ПАРЛАМЕНТ
12 қарашада ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысы болады.
Өзге мемлекеттік құрылымдар
12 қарашада ҚР Мәдениет министрі М.Құл-Мұхамедтің Моңғолия Вице-министрі Куланда Чанойдынмен кездесуі болады.
12 қарашада Статистика агенттігінің төрағасы А.Смайыловтың қатысуымен 2009 жылғы ұлттық халық санағының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
АСТАНА
12 қарашада «Қазақстандағы неміс тілі: жағдайы мен болашағы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізіледі.
12 қарашада «Астанадағы мұрағат ісінің дамуы: тәжірибесі, проблемалары мен болашағы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізіледі.
12 қарашада «Қабылданып жатқан заң жобаларының әлеуметтік-экономикалық зардаптарына баға беру және ҚР заң жобаларының ғылыми экономикалық сараптамасы» тақырырыбында дөңгелек үстел өтеді.
12 қарашада Еуразия университетінде «Қазақстан - бейбітшілік пен келісім бесігі» патриоттық науқаны өткізіледі.
12 қарашада Еуразия университетінде «ЕҚЫҰ - еуразиялықтың жаңа өлшемі» дөңгелек үстелі өткізіледі.
12 қарашада «Азия ойындары балалар көзімен» балалар шығармашылығы республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі.
12 қарашада шорт-тректен ашық чемпионаттың жеңімпаздарын марапаттау өтеді.
12 қарашада Астана қаласының ЕХРО - 2017 көрмесін өткізу құқығына ие болу сұранысын ұсынуы туралы баспасөз мәслихаты өтеді.
12 қарашада «Болашаққа ұмсынған Қазақстан» жобасы аясында «Мың жолдар түбегі» көрмесі өтеді.
АЛМАТЫ
12 қарашада Экономикалық саясат бойынша «Аймақтық экономикалық интеграция форумы» тақырыбында 6 Форум өтеді.
12 қарашада Үшінші Медиа-құрылтай өтеді .
12 қарашада азаматтардың дінге сену еркіндігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған республикалық семинар болады.
12 қарашада сатушылар мен сатып алушылар кездесуі өтеді (формат В2В).
12 қарашада 2011-2020 жылдарға арналған қарт адамдардың жағдайын жақсартудың Ұлттық іс-әрекет жоспарының жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысы өткізіледі.
12 қарашада «Мемлекеттік тіл - интеллектуалды ұлттың қалыптасуының негізі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізіледі.
12 қарашада А.Есімовтың қатысуымен әлемдік деңгейдегі алғашқы спорт орталығының ашылуы өткізіледі.
12 қарашада А.Есімовтың дарынды студенттермен кездесуі болады.
12 қарашада «Мегаполис экологиясы - құрт ауруының туындауының кепілі» баспасөз мәслихаты өтеді.
12 қарашада 2-інші еуразиялық оқулар болады.
12 қарашада ақын Темірхан Медетбекпен кездесу өтеді.
12 қарашада «Қарлығаш - аналар кәмелетке толмағандардың шылым шегуіне қарсы» қоғамдық қозғалысының акциясы өтеді.
12 ҚАРАША, ЖҰМА
5 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасы халықаралық әуе қатынастарындағы транзит туралы келісімге қосылды.
Мақсаты - уағдаласушы мемлекеттер арасындағы олардың аумағы арқылы қонбай ұшу және жүйелі халықаралық әуе қатынастарына қатысты коммерциялық емес мақсаттарда қону артықшылықтарын беру, өзара келісім жасаушы елдер арасындағы тұрақты әуе қатынастары кезінде оларға өзара ұшып өту және коммерциялық аялдама жасау құқықтарын жан-жақты алмасу мүмкіндіктерін беру болып табылады. Қазақстанның аталмыш келісімге қосылуы, сондай-ақ халықаралық әуе рейстерінің ел аумағы арқылы транзитінен қосымша кірістер алуға да мүмкіндік береді.
1 жыл бұрын (2009) Қарағанды облысының Жастар бастамалары орталығы» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Қарағандыда «Жас көшбасшы мектебі» жобасы іске қосылды.
Жобаның мақсаты - белсенді жастармен жұмыс істеу, келешекте олар жастар саясаты саласында жұмыс істеулері үшін олардың көшбасшылық қасиеттерін дамыту және психологиялық мәдениетін қалыптастыру.
1 жыл бұрын (2009) Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде - (ол кездегі Қазақ тау-кен металлургия институты) білім ордасының бірінші басшысы болған Әшір Бүркітбаевқа ескерткіш-мүсін қойылды. Орал-Қазақстан өнеркәсіп академиясын үздік бітірген маман. Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы, кейіннен Риддер қалалық партия комитетінің хатшысы болып істеген. Әшір Жаналыұлы Қазақстан тарихындағы бірінші инжеиерлік-техникалық институтты, іс жүзінде жоқтан ұйымдастырылған институтты басқара отырып, өте ауыр жұмыспен яғни, республикадан сыртқары «шығып», Одақтың ірі өнеркәсіп, жоғары оқу орны мол аймақтарынан танымал ғалым-педагогтарды институтқа тарту ісімен айналысқан.
1 жыл бұрын (2009) Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық политехникалық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Шердебаевтың орыс тілінде жарық көрген «Мұнай: кеше, бүгін, ертең» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Кітаптың таныстырылымы ҚазҰТУ-дің 75-жылдық мерейтойының шеңберінде өтті. Шара аясында кітаптың авторы еліміздің техникалық жоғары оқу орнындарының кітапханалық қорына салтанатты түрде тапсырды.
Равиль Шердебаев - экономика ғылымының докторы, профессор, халықаралық минералдық ресурстар академиясының академигі, халықаралық инженерлік және экономикалық еуразия академияларының академигі. Мұнайшылар отбасынан шыққан ол Қазақстанның Украина мен Молдовадағы елшісі, Атырау облысының әкімі, Қазақстанның мұнай және газ өнеркәсібінің тұңғыш министрі, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, «Теңізшевройл» біріккен компаниясының тұңғыш президенті қызметтерін атқарған.
ОҚИҒАЛАР
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1905-1981) композитор, Қазақстанның халық әртісі, профессор, қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін салушы БРУСИЛОВСКИЙ Евгений Григорьевич дүниеге келді.
Ресейдің Дондағы Ростов қаласында туған. Ленинград (қазіргі Санкт-Петербор) консерваториясын бітірген.
1933 жылы КСРО Композиторлар одағының жолдамасымен Алматыға келді. 1933-1934 жылдары - Қазақ музыкалық драма техникумы жанындағы халық музыкасының ғылыми-зерттеу кабинетінде қызмет етті. 1934-1938 жылы Қазақ музыка (қазіргі Қазақ опера және балет театры) театрының музыкалық жетекшісі, 1939-1956 жылдары - Қазақстан композиторлар одағы басқармасының төрағасы, мүшесі. 1944-1951 жылдары - Қазақ филармониясының көркемдік жетекшісі. 1944-1970 жылдары - Алматы консерваториясының композиция кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Брусиловский қазақ музыка өнерінде еуропалық бағыттағы шығармашылық мектептің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Ол 9 опера, 2 балет, 9 симфония, «Кеңестік Қазақстан» атты кантата, оркестрге, аспаптарға арналған концерттер, 500-ден астам әндер мен романстар, сондай-ақ, Қазақстанның бірінші әнұранының музыкасын (М.Төлебаев және Л.Хамидимен бірге) жазып, қазақтың ұлттық әндерін өз шығармаларында жоғары шеберлікпен пайдаланды. Сонымен қатар 250-ден астам қазақ ән-күйін жазып алған. «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» сияқты алғашұы қазақ операларының авторы. 1970 жылдан Мәскеуде тұрып, қазақ тұрмысы тақырыбына 8-ші және 9-шы симфонияларын, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» балетін жазды. Оның шәкірттері Бақытжан Байқадамов, Анатолий Бычков, Кенжебек Күмісбеков, Құдыс Қожамияров, Нағым Меңдіғалиев, Қапан Мусин, Сыдық Мұхамеджанов, Еркеғали Рахмадиевтер - Қазақстанның белгілі композиторлары. Орыс және қазақ тілдерінде «Естеліктер» атты кітабы жарық көрген.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
Алматы қаласында Брусиловскийдің атында көше бар.
50 жыл бұрын (1960) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ӘБДІЛМАНОВ Болат Мәзімбайұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Ақсу ауданында туған. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген.
1985-1992 жылдары - Қазақ жастар мен балалар театрында жұмыс істеді. 1992 жылдан - Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрынның ұжымында қызмет атқарады.
Ол Мұхтар Әуезовтің «Абайында» Абай, «Айман-Шолпанында» Арыстан, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында» Қодар, У.Шекспирдің, Петручио, Г.И.Гориннің т.б. (50-ден астам) қазақ және шет ел классикалық драматургиясы бойынша қойылған спектакльдерде басты рөлдерді ойнады. Сондай-ақ, «Бойся, враг, девятого сына» (Жомарт) «Сағыныш» (Боранбай), «Заман-ай» (Есет), «Ақын арманы» (С.Торайғыров), «Аллажар» (Тергеуші), «Застава» (Шейх), «Қош бол, Гүлсары» (Прокурор) «Біржан сал», «Прыжок Афалины» (Қйрат Мерекен) атты көркем фильмдеріне, «Қарашегіртке» (Дастанов), «Ағайынды» (Айбар), «Арман қала» (Мансұр), «Откройте дверь - я счастье!» (Аманжол) телесериалына түскен. Гастрольдік сапармен Қазақстанның барлық қалаларында, Өзбекстан мен Қырғызстан, т.б. елдерде болып өнер көрсеткен.
Медальдармен марапатталған.
13 ҚАРАША, СЕНБІ
Зағиптардың халықаралық күні
1784 жылы Парижде зағиптарға арналған әлемдегі тұңғыш интернатты ашушы, ағартушы, тифлопедагогиканың негізін қалаушы француздық Валентина Гаюидің (1745-1822) туған күніне орай атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2007) Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы тұсынан Сыр өзені арқылы өтетін жаңа көпір іске қосылды.
Енді бұл көпір арқылы дарияның арғы бетіндегі ондаған ауылдың мыңдаған тұрғыны еркін қарым-қатынас жасайды, бұрын осы жерден халық паром мен қалқымалы көпір арқылы өтетін.
3 жыл бұрын (2007) Астанада ТМД-ға мүше елдердің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің Астанада өтіп жатқан ІІ форумы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Фолиант» баспасынан шыққан «Бабалар сөзі» қазақ фольклоры көп томдығының алғашқы кітаптары таныстырылды.
100 томдық жинақтың алғашқы 35 кітабында халқымыздың батырлар жырлары мен тарихи жырлары, хикаялар, ғашықтық және діни дастандары топтастырылған. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарыққа шығып отырған «Бабалар сөзі» шығармалар жинағының алғашқы 35 томы Қазақстанның және шетелдің мұрағаттарынан алынған тарихи қолжазбалардың негізінде үш жыл бойы басылып келген. Енді жинақтың қалған 65 томын алдағы 5 жылдың ішінде шығару жоспарланып отыр»,- дейді «Фолиант» баспасының редакторы Раушан Тұрлынова. Сондай-ақ іс-шара барысында «Аударма», «Раритет» және «Балалар әдебиеті» баспаларынан шыққан жаңа кітаптардың таныстырылымы болды.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1940) әнші, композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Д.А.Қонаев атындағы Халықаралық қор басқармасының мүшесі, Орталық Азия Халық академиясының академигі, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры ХАСАНҒАЛИЕВ Ескендір Өтегенұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.
1965-1968 жылдары - Қазақ радиосының музыка редакциясынның редакторы. 1968-1970 жылдары - Қазақ қыздар педагогикалық институтында оқытушы әрі «Айгүл» вокалдық квартетінің жетекшісі болды. 1970 жылдан - Қазақстан Телевизия және радиохабар жөніндегі комитетінің әншісі.
Оның алғашқы әні 1961 жылы «Анаға сәлем» деген атпен елге танылып, одан кейін «Асыл арман», «Атамекен», «Бозторғай», «Әдемі-ау» т.б. жұртшылық сүйіп айтар әндер жазды. Сонымен қатар «Тақыр», «Нан мен тұз» фильмдеріне «Студенттер» спектакліне музыка жазды. Композитордың 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармалары бар. Әндері бірнеше рет үнтаспаға және компак-дискіге басылып шыққан.
«Құрмет» орденімен марапатталған. Қазақстан Комсомолы сыйлығының иегері.
55 жыл бұрын (1955-2002) Халықаралық дәрежедегі хоккейден спорт шебері, Олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы АЛЕКСАНДРОВ Борис Викторович дүниеге келді.
Өскемен қаласында туған. Өскемен педагогикалық институтын бітірген. Ол Өскемен хоккей мектебінің ең жақсы хоккейшісі болды.
«Торпеда» (Өскемен) жасөспірімдер құрама командасында ойнаған. Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ю.Тарховтың шәкіртті. ЦСКА командасының құрамында КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы.
1980-1983 жылдары - «С» командасында (Мәскеу). 1983-1989 жылдары - «Торпеда» командасында. 1989-1991 жылдары - Италияның, 1991-1992 жылдары - Венгрияның жоғары лигасының клубында өнер көрсеткен. 1993-1994 жылдары - «Торпеда» командасында. 1994 жылдан - «Торпеда» командасының аға жаттықтырушысы. 1997 жылдан - Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы қызметін атқарған.
Өскемен қаласындағы Спорт сарайына Александровтың есімі берілген.
50 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі КАМАЛИЕВ Берік Сайлауұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. Қарағанды политехникалық институтын (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті), Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.
1982-1984 жылдары - Жезқазған қаласындағы 21636 ә/б құрылыс-монтаждау учаскесінің прорабы. 1984-1987 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Қарағанды обкомының екпінді құрылыс секторының меңгерушісі. 1987-1992 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Қарағанды обкомының студенттік отрядтар штабының командирі. 1992-1993 жылдары - «Мерей» ЖШС-інің директоры, Қарағанды қаласы. 1993-1995 жылдары - Қарағанды облыстық күрделі құрылыс жөніндегі «Казагропромтехника» бірлестігі төрағасының орынбасары. 1995-2001 жылдары - «Самал» сауда үйінің бас директоры, Директорлар кеңесінің төрағасы. 2001-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Қарағанды облыстық автомобиль жолдары басқармасының бастығы. 2004-2005 - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі. 2005-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы. 2006-2009 жылдары - Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары. 2009-2010 жылдары - «Сарыарқа» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы қызметтерін атқарған. 2010 жылғы сәуірдіен бастап - қазіргі қызметінде.
14 ҚАРАША, ЖЕКСЕНБІ
Қант диабетіне қарсы күрестің дүниежүзілік күні
БҰҰ Бас Ассамблеяның 2006 жылғы желтоқсанның 20-дағы арнайы қарарында №А/RES/61/225 жарияланған. 2007 жылдан бастап, 14 қарашада жыл сайын аталып өтеді.
Алғашқы рет Дүниежүзілік диабет күні 1991 жылы IDF пен ДДҰ өткізілген. Оның мақсаты дүниежүзін диабетке қарсы келтіру болды. Бұл жаһандық диабетикалық қоғамдарының бірігуінің бастауы болды. Дүниежүзілік диабет күнін жыл сайын инсулин гормонын бірлесе ашқан канадалық физиолог Фредерик Грант Бантингпен және профессор Джон Маклеодтың дүниеге келген күнге орай атап өтіледі. Бүгін дүниежүзілік диабет күні IDF мүшелері мен оның серіктестерінің қызметінің арқасында 145-тен аса әлем елдері миллиондаған адамдарды диабетикалық бірлестікте қамтып отыр. Бұл күн адамдарға диабет меселесі бар екенін естеріне түсіре отырып мемлекет пен қоғам ұйымдарын, фармацевтикалық компанияны, дәрігерлер мен емделушінің жағдайларын жақсарту керек.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2007) Қостанайда әр уақыттағы жергілікті соғыстарда қаза болған жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіш облыс орталығының Жеңіс саябағында орнатылды.
Ескерткіштің салтанаты ашылу рәсімі барысында әскери бөлімнің командирі Сәбит Тасдәулетов атап айтқандай, ескерткіш тек ауған соғысының ардагерлеріне ғана емес, сонымен қатар - Корея, Вьетнам, Куба, Чехословакия сынды елдерде болған соғыстардың қатысушыларына да арналған.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің «Жүрегімді жұлқиды тәңір сөзі» атты таңдамалы 3 томдығының және «Жүрекжарды», «Жасыл от» туындыларының тұсаукесері болып өтті.
Нұрлан Оразалин Алматы облысы Ұйғыр ауданынында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық үниверситеті) филология факультетін бітірген. Оның бірінші «Беймаза көңіл» атты кітабы 1977 жылы жарық көрді. Ақынның «Сырнайлы шақ», «Жетінші құрлық», «Ғасырмен қоштасу», «Жүрек жарды», «Жасыл от» («Зеленый огонь» орыс тілінде) сынды жыр жинақтары жарық көрген. «Азаттық айдыны» атты көркем публицистикалық эссе-толғаулар кітабы, «Қырғын» атты драмалық шығармалар жинағы да оқырман талғамына ұсынылған. Сондай-ақ пьесалары ел театрларында қойылып келеді. Ол - жүздеген әдеби көркем сын, публицистикалық мақалалар авторы. Шығармалары орыс, украин, қырғыз, болгар, түрік, молдаван, өзбек тілдеріне тәржімаланған.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1979) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген гидротехнигі ЖОЛАЕВ Рахмет Жанғазыұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданында туған. Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру институтын бітірген.
1935-1945 жылдары - Шымкент, Алматы қалаларында оқытушы, ғылыми қызметкер. 1945-1956 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының Энергетика институты зертханасының меңгерушісі. 1956-1962 жылдары - осы институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1962-1973 жылдары - Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының ректоры. 1973-1979 жылдары - Қазақ мемлекеттік су шаруашылығын жобалау-зертеу институтының (Казгипроводхоз) ғылыми кеңесшісі.
Оның негізгі ғылыми зерттеулері гидротехникалық құрылыс және су шаруашылығы мәселелеріне арналған. Ол тау өзендерінен су тартқыш құрылғылардың тиімді түрлерін зерттеп, олардың Қазақстан, Қырғызстан және Түрікменстанның гидротехникалық құрылыстарында пайдалануына ұйытқы болды. Сондай-ақ, күріш егістігіне су жіберуді реттеу әдістерін ұсынып, суды бөлудің теориялық негіздерін зерттеді.
15 өнертапқыштың авторы.
Қазан Революциясы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1950) жазушы, аудармашы СӘУКЕТАЕВ Тұрысбек дүниеге келді.
Алтай өлкесінде туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1975-1989 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясында аударма фильмдер бірлестігінде аудармашы. 1989-1999 жылдары - «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. Қазір «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары қызметтін атқарады.
Оның «Ұстаз» деп аталатын алғашқы өлеңі 1965 жылы Күршім ауданы «Коммунистік еңбек» газетінде жарияланған.
«Сүткенже», «Айлы түн еді», «Қайыңдар, аппақ қайыңдар», «Көлеңкелер патшалығы» атты прозалық кітаптары, және «Ай қараңғысы», «Желқайық» атты романдары жарық көрді. Сонымен қатар аударма саласында да жемісті еңбек етіп, 200-ден астам киносценарий мен Ги де Мопассанның, Амброз Бирзстің новеллалары, Голдо Мейердің «Менің өмірім» атты ғұмырнамалық повесін тәржімалаған.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Ерен еңбегі үшін медалімен» марапатталған.