«ҚазАқпарат» әлемнің 18 бұқаралық ақпарат құралымен ынтымақтастықты жолға қойған

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» әлемнің 18 бұқаралық ақпарат құралымен ынтымақтастықты жолға қойған. Бұл туралы бүгін ТМД мемлекеттік ақпарат агенттіктері басшылары кеңесінің XVIII отырысында «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Дәурен Дияров мәлім етті.

Оның атап өтуінше, агенттік ТМД, Италия, Испания, Қытай, Оңтүстік Корея, Болгария елдерінің бұқаралық ақпарат құралдарымен келісімге қол қойған.

«Қазіргі уақытта ВВС NEWS, CNN, EURONEWS, FRANСE PRESS, THOMSON REUTERS, BLOOMBERG, NEWS CORPORATION, DOW JONES сынды әлемдік ірі БАҚ-тармен, медиахолдингтармен ынтымақтастық орнату туралы мәселе талқылану үстінде», деді Д.Дияров.

Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, бүгінде «ҚазАқпарат» «ТМД Ақпарат кеңесі», ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық ақпарат агенттіктері қауымдастығы сынды ұйымдардың мүшесі болып табылады. Айта кетейік, ТМД Ақпарат кеңесін құру туралы келісімге 1995 жылдың 3 қарашасында Мәскеуде қол қойылған еді. Оның құрамына Достастық елдері мемлекеттік ақпарат агенттіктерінің басшылары кіреді. Ақпарат кеңесі Достастыққа қатысушы мемлекеттердің ақпараттық саладағы өзара іс-қимылдары мен ынтымақтастығын қамтамасыз ету, тәжірибе алмасу, бірыңғай ақпараттық Еуразиялық кеңістік құру үшін әріптестікті нығайту мақсатында құрылған.