ҚазАқпарат: 2011 жылғы 5-9 қазан аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат: 2011 жылғы 5-9 қазан аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

5-8 қазан аралығында Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Литва Президенті Даля Грибаускайте ресми сапармен болады

6 қазанда Астанада Қазақстан мен Жапонияның экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметтік және жеке секторларының бірлескен комиссиясының кезекті 3-ші мәжілісі өтеді.

6-7 қазанда Астана қаласында V Азаматтық форум өтеді

8-9 қазанда Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Иранның Сыртқы істер министрі Алиакбар Салехидің шақыруымен Тегеранда жұмыс сапарында болады.

ПАРЛАМЕНТ

5 қазанда ҚР Парламенті Сенатының депутаттары ауылдық жерлерді телефондандыру және ұялы байланысты қолдану жөнінде ҚР Байланыс және ақпарат министрімен және «Қазақтелеком» АҚ басшылығымен кездесу өткізеді.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

6 қазанда Астанада Қазақстан мен Жапонияның стратегиялық әріптестігіне арналған экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметтік және жеке секторлар бірлескен комиссиясының отырысы өтеді.

6-7 қазанда Рабатта Қазақстан мен Марокко Корольдігінің Сыртқы істер министрліктерінің консультациялары өтеді.

ӘЛЕМ

26 қыркүйек пен 7 қазан аралығында Варшавада ЕҚЫҰ-ның гуманитарлық өлшемдер бойынша міндеттемелері бойынша Шолу конференциясы өтуде.

ТМД

4-6 қазан күндері Киев қаласында Халықаралық көрме орталығында «Украина 2011» XVIII Халықаралық туристік салон өтуде.

8-24 қазан аралығында Киевтің Brucie Collections галереясында әлемге танымал фотосуретші Говард Шатцтың көрмесі өтеді.

ҚОҒАМ

1 қаңтардан 25 қарашаға дейін ҚР Мәдениет министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының этножурналистика саласында «Шаңырақ» атты бірлескен конкурсы өтуде.

5 қазанда Астанада ІІ қазақстан-неміс жастар форумы өтеді.

5 қазанда Астанада «Химиялық өнімдердің қауіпсіздігін реттеу» тақырыбында төртінші халықаралық конференция өтеді.

5 қазанда Астанада «Қазақстанда технологияларды коммерциялау жүйесінің қалыптасуы және оны дамытудың проблемалары мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.

6-7 қазанда Астана қаласында V Азаматтық форум өтеді.

СПОРТ

22 қыркүйектен 10 қазанға дейін Бакуде бокстан XVI әлем чемпионаты өтуде.

5-9 қазан күндері Шымкентте Қазақстан Республикасының ІІІ Паралимпиадалық ойындары өтеді.

7 қазан күні Қазақстанның жастар құрамасы Францияның Клермон-Ферран қаласында 2013 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турындағы кезекті матчын өткізеді.

9 қазанда Алматыда "Мен сенімен біргемін" деп аталатын ІІІ қайырымдылық веломаршы өтеді.

АСТАНА

4-5 қазанда Астанада Тәуелсіздік сарайында KAZENERGY VI Еуразиялық форумы өтуде.

5 қазанда Астанада қала тұрғындарына жер бөлуге қатысты комиссияның отырысы өтеді.

5-8 қазан күндері Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ТЕМПУС халықаралық комитетінің отырысы өтеді.

5 қазанда ҚР Президенттік мәдениет орталығының концерт залында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіздік жемісі» атты кітаптың тұсаукесері және соған орай «Әдебиет және ізгілік» клубы ұйымдастырып отырған «Тәуелсіздік жемісі» атты мәдени шара өтеді.

4-5 қазан күндері «Көрме» орталығында «Қазақстандағы және бұрынғы кеңестік кеңістіктегі азаматтық қоғам: қалыптасуы және 20 жылдағы дамуы» атты үкіметтік емес ұйымдардың халықаралық конференциясы өтуде.

4-5 қазанда KazEnergy VI Еуразиялық форумы өтуде.

5-6 қазанда Астанада Орталық, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері прокурорлары халықаралық қауымдастығының 6-аймақтық конференциясы өтеді.

5-7 қазанда «Көрме» кешенінде «ҚазАвтоЖол-2011» сегізінші халықаралық көрмесі өтеді.

АЛМАТЫ

3-5 қазанда Алматыда «ИНТАЛЕВ» компаниялар тобы қазақстандық өкілдігінің ұйымдастыруымен «Бюджеттік басқару: әдістемесі, жолға қою және автоматтандыру» оқыту курсы өтуде.

5 қазанда Алматыда «Қазақстандағы контрафактілік өнімдер және олармен күрес әдістері» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.

5 қазанда Алматыда Ұлттық баспасөз орталығында «Қазақстан - 20 жыл өткен соң: кеңестік өмір салтынан инновациялық экономикаға» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтеді.

5 қазанда Алматыда Университеттер Ұлы Хартиясы обсерваториясының бас хатшысы Октем Вардардың қатысуымен баспасөз брифингі өтеді.

5 қазанда Алматыда «Сыртқы жарнаманы орналастыру проблемасын реттеу туралы» баспасөз мәслихаты өтеді.

5 қазанда Алматыда «Коммеск-Өмір» сақтандыру компаниясы өзінің қызметінің қорытындылары туралы баспасөз мәслихатын өткізеді.

5 қазанда Алматыда Ұлттық баспасөз орталығында дін мәселесіне қатысты баспасөз мәслихаты өтеді.

6 қазан күні Алматыда «Сақтандыру - техногендік апат салдарларынан қорғаудың құралы ретінде» деп аталатын дөңгелек үстел жиыны болады.

6-8 қазанда Алматыда «Болашақ игілігі үшін сапа» ұранымен VI халықаралық сапа форум өтеді.

7 қазанда Алматыда ҚР Мемлекеттік Орталық мұражайында белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы-этнограф, өнер зерттеуші, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Өзбекәлі Жәнібековтың туғанына 80 жыл толуына арналған көрме ашылады.

9 қазанда Алматыда «Мизамшуақ» романтикалық концерті өтеді.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

ҚАЗАННЫҢ 5-І, СӘРСЕНБІ

Бүкіләлемдік мұғалім күні

1994-інші жылы ЮНЕСКО бекіткен. Қазанның 5-інде атап өтіледі. 1966-ншы жылы осы күні ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымы шақырған конференция «Мұғалімдер жағдайы туралы» Ұсынысты - мұғалімдер еңбегі жағдайларын айқындайтын тұңғыш халықаралық құжат қабылдады.

Бұл күн қоғамдағы мұғалімдер жайына, олардың білім беру мен дамудағы рөліне көңіл бөлуді көздейді. Бүкіләлемдік мұғалімдер күнін әлемнің 100-ден астам мемлекеттері атап өтеді.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2006) Алматыда Көшбасшы әйелдердің республикалық мектептері желісінің таныстырылымы болды. Мектептер желісінің құрамына еліміздің барлық облыстарынан 35 үкіметтік емес ұйымдар кірді. Көшбасшы әйелдердің республикалық мектептері желісінің негізгі мақсаты - жергілікті билік орындарында әйелдердің санын 30 пайызға жеткізуге ықпал ету. Таныстырылымға қатысушылардың айтуынша, «дүниежүзілік тәжірибеде кез келген мәселе ер мен әйелдердің кем дегенде 30 пайызы қатысып отырғанда оңтайлы шешіледі».

1 жыл бұрын (2010) Президентті Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясы Төралқасының шешімімен Нұрсұлтан Назарбаевтың ТМД Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясының жоғары наградасы - Кәсіподақтар қозғалысына қосқан үлесі үшін Алтын белгімен марапатталғаны туралы хабардар етті. Конфедерация жетекшісі В.Щербаков Мемлекет басшысына награданы тапсырды.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1936-2010) Социалистік Еңбек Ері, қоғам қайраткері, Қазақстанның мал шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері ТАМШЫБАЕВА Зылиха Жанболатқызы дүниеге келді.

Алматы облысының Кербұлақ ауданында туған. 1954 жылы - Қоғалы орта мектебін бітірген. Алматы мал дәрігерлік институтын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) бітірген. 1955-1963 жылдары - Шоқан Уәлиханов атындағы колхоздың сауыншысы, бригадир, тауарлы сүт фермасының меңгерушісі болды. Жас кезінен-ақ еңбек сүйгіштігімен, жоғары жауапкершілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. 1963-1969 жылдары - Гвардия ауданындағы Шанханай ауылдық кеңесінің төрайымы. 1969-1970 жылдары - Киров аудандық халық депутаттары кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1970-1971 жылдары - Алматы облысы Көксу ауданы «Еңбекші» кеңшары партия комитетінің хатшысы. 1971-2010 жылдары - Алматы облысы Көксу ауданы «Еңбекші» кеңшарының директоры қызметін атқарды. Кеңес Одағы және Қазақстан Компартиясының бірнеше съездеріне делегат, республика Жоғарғы Кеңесінің төрт мәрте депутаты болып сайланған.

«Парасат», «Құрмет», екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, Қазан төңкерісі, Ленин ордендерімен марапатталған. Алматы облысының құрметті азаматы.

ҚАЗАННЫҢ 6-Ы, БЕЙСЕНБІ

Бүкіләлемдік мекендеген жерді қорғау күні (World Hospice and Palliative Care Day)

Бүкіләлемде қазанның 6-ы күні атап өтіледі. Бұл мерекені 1979 жылы Еуропаның жабайы флорасы мен фаунасын және мекендеген жерлерін қорғау туралы конфенциясының шеңберінде бекітілген.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2006) ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қытайдағы қазақ сазгерлерінің CD жинағын шығарды. Ол «Атамекенге жеткен әуен» деп аталады.

Жинақ арқылы Еркін Абдоллаұлы, Ерболат Қызыкенұлы, Қайрат Сейфуллин, Нұрлыбек Қыдырханұлы, Ермұрат Зейіпхан және т.б. сазгерлердің әндері мен Әділ Сәлімханұлы, Құрманбек Әлімғазыұлы, Риза Қайырбайқызы, Раушан Әлімжанқызы және «Аршын» тобы тәрізді орындаушылардың өнерімен танысуға болады.

5 жыл бұрын (2006) Еуропада тұратын қандастарымыз үшін қазақ тілін үйренуге арналған компьютерлік интерактивтік бағдарламаның тұсаукесер рәсімі өтті. Алматыда өткен «Шетелдегі қазақтар: тіл және ақпарат» тақырыбындағы дөңгелек үстел аясында ұйымдастырылған рәсім барысында оны бағдарлама авторы - Рамазан Жәшиев көпшілік назарына ұсынды. Оның айтуынша, осы бағдарлама арқылы тілді аудармасыз, әрі жеңіл үйренуге болады. Аталмыш бағдарламаны пайдаланған талапкер түрік тілі арқылы қазақ тілін үйрене алады. Сондықтан оны тек Еуропа қазақтары ғана емес, сонымен бірге түрік тілін білетін кез-келген ағайын өз кәдесіне жарата алады. Бағдарламада тіл үйренушінің өз бетімен жұмыс істеуіне де қолайлы мүмкіндіктер қарастырылған.

3 жыл бұрын (2008) Семейдің шетіндегі Мұрат ауылында жаңа мешіт ашылды. Бұл нысан Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Ғаббас Ыбыраевтың жеке қаржысына салынып отыр. 300 адамға есептелген жаңа мешітте түрлі рәсімдер өткізуге арналған жеке залдар бар. Мешіттің жанынан сондай-ақ, имамға арналған тұрғын үй де салынды.

3 жыл бұрын (2008) Арал ауданында ұн тартатын зауыт іске қосылды. Бұл кәсіпорынның жұмысы ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған еді. Бұрындары зауытта тәулігіне 96 тонна бидай тартылса, енді ол көрсеткіш екі есеге артты. Қажетті шикізат Қостанай және Ақмола облыстарынан жеткізіледі.

1 жыл бұрын (2010) Астанада «Бірлігіміз жарасқан» атты Ұлттық сыйлықтың таныстырылымы болды. Әрбір азамат қаһарманға лайық деп тапқан досын, туысын, тіпті өзін ұлттық сыйлыққа үміткер ретінде ұсына алады. Әрбір азамат қаһарманға лайық деп тапқан досын, туысын, тіпті өзін ұлттық сыйлыққа үміткер ретінде ұсына алады. Ол үшін Қоғамдық саясатты дамыту институтының директоры Шолпан Байболованың атына хат жазуы керек (e-mail: info@lichnost.kz). Хатта ұсынылған адамның неліктен бұл сыйлыққа лайықты тұлға екендігін, оның ерлігі баяндалған әңгімесі толық жазылуы тиіс.

1 жыл бұрын (2010) Таразда Орталық мешіт жанындағы hибатулла ат Тарази медресесінің жаңа корпусы ашылды.

«Бұл -Қазақстанда тиісті ресми лицензияға ие тоғызыншы медресе», - деді Қазақстанның Бас мүфтийі Әбсәттар қажы Дербісәлі алғысөзінде. Ол сондай-ақ, медресенің құрылысына

еліміздегі конфессияаралық келісімді нығайтуға өз үлестерін қосуды мақсат еткен 20 шақты қазақстандық компанияның атсалысқанын атап көрсетті.

Аймақ басшысы Қанат Бозымбаев өз сөзінде, осынау игі шараға атсалысқан барлық компанияларға алғысын білдірді.

Жаңа корпуста екі оқу сыныбы, неке қию бөлмесі, ғибадатхана, асхана, кітапхана, мәслихат залы бар. Бастапқы кезеңде бұл жерде 20 бозбала тегін оқитын болады, оқу мерзімі 2 жыл 10 ай.

ЕСІМДЕР

50 жыл бұрын (1961) Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар жөніндегі проректоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор, Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері АРЫНҒАЗИН Асқар Қанапияұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. Еңбек жолы - Қарағанды мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері, аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, Қарағанды мемлекеттік университеті жанындағы Іргелі зерттеулер институтының директоры, Еуразия ұлттық университеті жанындағы Іргелі зерттеулер институтының директоры, Еуразия ұлттық университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыс жөніндегі проректоры. Қазіргі қызметінде 2006 жылдың қыркүйегінен бастап істейді.

«Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін» кеуде белгісімен, мельдермен марапаталған.

60-тан астам ғылыми еңбектің авторы.

ҚАЗАННЫҢ 7-І, ЖҰМА

ОҚИҒАЛАР

65 жыл бұрын (1946) Алматыдағы Қазақ опера және балет театрында «Біржан - Сара» операсының премьерасы қойылды. Операның авторы М.Төлебаев, либреттосын Қ.Жұмалиев жазған. Алғашқы қойылымдағы Біржан бейнесін Ә.Үмбетбаев сомдаса, Сараны К.Байсейітова ойнады. «Біржан - Сара» - көп актілі лирикалық-драмалық опера. Оның негізіне XIX ғасырда өмір сүрген ақын, әнші-композитор Біржан сал мен Сара ақынның айтысы алынған. Операға 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген.

3 жыл бұрын (2008) Астанада үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырып жатқан жобалары таныстырылды.

Аталмыш шараға жиналғандар онда үкіметтік емес ұйымдардың «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру ісіне үлес қосу», «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыруға қолдау көрсететін арнайы қызмет құру», «Есірткіге еліткендерді әлеуметтік бейімдеу», «Есірткіге тәуелді адамдарға арналған әлеуметтік бюро құру», «Жылдың үздік отбасы», «Журналистер арасында азаматтық қоғамды дамытуға байланысты байқау ұйымдастыру», «Зорлық-зомбылық құрбандарына арналған сенім телефондары» сияқты өзге де көптеген жобаларымен танысты. «Бүгінде елорданың үкіметтік емес секторына қолдау көрсету мақсатында Астана қаласының әкімдігі «Үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға арналған орталық» құрды. Орталық аталған ұйымдарға тегін көмек көрсетеді», деді аталған орталықтың төрайымы Алтынай Көбеева. Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Астанада 300-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркеліп, жұмыс істеуде.

1 жыл бұрын (2010) Сербия Президенті Бория Тадичтің Қазақстанға ресми сапары аясында бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Тараптар Астана мен Белградтың халықаралық саясаттағы көп ұстанымдары жақын екенін және екі елдің арасында қандай да бір саяси қарама қайшылықтар жоқ екендігін атап өтті.

Екі елдің министрлері сауда-экономикалық ынтымақтастық жөнінде пікір алмаса отырып, бұл қатынастар екі елдің шын мәніндегі мүмкіндіктеріне сай келмейтіндігіне баса назар аударды. Кездесу соңында екі елдің қарым-қатынастарын нығайтуға бағытталған бірқатар үкіметаралық және мекемеаралық келісімдерге қол қойылды.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1951) кино және театр актері, Қазақстаның халық әртісі, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның әртісі, әнші, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, КСРО кинематографистер одағының мүшесі ЖОЛЖАҚСЫНОВ Досқан Қалиұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында туған. Алматы мемлекеттік өнер институтын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория) бітірген. 1971 жылдан бастап Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері. 1995-2001 жылдары - Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі болған. Актер театр сахнасында және кинода 200-ден астам бейнені сомдаған. Жолжақсыновтың актерлік өнеріне сезім тереңдігі, сахналық әрекет шынайылығы тән. Жолжақсынов - ұлттық кино өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан актерлердің бірі. «Гауһартас», «Даладағы қуғын», «Алтын күз», «Омпа», «Ақ барыстың ұрпақтары», «Көшпенділер», «Біржан сал», «Искупи вину», «Человеческий фактор», «Монопат Утнапштити» т.ю фильмдерге түскен.

45 жыл бұрын (1966) экономика ғылымының кандидаты ДУНАЕВ Арман Ғалиасқарұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Сергей Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін және М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің асприантурасын бітірген. 1991-1992 жылдары - «Сервис-Центр» ғылыми-техникалық қоғамының кеңесшісі. 1992-1993 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігі сыртқы байланыс бөлімінің меңгерушісі, бас маманы. 1993-1998 жылдары - «Астана-Холдинг» Қазақ холдингтік компаниясы инвестициалық бағдарлама басқармасының директоры, бастығы, инвестициалық бағдарлама бөлімі бастығының орынбасары, бастығы, сыртқы байланыс бөлімінің бастығы, бас маманы қызметтерін атқарған. 1998-2000 жылдары - «ТұранӘлемБанкі» жабық акционерлік қоғамы инвестициалық және халықаралық бағдарламалар басқармасының бастығы. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік борыштар департаменті директорының міндетін атқарушысы, директоры болған. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі. 2003-2004 жылдары - «Ұлттық инновациялық қор» ЖАҚ басқармасының төрағасы. 2004 жылдың наурыз айынан - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бірінші вице-министрі. 2004-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрі. 2006-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің төрағасы. 2008 жылы - «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы. 2008-2011 жылдары - «СамұрықҚазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары. 2001-2002 жылдары - «Қазақстан даму банкі» ЖАҚ директорлар кеңесінің мүшесі. 2002-2003 жылдары - «Қазақстан даму банкі» ЖАҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Кіші кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ директорлар кеңесінің мүшесі. 2008-2009 жылдары - «Kazyna Capital Management» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. 2009 жылы - «ТұранӘлемБанкі» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы. 2008-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі. 2007-2008, 2009-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшесі.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медалідарымен марапатталған.

ҚАЗАННЫҢ 8-І, СЕНБІ

ОҚИҒАЛАР

1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы көрсетілген қызмет саласындағы қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы саласында жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1931-1989) техника ғылымының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ҚҰРМАНҒАЛИЕВ Марат Рамазанұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Бауман атындағы Мәскеу жоғарғы техникалық училищесін бітірген. 1955 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан ғылым академиясы Энергетика ғылыми-зерттеу институтының зертханашысы, кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі болған. Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанда өндірілетін көмірлерді циклондық оттықта жағу процестеріне арналған. Қуаты күшті энергетикалық қондырғылардың көміртозаңдандырғыш қазандықтарда сапасы төмен көмірлерді жағу құбылыстарын оттық модельдерде зерттеу әдістемесін өндіріске енгізді. Көмірді қайнаған қабатта, кейінірек айналмалы қайнаған қабатта жағуды зерттеген. 200-ден астам ғылыми еңбектің, 5 монографияның, 50-ден астам патенттің авторы.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

ҚАЗАННЫҢ 9-Ы, ЖЕКСЕНБІ

Бүкіләлемдік пошта күні

1969-ыншы жылы Токиода өткен Дүниежүзілік пошта одағының XVI конгресінің шешімі бойынша өткізіледі.

Қазір қызмет көрсететін байланыс түрлерінің арасында бәрінен бұрын пошта пайда болған. Бүгінде ол, тіпті телефон желісі мен электр қуаты жетпейтін елді мекендерге де, яғни, бүкіл әлемге дерлік жайылған.

Бәлкім, уақыт өте келе пошта байланысы қарым-қатынас жасаудың басқа да шапшаңырақ түрлеріне орын берер, бірақ хаттар мен түрлі-түсті ашық хаттар ғана өткен оқиғаларды еске түсіріп қала бермек. Жақын адамдарыңызға хат жазыңыз, олардың жүректерінде өзіңіз туралы естелік қалдырыңыз!

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2006) қазақстандық «Futurtech» компаниясы үндістанның жетекші компаниясы NIIT-мен бірлесе отырып, Алматыда ақпараттық технология саласында білім беретін орталық ашты. Ақпараттық технология саласында білім беретін әлемдегі ең үздік компаниялардың алғашқы ондығының қатарындағы NIIT компаниясын Қазақстанға әкелген «Futurtech» компаниясы - Елбасының «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру» стратегиясын жүзеге асыру мақсатында «Lancaster Group Kazakhstan» АҚ мен «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ның бірлесуінен құрылған ұйым. Түрлі деңгейде білім беретін орталық MasterMind әдісінің ең жаңа жүйесін ұсынады. Әртүрлі бағыттағы бағдарлама бойынша білім беретін орталыққа өтініш білдірген студент не маман 1 айдың ішінде оқуын бастай алады. Оқу мерзімі таңдаған бағдарлама бойынша 3 айдан 3 жылға дейін болады.

3 жыл бұрын (2008) Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғалымдары мен Жоғарғы сот әзірлеген 2009-2011 жылдарға арналған Сот білімі стратегиясының жобасы таныстырылды. Ғалымдардың айтуынша, Сот білімі стратегиясы судьялардың біліктілігін арттыру, сот білімін жетілдіріп, судьяларды дайындау шараларының сапасын жоғарылату мақсатында әзірленген. ҚР Жоғарғы сотының Сот жүйесін зерттеу жөніндегі орталықтың меңгерушісі Ермек Абрасұловтың сөзіне қарағанда, аталған стратегияны жүзеге асыру барысында сот білімі бағдарламалары мен әдістемелерін, оқу жоспарларын жетілдіру қарастырылып отыр. Оның аясында жыл сайынғы талдау жүргізу, дәрістердің сапасы мен курстарды жоғарылату мәселелері қамтылған.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1951) С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық білім академиясының академигі ҒАЗАЛИЕВ Арыстан Мәуленұлы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін бітірген. Еңбек жолы - Қарағанды мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, Қарағанды кооперативтік институтының доценті, Органикалық синтез және көмір химиясы институтының ғылыми хатшысы, зертхана меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, Қарағанды университетінің проректоры, Органикалық синтез және көмір химиясы институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болған.

Ғылыми зерттеу еңбектерінің негізгі бағыты жаңа биологиялық активті заттарды жасауға арналған. Ол табиғи алкалоидтарды модификациялаудың химиялық және электрхимиялық өндірістік әдістерін жасады, изотиоцианатофосфор қышқылы эфирлерін электрхимиялық синтездеудің жаңа реакциясын ашты, кванттық химия әдістерін пайдалану арқылы бірқатар алкалоидтардың тұңғыш рет электрондық құрылымын анықтады.

Ол Ресей ғылым академиясының «Ғылыми серіктестікке қосқан үлесі үшін» алтын медалінің иегері, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

400-ден астам ғылыми жұмыстың, монографияның, оқулықтар мен кітаптардың, авторлық зерттеулер мен патенттердің авторы.