЫ Шоқыр дүниеге келді.

20 ғасырдың 30-жылдарының басында Алматыда бокспен айналысуды бастап, алғашқы секциялардың бірін басқарған, тұңғыш спорт шебері. Киевтегі Көркемсурет академиясын және Дене тәрбиесі институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бөлтекұлы рингте 223 кездесу өткізіп, оның 199-ында жеңіске жеткен, 3 рет Қазақстанның чемпионы атанған. Кейін сурет салу өнері мен жаттықтырушылық қызметті қатар атқарып жүріп, Бөлтекұлы республикада 800-ден астам боксшы әзірледі. Оның мектебінен Мақсұт Омаров, Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Әбденәлиев, Виктор және Владимир Каримовтер, Иосиф Гильдин, Асқар Құлыбаев секілді талантты шәкірттер тәрбиеленіп шықты.

2010 жылы Алматы қаласының бокс федерациясының қолдауымен Кеңсай зиратында іргесіндегі марқұм Шоқыр Бөлтекұлы мен оның зайыбы Нұрсұлу Тапалованың басына ескерткіш орнатылып, құран бағышталған.

ҚАЗАННЫҢ 30-Ы, ЖЕКСЕНБІ

ОҚИҒАЛАР

4 жыл бұрын (2007) ҚР Парламенті Мәжілісінде Еуропарламент депутаты, Еуропарламентте «Еуропалық Халық партиясы және Еуропалық демократтар» атты ірі саяси фракция төрағасының орынбасары Струан Стивенсонның «Вечная скорбь» кітабының орыс тіліндегі аудармасының таныстырылымы өтті. Аталған кітапты автор Семей ядролық полигонындағы сынақтар салдарының құрбандарына арнаған. Әйгілі ағылшын жазушысы Роберт Стивенсонның немересі Струан Стивенсон мен Голливуд киножұлдызы Кимберли Джозеф полигоннан зардап шеккен қазақстандықтардың тағдырынан хабардар бола отырып, 1999 жылы Семей өңірінде болып қайтқан. Содан бері Қазақстанға 8 мәрте ізгілікті сапармен келген депутат сол уақыттар аралығында апатты аймақ туралы бірегей материалдар жинастырып, соның нәтижесінде аталған кітап дүниеге келген. Кітап бұдан бұрын Ұлыбритания, Бельгия, Шотландия, Еуропа Парламенті, АҚШ Конгресі секілді елдердің жоғарғы заң шығарушы палаталарында және Қазақстанның Астана мен Алматы және Семей қалаларында таныстырылып, онда Семей аймағынан түсірілген жан түршігерлік фотокөрмелер де ұйымдастырылған.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1921) КСРО МҚК-інің құрметті қызметкері МҰХАНОВ Шаймұхан дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Абралы ауданында туған. Алматы есеп-несие техникумын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қауіпсіздік саласында еңбек етіп, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Талдықорған, Жамбыл облыстарындағы басқармасының бастығы болған. 1979 жылы зейнет демалысына шыққан. «Құрмет белгісі», Александр Невский, Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

60 жыл бұрын (1951) Қазақстан қаржы қауымдастығының төрағасы, экономика ғылымының кандидаты, профессор АХАНОВ Серік Ахметжанұлы дүниеге келді.

Петропавл қаласында туған. Алматы ауыл шаруашылығы институтын және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1975-1977 жылдары - Петропавл индустралдық институтының оқытушысы. 1981-1987 жылдары - Алматы халық шаруашылығы институтының доценті. 1987-1990 жылдары - Қазақстан Компартиясы ОК идеология бөлімінің лекторы. 1990-1991 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік комиссия кеңесінің экономикалық кеңесшісі, бөлім меңгерушісі 1991-1993 жылдары - ҚР Президенті жанындағы Жоғарғы экономикалық кеңесінің Экономикалық кеңесшілер одағы жетекшісінің орынбасары. 1993-1994 жылдары - Экономика министрінің бірінші орынбасары, Шетел инвестициясы ұлттық агентінің төрағасы. 1994-1997 жылдары - ҚР Мемлекеттік экспорт-импорт банкі басқармасы төрағасының бірінші орынбасары. 1997-1999 жылдары - ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары, ҚР Қаржы вице-министрі, ҚР Экономикалық жоспарлау агенттігі төрағасының орынбасары. 1999-2001 жылдары - ҚР Экономика министрінің бірінші орынбасары, «Эксимбанк-Қазақстан» ЖАҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары. 2001-2004 жылдары - «Қазкоммерцбанк» ААҚ басқармасы төрағасының кеңесшісі. Қазіргі қызметінде 2004 жылдан бастап істейді. 40-тан астам ғылыми жарияланымның авторы.