ЕЛБАСЫ
18 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарын жасайды деп күтілуде.
ҮКІМЕТ
18 наурызда сағат 11-00-де Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының су тасқының алдын алу және жоюға дайындығы» тақырыбында брифинг өткізіледі.
18 наурызда Министрлер үйінде «Ұлттық заңнаманы жүйелендірудің өзекті мәселелері» тақырыбына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
ҚОҒАМ
3 наурыз бен 3 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.
18 наурыздан бастап еліміздің әрбір азаматы сайлаушылардың тізімімен таныса алады.
19 наурызда Орталық сайлау комиссиясы еліміздің барлық аймақтарында 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауын ұйымдастырушылармен оқыту семинарларын аяқтайды.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
15 және 18 наурыз аралығында Бейжіңде Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығында аталмыш бірлестіктің Ұлттық үйлестірушілер Кеңесінің (ШЫҰ ҰҮК) кезекті отырысы өтеді.
18 наурызда Мәскеуде ТМД қатысушы-мемлекеттерінің «20 жыл бірге: ынтымақтастық тәжірибесі және болашағы» халықаралық экономикалық форумы өтеді.
24 және 25 наурызда Астанада қазақ-американжыл сайынғы саяси консультациялардың екінші отырысы өтпек. Шара барысында қауіпсіздік, саясат, демократия мен адам құқықтары, экономикалық және әлеуметтік даму, энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылау жоспарлануда.
АСТАНА
18 наурызда Астана әкімдігінде «Жастар саясатының елордалық бағыты» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болады
18 наурызда «Нұр-Астана» мешітінде Ұлыстың ұлы күні -Наурызға арналған уағыз болады.
18 наурызда Конгресс-Холда Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің елордалық департаменті «Үйлестірілетін коммуналдық қызметтердің тарифтік саясаты» деген тақырыпта жиын өткізеді.
18 наурызда №65 орта мектепте Наурыз мерекесіне арналған мерекелік шара болады.
18 наурызда Көліктегі Ішкі істер департаментінде Наурыз мейрамына арналған іс-шара өтеді.
АЛМАТЫ
19-20 наурызда Алматыда қазақ блогшыларының әлемге танымал баркэмп форматындағы бірінші бейресми жиыны өтеді
24-27 наурыз күндері Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында "Театр көктемі - 2011" фестивалі өтеді.
АЙМАҚ
ПАВЛОДАР
19 наурызда Павлодарда нұротандықтардың ұйымдастыруымен экологиялық сенбілік өтеді.
ОРАЛ
15-20 наурызда Орал қаласында волейболдан әйелдердің жоғары лига командалары арасында ел біріншілігінің 4-туры өтеді.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
НАУРЫЗДЫҢ 18-І, ЖҰМА
Париж коммунасы күні. 1871 жылы тұңғыш пролетарлық революция жүзеге асып - Париж коммунасы құрылды. 1872 жылғы 20 ақпаннан бері Париж коммунасының күні ретінде аталып келеді.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2008) Мәжіліс үйінде депутат Уәлихан Қалижанның «Президент» деп аталатын жаңа кітабының таныстырылымы болып өтті.
Кітапта еліміздің тұңғыш Президенті, есімі әлемге әйгілі саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның егемендік алғаннан бергі атқарған қызметтері жайлы, еліміздің аймақтарына, алыс және жақын шетелдерге барған сапарлары туралы, тарихи сәттерде сындарлы шешім қабылдаған сәттері жөнінде жазылған.
Кітаптың мазмұны терең. Жылдар өткен сайын бұл кітаптың тарихи, әдеби құндылығы арта түседі», - деді. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Бұл туынды жеке Президенттің атқарған қызметін көрсетіп қана қоймайды. Мұнда тарих жатыр. Біздің тарихымыздың өзі үзік-үзік. Әлі түгел емес. Тарихшылар осы уақытқа дейін біртұтас қазақ елінің тарихын жаза алған жоқ. Оны болашақ ұрпақ жазады деп ойлаймын. Соның сүбелі бір саласы осы «Президент» деген кітап.
Кітап Алматы қаласындағы «Құс жолы» баспасынан жарық көрген. Кітаптың көлемі 24,5 баспа табақ. Таралымы бір мың дана.
1 жыл бұрын (2010) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Көксарай су тоспасының ашылу рәсіміне қатысты.
Көксарай - Арыс ауданында, Сырдария өзенінде салынған су қоймасы.
Енді Қызылорда су тасқынынан қорғалып отыр. Жыл сайын біз бөгеттер салуға, судан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіруге қомақты қаржы жұмсайтынбыз. Көксарай қазірдің өзінде мол су қабылдап жатыр және бұл игі іс бізге Сырдарияның төмен жағындағы су тасқынының алдын алуға мүмкіндік беріп отыр», - деп атап көрсетті Елбасы өз сөзінде.
1 жыл бұрын (2010) Елбасы Шымкентте «Азия Керамик» ЖШС-нің керамогранит зауытын ашты. Бұл - үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жобаларының бірі.
Зауытта итальяндық жабдықтар орнатылған. Бұл жабдықтардың мүмкіндіктерін жақсы зерттеп шыққан осы салада үлкен тәжірибеге ие түріктің «Seramist Toprak Sanai Ve Tigaret Limited Sirketi» фирмасының мамандары Шымкенттегі жобаны жүзеге асыруды қолға алып отыр. Нысанның құны - 35 миллион долларға жуық, қаржының басым бөлігін - 31,8 миллион доллар соманы - несие түрінде Қазақстанның Даму банкі беріп отырса, қалған 4 миллион долларды - түрік инвесторлары салып отыр.
1 жыл бұрын (2010) Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақ тіл білімі антологиясының таныстырылымы болды. 45 томдық басылымда қазақстандық ғалымдардың, жоғары оқу орны оқытушыларының және «Қазақ тілі» қоғамы белсенділерінің қазақ тіліне арнаған зерттеулері мен мақалалары жарияланып отыр.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1936-1999) металлург, техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының кореспондент мүшесі, Қазақ КСР-інің құрметті өнертапқышы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Минералды ресурстар академиясының және Халықаралық минералды ресурстар академиясының академигі ӘБІШЕВ Жантөре Нұрланұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.
1957-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Химия-металлургия институтының кіші ғылыми қызметкері, аспиранты, ғылыми хатшысы, зертхана меңгерушісі, директорының орынбасары, директоры. 1983-1988 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Орталық Қазақстан бөлімшесінің академик хатшысы. 1992-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі Ғылыми-ұйымдастыру басқармасының бастығы. 1993-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Минералды шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының бас директоры қызметтерін атқарған.
370-тен астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде 8 монографияның авторы. АҚШ, Канада, ГФР, Австралия және тағы да басқа елдердің 50-ге жуық патенттерін және авторлық куәлігін алған. 11 техника ғылымының кандидатын, 2 докторын даярлаған. Негізгі ғылыми еңбектері түсті және сирек металдар металлургиясын зерттеуге арналған. Ол құрамында пирит бар полиметалл шикізатын термомагниттік жолмен байыту, сульфид концентраттарын автоклавта кремнийден арылту технологиясын жасап, тотыққан минералдарды гидротермдік жолмен сульфидтеу әдістерін ұсынды.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
НАУРЫЗДЫҢ 19-Ы, СЕНБІ
Ресейдің сүңгуір-теңізшілері күні. 1906 жылы Ресей императоры ІІ Николайдың жарлығымен әскери флот қайықтары қатарына жаңа су асты қайығы дәрежесi қосылды.
ОҚИҒАЛАР
1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев статистика қызметі саласындағы құқықтық негіздерді, мемлекеттік статистика органдарының және респонденттердің өзара қарым-қатынастары мен өзара іс-қимылын анықтауға бағытталған «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілерін «Мемлекеттік статистика туралы» Заңға сәйкестендіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика және салық салу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1941) «Сарыарқа» кешенді дамыту орталығының атқарушы директоры САТБАЕВ Қабылтай Дәуітқұлұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын (қазіргі Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті) бітірген.
1967-1969 жылдары - Қазақ КСР Қаржы министрлігінде, Алматы облыстық қаржы бөлімінде экономист. 1969-1971 жылдары - әскерде қызметте болған. 1971-1972 жылдары - кеңшардың бас экономисі. 1972-1988 жылдары - Қазақ КСР Мәдениет министрлігі Өндірістік-экономикалық басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы. 1988-1993 жылдары -Қазақстан Республикасы Туризм, денешынықтыру және спорт министрлігі Мемлекеттік спорт комитеті басқармасының бастығы. 1993-1996 жылдары - «Контрактбанк» банк басқармасының төрағасы. 1996-1998 жылдары - «Жаңа астана» республикалық бюджеттен тыс қорының директоры қызметтерін атқарған.
1998 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
2002-2006 жылдары - «Альянс Банк» акционерлік қоғамы Директорар кеңесінің мүшесі болған.
35 жыл бұрын (1976) боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, Қазақстан - Куба боксшыларының арасында өткен жолдастық кездесудің және Варшавада өткен Ф.Штамм атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы, әлем чемпионатының, ХXVІІ-ші Олимпиадалық ойындарының күміс жүлдегері ДІЛДӘБЕКОВ Мұхтархан Қабыланбекұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында туған. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетін, Қожа Ахмет Иасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Университет қабырғасында жүріп бокспен айналыса бастаған, оның алғашқы жаттықтырушысы Нұрғали Сафиуллин.
XII Азия ойындарының жеңімпазы, Бангкок қаласы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Хьюстон қаласы (АҚШ), Сидней олимиадасыныи күміс жүлдегері, Шығыс Азиялық ойындарының жеңімпазы, Осака қаласы (Жапония), XV Азиялық ойындарының күміс жүлдегері, Доха қаласы (Катар), Афина олимпиадасына қатысқан. 1998-2000 жылдары - «Локоматив» теміржол денешынықтыру және спорт клубының әдіскер-нұсқаушысы, «Локоматив» спорт клубының спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы. 2000-2007 жылдары - Облыстық кешенді жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушы-ұстазы. 2007-2008 жылдары - №5 Шымкент қалалық мамандандырылған бокстан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметтерін атқарған.
2008 жылдан наурызынан бастап - Оңтүстік Қазақстан облысының бокстан олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің директоры қызметін атқарады.
Оңтүстік Қазақстан облысының, Мақтарал ауданының Құрметті азаматы.
«Парасат» орденімен, медальдармен марапатталған.
НАУРЫЗДЫҢ 20-Ы, ЖЕКСЕНБІ
Халықаралық франкофония күні. Бұл - француз тілінде сөйлейтін елдердің мейрамы. Бүгінгі таңда бірнеше күнге созылатын франкофония мерекесі, күнделікті француз тілінде сөйлесетін әлемнің 47 елін біріктіреді. Ал осы франкофония терминін тұңғыш рет француздық ғалым-географ Элизе Реклю қолданған болатын. 1970 жылғы наурыздың
20-ы күні Нигер астанасы Ниамей қаласында бүкіләлемдік франкофония ұйымы құрылды.
Ұйымның негізгі мақсаты барлық француз тілін сүюшілердің басын біріктіру, француз және франкотілдес елдердің мәдениетін тарату және танымал болуына жәрдем беру еді. Әдетте осы мереке күндері ғылыми конференциялар, филологиялық семинарлар, концерттер, таныстырылымдар, пікірсайыстар өтеді.
Бүкіләлемдік астрология күні. Астрология (грек тілінде astron - «жұлдыз» және logos - «сөз, ілім») - жер шарына және адамға жұлдыздардың әрекет етуі туралы ілім.
Астрология ежелде қалыптасқан, жұлдызды ғибадатпен және жұлдызды аңызбен тығыз байланысты. XX ғасыр аяғында батыс жұлдызшылары астрология күнін наурыздың 20-ында, астрономиялық және астрологиялық жыл басталған уақытта атап өтуді ұсынды. Күн бұл кезде тоқты белгісіне енеді (көктемгі күн мен түннің теңесу күні 20-21 наурызға сәйкес келеді).
Планетарийлер күні. Ең алғашқы рет 1990 жылы Италияда өткізілген. Халықаралық мәртебеге 1994 жылы француздық «астрономия шіркеуі» қолдағаннан кейін ие болған. Бір жылдан соң бұл мейрамды Еуропаның басқа елдерінің планитарийлері қолдады. Көктемгі күн мен түннің теңесу күніне таяу жексенбіде тойланады.
Бұл мейрамды өткізу мақсаты - қоғамды планетарийлер қызыметімен таныстыру және астрономиялық білімді насихаттау.
ОҚИҒАЛАР
50 жыл бұрын (1961) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумның Жарлығымен Ақмола қаласының (1830-1961) атауы Целиноград (1961-1992) деп өзгертілді.
1998 жылғы 6 мамырда Елбасының жарлығьмен Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласы болып аталды, ал 20 мамырда «Казақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
3 жыл бұрын (2008) Алматыда Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев туралы «Тұлға» атты орыс тіліндегі естеліктер кітабының тұсаукесері өтті.
Кітапта ұлы тұлғаның қызметтес әріптестерінің, көз көрген еңбек адамдарының, қоғам қайраткерлерінің естеліктері беріліп, Дінмұхамет Ахметұлының азаматтық тұлғасы, адамгершілік қасиеттері, кісілік келбеті, қызметтегі бейнесі көрініс тапқан. Сонымен қатар бұған дейінгі еңбектерде болмаған Қонаевтар отбасының құнды суреттері берілген.
2000 данамен шыққан туынды «Санат» баспасының директоры, белгілі қаламгер Серік Әбдірайымұлының құрастыруымен жарық көрген. Кітаптың таныстырылымына қатысқан Кеңес Аухадиев, Роза Ахметқызы, Элдар Қонаев, т.б әріптестері мен туыстары естеліктер айтты. Кітаптың құрастырушысы Серік Әбдірайымұлының сөзіне қарағанда, Қонаев жайлы қандай пікір айтсақ та жарасады. «Біз әлі Димекең жайлы жан-жақты айта алмай жатырмыз. Ол болашақтың ісі ғой деп ойлаймын. Бүгінгі кітапта әртүрлі саладағы Димаш Ахметұлымен бірге қызмет істеп, көзін көрген қарапайым жұмыскерден Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының естеліктеріне дейін берілген», деді жазушы. Бұған дейін ұлы тұлғаның өз қаламынан туған қазақ-орыс тілдеріндегі «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан аттауға болмайды» шығармалары, сондай-ақ Серік Әбдірайымұлының «Елу жыл ел ағасы» атты еңбегі жарық көрген болатын.
3 жыл бұрын (2008) Астанадағы «Риксос» қонақүйінде сенатор, жазушы Ғарифолла Есімнің «Жар жағасы» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Кітаптың бірінші бөлімінде Адам ата мен Хауа ана, Платон, Шыңғыс хан жайлы, Кеңес үкіметі кезіндегі оқиғалар мен 30-шы жылдардағы ашаршылыққа байланысты новеллалар топтастырылса, екінші бөлімде Қорқыт ата, Қожа Ахмет Ясауи, Руми, Жүсіпбек Аймауытов, Уильям Фолкнер, Шыңғыс Айтматов жайындағы эсселер бар.
Шығармаларда көбіне адам мен оның болмысы туралы толғаныстар, философиялық көркемдік дүниетаным, символикалық мазмұн, сезім, ой, тіл, көркемдік логика сияқты дүниелердің барлығы да бір идеяға таңылған.
1 жыл бұрын (2010) Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тұй-ұқұқ және Теркін атты байырғы түркі ескерткіштерінің ашылу салтанаты өтті.
Түркі қағанатының бас қолбасшысы болған Тұй-ұқұқ атты батыр тұлғаның ерлік істері туралы баяндайтын екі тас ұстыны Күлтегін ескерткішінің жанында орналасса, Біріккен түркі қағанатын құрған Ел-етміш Білге Тұр-айын есіміне арналған Теркін ұстынының бірінші ескерткіші Еуразия ұлттық университетінің «Жазу тарихы» мұражайында қойылды.
Тұй-ұқұқ (646 - 738 ж.ж.) - Елтеріс Құтлұғ қағанмен бірге 679 жылы Тан патшалығына қарсы көтеріліп, II Түркі қағанатын орнатқан тұлға. Ол үш бірдей қағанның - Елтеріс Құтлұғ, Қапаған және Білге қағанның кеңесшісі әрі қағанат әскерінің бас қолбасшысы болған.
Зиялы қайраткер «ел абызы» атанған. Тұй-ұқұқ - шығыста Тан патшалығының солтүстігіндегі Шандунға, ал батыста Темір қақпаға (Дербент) дейінгі аралықта 10 мың шақырымдық жорық жасап, 22 мәрте алапат соғысқа қатысып, атақ-даңққа бөленген қаһарман сардар. Аталған ескерткіш қазіргі Моңғол жеріндегі Тул дариясының бойында 739 жылы орнатылған. Ескерткіштерді жасанды тастан қашап шығарған алматылық шебер - Қырым Алтынбекұлы.
Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін ұлы қолбасшы, түркі тарихының жарқын тұлғасы Күлтегін батырдың өміріне арналған деректі фильм көрсетілді.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1931-1996) ғалым, геология ғылымдарының кандидаты, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері ҚЫДЫРБЕКОВ Латиф Өмірбекұлы дүниеге келді.
Ақмола облысы Қорғалжын ауданында туған. Мәскеу геология-барлау институтын бітірген. 1962-1965 жылдары - Қазақ КСР-і Геология министрінің көмекшісі, 1969-1974 жылдары - Қазақ КСР-і Геология министрінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 1994 жылдан өмірінің соңына дейін «Алтынгео» акционерлік қоғамының вице-президенті болды. Ол Ақтоғай, Айдарлы мыс кен орындарын және Ақбақай алтын кенді ауданын барлауға және ашуға үлкен үлес қосқан. Қазақстан металлургиясында жаңа шикізат базасын құрғаны үшін Л.Қыдырбековке 1986 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1951) «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті» мемлекеттік мекемесінің бастығы ЕСКЕНДІРОВ Жұмабай Жұмаділдәұлы дүниеге келді.
Ақмола (Астана) қаласында туған. Свердловск өрт-техникалық училищесін, Целиноград инженерлік-құрылыс институтын (қазіргі Л.Гумилов атындағы Еуразия ұлттық университеті) бітірген.
Кеңес Армиясы қатарында қызмет еткеннен кейін №11281 әскери бөлімінің өрт сөндіру тобының күзет бастығы, өрт сөндіру командасы бастығының көмекшісі. 1973-1996 жылдары - Целиноград облыстық атқару комитеті Ішкі істер бөлімі өрттен қорғау басқармасының бастығы, бөлім бастығы, Целиноград облысы Целиноград аудандық атқару комитеті Ішкі істер бөлімінің өртке қарсы қызмет бөлімінің бастығы, инспекторы.
1996-1998 жылдары - Ақмола облысы Ішкі істер басқармасы жанындағы мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасының бастығы. 1998-2005 жылдары - Ақмола қаласы мемлекеттік өртке қарсы қызметінің бастығы, Астана қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы қызметтерін атқараған.
2005 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, I,ІІ,ІІІ дәрежелі «За безупречную службу», «Лучшему работнику пожарной охраны», «60 лет Вооруженным силам СССР», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Республикасының Конституциясиясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Төтенше жағдайлар органдарының ардагерi», «70 лет Пожарно прикладному спорту», «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медальдарымен, «За отличную службу в МВД СССР», «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар агенттігінің еңбек сіңірген қызметкері» төс белгілерімен, «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің Құрмет грамотасымен, Астана қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталған.